Өлгендерге Құран бағыштау – барлық мұсылман әлемінде кең таралған. Ол өмірден өткен ата-бабаларымызды еске алу үшін жасалған ғибраты мен хикметі мол құлшылық. Екіншіден, Құран бағыштау жаназа шыққан үйге өзіңнің оның қайғысын бөліскеніңді білдіреді. Ел ішіндегі «қайғыны бөліссең азаяды» деген қанатты сөз осыған арналған деуге болады. Шариғатқа ешқандай да қайшы келетін тұстары жоқ.
Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар «Құран Кәрім оқылғанда, Алла Құран оқығанға да, оны тыңдағанға да, сауап жазады. Сондықтан егер, оқушылар мәйітке Құран бағыштаса, Алла оқушыларға берген сауабын кемітпестен мәйітке де жазады» дейді.
Сонымен қатар, Құранда «ал, кейінгі келгендер өздерінен бұрын өтіп кеткен ата-бабаларына дұға оқып: Раббымыз, бізді және бізден бұрын иман келтірген дін бауырларымыздың күнәларын кешіре гөр…..»- деп, бұйырылған (Хашыр сүресі, – 10 аят).
Пайғамбардың (с.ғ.с) өзі кейбір сүрелерді мәйітке оқудың артықшылығы мен пайдасын айтқан. Мысалы «Ясин сүресін оқысаңыз, мәйіттің азабы жеңілдейді»-, деген (Имам Махмад Муснади).
«Адам баласы қайтыс болса, оның істеген сауап амалдары тоқтайды, бірақ оның үш нәрсесі тоқтамайды: Садақа-и жария (жақсы іс), перзентінің оған жасаған дұғасы және пайдалы ілім (Бұхари, Муслим, Абу Дәуіт, Тирмизи).
Жоғарыдағыларды ескере отырып, Сіздің досыңыздың көзқарасы Құран мен Сүннетке сай келмейтінін және шариғат амалдарын дұрыс оқымағанын білдіреді.