Құранға дейін түскен қасиетті Тәурат, Забур, Інжіл кітаптары адамдар тарапынан қанша бұрмаланып өзгертілсе де[1], олардан бетінен соңғы Пайғамбардың келетіні жайлы ашық немесе тұспалды аяттарды кездестіруге болады.
Барша пайғамбарлар өз міндеттерін толық атқарып, өздерінен кейін ең соңғы пайғамбардың келетін хабарын білдіріп, сүйіншілеп кеткен. Алла тағала пайғамбарлардың барлығына осы сүйіншіленген соңғы пайғамбарға иман келтіріп, жәрдем етуді бұйырды. Ол жайлы Құранда былай деп айтылады:
وَإِذْ أَخَذَ اللّهُ مِيثَاقَ النَّبِيِّيْنَ لَمَا آتَيْتُكُم مِّن كِتَابٍ وَحِكْمَةٍ ثُمَّ جَاءكُمْ رَسُولٌ مُّصَدِّقٌ لِّمَا مَعَكُمْ لَتُؤْمِنُنَّ بِهِ وَلَتَنصُرُنَّهُ قَالَ أَأَقْرَرْتُمْ وَأَخَذْتُمْ عَلَى ذَلِكُمْ إِصْرِي قَالُواْ أَقْرَرْنَا قَالَ فَاشْهَدُواْ وَأَنَاْ مَعَكُم مِّنَ الشَّاهِدِينَ
«Есіңе ал! Сол кезде Алла пайғамбарлардан былай деп уәде алған болатын: Сөзсіз сендерге кітап пен хикмет бердім. Кейіннен қастарыңдағыны растайтын бір пайғамбар келген кезде, оған сөзсіз иман етіп, оған сөзсіз жәрдем етесіңдер. Осы шешімді мақұлдап, осы салмақты сөзімді қабыл еттіңдер ме?» (Бәрі бірауыздан) «Қабыл еттік», – деді. Олай болса, Мен де сендермен бірге куәгермін»[2].
Әзірет Әли (р.а.) мен Ибн Аббастан осы аятқа қатысты мынадай хабар келген: «Алла тағала әр пайғамбардан Мұхаммед (саллалаху әлейхи уә сәлләм) келген кезде көздері тірісінде міндетті түрде оған иман келтіріп, жәрдем ететіндіктеріне қатысты сөз алған, әрі оларға үмбеттерінен Мұхаммедтің (с.ғ.с.) (пайғамбарлық) кезеңіне жетсе оған иман келтіріп, жәрдем ететіндіктеріне қатысты да уәде алуды бұйырған[3]. Хақ тағала адамзаттың ардақты тұлғасының сипаттары бұрынғы пайғамбарларға түсірілген қасиетті кітаптарда анық та айқын білдірілген.
Яһудилер мен христиандардың Алланың ақырғы елшісінің келетіндігі жайлы хабардар болғандығы тарихи құжаттарда анықталған. Алайда қилы-қилы тарихи жағдайлардың себебімен негізгі нұсқасы сақталмай, көптеген өзгерістерге ұшыраған. Соған қарамастан Тәурат пен Інжілдерді мұқият зерттегенде Хақ елшісінің көптеген сипаттары мен белгілерін қазір де табуға болады[4].
«Көне өсиеттегі» мына аят соңғы Пайғамбардың аты мен дінін ашық білдіруде:
«Және мен бүкіл халықтарды дүр сілкіндіремін, сосын бүкіл халықтардың ХИМДАСЫ (Қалаулысы) келеді және бұл құлшылық жерін даңқпен толтырамын… менің бұл үйімнің даңқы әуелгісінен де жоғары болады дейді адамдардың мырзасы; және бұл жерде ШАЛОМ беремін дейді әскерлердің мырзасы» (Аггей, ІІ, 7-9).
Негізі еврей тіліндегі «Химда» сөзі арабшадағы бір түбірден (ХМД) тарайтын «Ахмад» сөзінің дәл өзі болса, ал «Шалом» сөзі «Ислам» екендігі ашық көрініп тұр. Алайда бұл сөздер басқа тілдерге аударылған кезде басқаша мағыналар беріліп кетеді.
Құран кәрімде хазірет Исаның (а.с.) Пайғамбарымызды сүйіншілегені жайлы:
وَإِذْ قَالَ عِيسَى ابْنُ مَرْيَمَ يَا بَنِي إِسْرَائِيلَ إِنِّي رَسُولُ اللَّهِ إِلَيْكُم مُّصَدِّقاً لِّمَا بَيْنَ يَدَيَّ مِنَ التَّوْرَاةِ وَمُبَشِّراً بِرَسُولٍ يَأْتِي مِن بَعْدِي اسْمُهُ أَحْمَدُ فَلَمَّا جَاءهُم بِالْبَيِّنَاتِ قَالُوا هَذَا سِحْرٌ مُّبِينٌ
«Сол уақытта Мәриямұлы Иса: «Ей, Израил ұрпақтары! Шын мәнінде, мен сендерге жіберілген Аллаһтың елшісімін, менен бұрын келген Тәуратты растаушы және сендерді менен кейін келетін «Ахмед» атты пайғамбармен сүйіншілеймін» деген еді. Бірақ (айтылған) Пайғамбар оларға айқын дәлелдермен келген кезде: «Бұл ап-айқын сиқыршы» деді»[5]деп хабар берсе, Таурат пен Інжілде бұны растайтын көптеген дәлелдерді көруге болады.
Негізінде Грек тіліндегі Юганна Інжіліндегі «Paracletos» сөзі хазірет Исаның сөйлеген арамей тіліндегі Химда немесе Хәмида сөзінің грекше аударылған түрі[6]. Сонымен қатар, Фарақлит – «хақ пен жалғанның ара жігін ажыратушы» деген мағынаны да береді. Алла елшісі (с.ғ.с.) адамдардың тура жолға түсуі үшін аянбай күресіп ақиқат пен жалғанды бір-бірінен ажыратты. Осылайша хазірет Исаның хабар беріп, сүйіншілеген Фарақлиті – Алланың ақырғы елшісі хазірет Мұхаммед (саллалаху әлейхи уә сәлләм) болды.
Юганна Інжілінде:
«Егер мені жақсы көрсеңдер, бұйрықтарыма бас иіңдер! Мен Раббыма жалбарынамын. Ол сендерге үнемі өздеріңмен бірге болу үшін менен басқа бір жұбатушы, ақиқат рухын береді», – делінеді (14:15–16).
Юганна Інжілінің тағы бір бабында: «Ол – Ақиқат Рухы (Фарақлит) келген кезде сендерді тура жолға салады. Өйткені ол өздігінен емес, естігендерін (оған білдірілгендерін) ғана айтады. Ол менің даңқымды шығарады…» (16:13-14)
Бұл жерде Пайғамбарымыздың өздігінен емес, Алланың білдірген уахи арқылы сөйлейтіндігі айтылады. Пайғамбарымыздың оқу-жазу білмеген «умми» болғандығы, дінге қатысты мәселелерде Алланың көкейіне салған уахиі арқылы сөйлегендігі Құранда:
وَمَا يَنطِقُ عَنِ الْهَوَى {3} إِنْ هُوَ إِلَّا وَحْيٌ يُوحَى
«Ол өз ойынан емес, көкейіне салынған уахи арқылы ғана сөйлейді»[7] деп баяндалған.
Пайғамбарымыз шын мәнінде хазірет Исаны дұрыс танытты. Бүкіл мұсылмандар оны ең Ұлы пайғамбарлардың қатарына қосып, ерекше құрметтейді.
Зәбур, 72., Баб, 8 және оның жалғасында Пайғамбарымыздың бірнеше сипатын баяндай келе былай делінген:
«Ол үшін үнемі дұға етіп, күнде мадақтайды. Есімі мәңгілікке ұласып, Күнмен бірге мәңгі-бақи шам-шырақ болып жанады. Адамдар Сол арқылы мүбәрак болады. Барша адамзат Оны «мүбәрак» деп айтады».
Бұл жердегі «Ол үшін үнемі дұға етіп, күнде мадақтайды. Есімі мәңгілікке ұласып, Күнмен бірге мәңгі-бақи шам-шырақ болып жанады» сөйлемінің хазірет Мұхаммед (саллалаху әлейхи уә сәлләм) жайлы екендігі көрініп тұр. Өйткені Оның есімі күнделікті бес уақыт азанда әлемнің түкпір-түкпірінде сәт сайын жаңғыруда және ақиретке дейін осылай болары сөзсіз. Ал бұндай ерекшелікті басқа пайғамбардан көрсету мүмкін емес.
1944 жылы Лондонда басылған Тәураттың бесінші кітабының арабша аудармасының бір жолында: «Алла адамзатқа Синада жақындады. Сайрда шағылды. Фаран тауларында көрініп, өзінің біртұтас толықтығын жария етті» (Сифр, Тәсния, Баб: 33:2) деген аят бар.
Бұл жердегі «Алла адамзатқа Синада жақындады» сөзіндегі негізгі мақсат – Алла тағаланың хазірет Мұсамен Синада тілдесіп, дін мен тәухидтің осы тауда келгенін білдіреді. Са‘ир – Палестина жері. Сол жерде Алланың рақымдылығы уахи жолымен келіп, хазірет Иса мен оның айналасындағы жандарды түгелдей шарпыды.
Фаран тауының Хижаз аймағында екендігін кітап иелері де толық растайды, өйткені олар хазірет Исмаил мен Хажар Фаран шөлінде еді дейді. Бұл жердің Мекке болғаны белгілі. Мұнда бірден үш пайғамбар: Мұса, Иса және соңғы пайғамбар Мұхаммед (саллалаху әлейхи уә сәлләм) туралы айқын айтылған.
Негізінен июдейлердің Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хақ елшісі екендігін білгендіктеріне қатысты ислам тарихы құжаттарында көптеген дәлелдер бар. Исламнан бұрын Мәдина қаласында баяғыдан бері бір-бірімен көршілес тұрған июдейлер мен арабтардың арасында кикілжіңдер жиі-жиі туындайтын. Яһудейлер жеңіліп қалған кезде: «Біздің айтып жүргендерімізді растайтын бір пайғамбардың келетін уақыты жақындап қалды. Біз онымен бірлесе отырып, сендерді әлі-ақ Ад пен Ирам халқы секілді түбірлеріңмен жоямыз» дейтін, әрі «Уа, Раббымыз, сипаттарын Тауратта оқып көрген ақыр заманда жіберілетін пайғамбармен бізге жәрдем етіп, қолдай гөр!» деп ақырғы елшінің құрметі үшін Жаратқанға қол жайып, дұға тілейтін. Алайда ақырғы Пайғамбар (с.ғ.с.) келген кезде, ол өздерімен бірге болып, оның басшылығында арабтарды жеңіп, әлемге үстемдік етеміз деп ойлады. Алайда Хақ пайғамбар олардың дүниеге үстемдік ету аңсарларына қызмет етпей, шовинистік түсініктерін терістеп, адам баласының барлығын тең санағандықтан, шындықты біле тұра оған жауласты[8].
Мына бір таңғаларлық жайтты де айта кету керек. Тіпті Үндістердің бүкіл үлкен кітаптары соңғы пайғамбар жайлы хабар берген. Ол хабарлардың ішінде Пайғамбарымыздың көптеген сипаттары, өмірі, хазірет Ибраһим, Бәккә (Мекке), сонымен қатар, Пайғамбарымыздың аты Махамед, Мамах және Ахмед түрінде берілген. «Махамед» аты Пураналарда, «Мамах» аты Атһарва Веданың Кунтап Суктта бөлімінде, «Ахмед» аты Сама Ведада кездеседі.
Негізінде, Ведаларда Пайғамбарымызға байланысты көптеген аяттар бар. Алайда кейбір еуропалық және үндістандық Веда аудармашылары соңғы пайғамбардың атын білдіретін есімдерді шығарып тастаған. Сонымен қатар, Оның өмірі, Қағба, Мекке, Мәдина, Аравияға байланысты аяттар тазару рәсімдері мен Үндістандағы жерлер мен өзен атаулары сияқты үнді терминдері берілу арқылы өзгертілген[9].
Осы тұста аздап бертінгі заманға шегініс жасап, мына оқиғаларды айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Пайғамбарлар падишасы – хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бұрынғы кітаптарда баяндалған сипаттары, тіпті атының өзі бір тілден екінші тілге аударылу барысында өзгеріп, кейде мақсатты түрде өзгертіліп кеткен, сонда да шындықты іздеген ақиқатшыл өзге дін қызметкерлерінің арасынан Тәурат пен Інжілдегі хазірет Пайғамбарға қатысты нақты дәлелдер тауып, хаққа бас игендері де аз емес. Солардың екі-үшеуін ғана мысалға бере кетейік.
Бұл оқиға – орта ғасырларда Испанияда орын алған Абдулла[10] Тәржуман әл-Майоркидің басынан өткен хикаясы. Ол Майорка қаласында христиан отбасында дүниеге келеді. Әкесі оны 6 жасынан бастап дін адамының қолына тапсырады. Ол 2 жыл Інжіл оқып, жартысын жаттап алады. Одан кейінгі екі жылда Інжіл сөздіктерімен қоса логиканы оқып, игереді. Содан кейін Каталония аймағындағы христиандардың орталығы саналған Лареде діни білімін шыңдайды. Сол жерде танылып, Інжілден сабақ бере бастайды. Кейін Нәбунә қаласына кетеді. Ол жерде христиандардың арасында «Никола және Мертил» ретінде аты шыққан дінбасының шіркеуіне барып, ілім алады. Ұстазы оны жақсы көріп, сеніміне әбден кіргені сонша – өзінің арнайы бір бөлмесінің тысындағы барлық жердің кілтін тапсырып қоятын.
Күндердің бір күні ұстазы ауырып қалып, сабақты өзі өткізуіне тура келеді. Сабақтың үстінде шәкірттер арасында Інжілдегі Иса пайғамбардан кейін келетін «Парақлит» мәселесінде пікірталас туындап, әркім әртүрлі пікірді айтып жатады. Абдулла та өз білген пікірін айтып, шәкірттер ортақ тұжырымға келе алмай тарқасады. Сабақ аяқтала салысымен, ол мәселенің төркінін білу үшін ұстазының үйіне тартады. Әбден қартайған ұстазы, көз жасына булыға отырып, шындықты баяндап, Інжілде баяндалған ол тұлғаның мұсылмандар сенетін Мұхаммед пайғамбар екенін, егер шындықты қаласа, ол жерден кетіп, мұсылмандардың арасына барып, ақиқатты үйренгенінің жөн екенін, мұсылмандықты қабылдаған адамның екі дүниеде бақытқа кенелетінін айтып, шәкіртінің көзін жеткізеді.
Ұстазының айтуы бойынша, ол Тунус еліне аттанады. Ол кезде Тунустың әмірі Мәулана Әбу Аббас Ахмет болған екен. Әмірге мұсылмандықты қабылдағандағы ниетінің шынайы екенін көрсету үшін сол қалада өзін танитын дін адамдары мен саудагерлерді шақыртып, өзі жайында сұрауын өтінеді. Әмір: «Сен кезінде Абдулла ибн Сәләмнің Пайғамбарымыздан өтінгеніндей өтініш жасаудасың», – деп тілегін орындайды. Қаладағы дін адамдары мен саудагерлерді шақырып, өздеріне жақында көшіп келген христиан ғалымы (Абдулла) жайлы пікірлерін сұрастырған кезде, барлығы тегіс оның ардақты, абыройлы, іштеріндегі ең білімді адам екенін айтады. Сол кезде әмір олардан: «Егер оның мұсылман болғандығын естісеңдер, не дер едіңдер», – деп сұрағанда, ондай жағдайдың болуы мүмкін еместігін айтады. Сол кезде жасырынып тұрған Абдулла елдің алдына шығып, барлығының көзінше мұсылмандықты қабылдағандығын жариялайды. Діндес бауырлары оның үйленуге бола осындай қадамға барғандығын айтып, шығып кетеді, өйткені христиан дін адамдарына үйленуге рұқсат берілмейтін. Міне, осы испандықтың мұсылмандықты қабылдауы дәл кезінде яһудилердің арасында саусақпен нұсқап көрсететін Абдулла ибн Сәләмнің мұсылмандықты қабылдау оқиғасымен бірдей болған еді. Оның Абдулла атын алуы да содан. Кейін ол ислам дінін қабылдап христиандыққа қарсы кітап жазады. Кітабы «Тухфатул әриб фи рәдди ала әхли ас-салиб» деп аталды[11].
Бұрынғы аты Дэвид Бенжамин Келдани болған Абдулахад Давуд Келдани мәзһабының Рим Католик шіркеуінің монахы (рахиб) еді. Ол 1867 жылы Иранның Үрмия қаласында христиан отбасында дүниеге келген. 1886 жылдан бастап үш жыл бойы сол қалада Сурияни христиандарын оқытатын Жантербург Бас епископтық миссия ұйымында мұғалім ретінде қызмет атқарды. Ерекше дарындылығын байқаған батыстық миссионерлер оның білімін шыңдағанын қалайды. 1892 жылы Кардинал оны Propaganda Fide College-ге діни-философиялық зерттеулер жүргізу үшін Римге жолдайды. Үш жылдан кейін ол дін қызметшісі дәрежесіне көтерілді.
Христиан дін ғалымы ретінде белсенді қызмет атқарған, миссионерлік қызметтерге де араласқан Дэвидтің көңіліне христиандықтың ақиқаттығына қатысты күмәндар туындай бастады. Сөйтіп, 1900 жылы жазғытұрым елден жырақтап, құлшылық пен терең ойға беріле отырып, бір ай бойы Киелі кітапты негізгі (түпнұсқа) тілінен оқиды. Нәтижесінде, ол Үрмиядағы Бас епископқа өтініш жазып, қызметтен кетеді.
Кейіннен Стамбулда шейх әл-ислам Жамалуддин эфендимен, өзге де Османдық ғалымдармен пікір таласа жүріп Ислам дінін қабылдап, Алла тағаланың жалғыз-даралығын қабыл еткендігінің белгісі ретінде атын Абдулаһад Дәуіт деп өзгерткен.
Ибрани (иврит), сурияни, арамей және грек тілдерін жетік білген Бенжамин ескі діндерді негізгі қайнар көзден оқып-білуіне оң жағдай жасады. Араб тілі мен ислами мәселелерді де меңгеруі оның ақиқатқа деген құлшынысын арттырып, ислам дінін қабылдады. Ол өз христиандық ғылыми тәжірибесінің негізінде Тәурат пен Інжілде кездесетін адамзаттың асылы – Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) қатысты көптеген ишараттарды тауып , арнайы бір кітап етіп жариялады[12].
Осы ретте кезінде июдей отбасынан шығып, хақ дін исламды қабылдаған алдыңғы аты Леопольд Вейсс (1900-1992) болып, исламды қабылдағаннан кейін ардақты елшінің құрметіне атын Мұхаммед, ал тегін «арыстан» мағынасына келетін Әсәд деп өзгерткен бақытты жанның есімін де атай кеткен жөн. Исламды танығаннан кейін оның да өмірі күрт өзгеріп, өмірін исламға қызмет етуге арнаған-ды[13].
Ислам дінін қабылдаған Махачкала синагогының бұрынғы раввині М. Кривицко бұл ақиқатты былайша мойындайды: «…Тәуратта «келесі пайғамбарға еріңдер» деген илаһи тіркес бар, мұны діннен хабары бар адамдардың бәрі біледі. Мен исламға назар салғанда, оның Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) екенін анық білдім. Бұл – қасиетті кітаптарда жазылған талап. Менің ойдан қосқан ештеңем жоқ»[14].
Тіпті 2012 жылы 23 наурызда жарық дүниемен қош айтысқан Католик шіркеуінің Стамбулдағы Түркия өкілі Г. Моровичтің (George Marovitch) де мұсылмандықты мойындағандығына қатысты мәліметтердің түрік баспасөзінде көптеп жарияланғандығы да ерекше назар аудартады. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Алайда әңгімеміздің негізгі арқауынан ауытқымау үшін, бұл мәселені осы тақырыпқа қатысты арнайы жазылған кітаптардың еншісіне қалдырайық.
Пайғамбарымыздың кезеңінде орын алған оқиғалар
Ілімі арқылы Жаратушының жарлығына құлағы түрік кісілерден бөлек, көкірек көзі ашық жандар да іштей сезіп, әлемге нұр шаша келер пайғамбарды күтуде болатын. Сол кездегі еврей мен христиан атаулы Соңғы Пайғамбарымыздың түр-түсін, ерекшеліктерін жақсы білетін. Құран Кәрім осы ақиқат жайлы былай дейді:
الَّذِينَ آتَيْنَاهُمُ الْكِتَابَ يَعْرِفُونَهُ كَمَا يَعْرِفُونَ أَبْنَاءهُمْ وَإِنَّ فَرِيقاً مِّنْهُمْ لَيَكْتُمُونَ الْحَقَّ وَهُمْ يَعْلَمُونَ
«Өздеріне кітап бергендеріміз оны өз ұлдарын танығандай таниды. (Бұған қарамастан) олардың бір тобы, біле тұра шындықты жасырады» («Бақара» сүресі, 146).
Абдулла ибн Сәләмнің мұсылман болуы бұны растайды. Ол – яһуди (еврей) ғалымдарының арасындағы ең беделді, аса парасатты тұлға еді. Пайғамбарымыздың нұрлы жүзіне мұқият қарап «мынадай пәк келбетте иненің жасуындай да жалған жоқ» деп, кітаптан оқыған белгілерін танып, мұсылман болып еді. Кейіннен Омар (р.а.) одан Пайғамбарымыз жайлы: «Оны өз балаңдай танитын ба едің?» – деп сұрағанда, ол: «Өз баламнан да артық танитынмын. Балама шек-шүбә келтіруім мүмкін, бірақ Алла елшісінің ақырғы пайғамбар екендігіне күмәнім болған емес», – деп жауап берген еді[15]. Мұсылман болғаннан кейін Тәурат бойынша да соңғы пайғамбардың Мұхаммед (с.ғ.с.) екендігін айтып иманға шақырғанда, қырсықтық пен қыңырлыққа салынған руластары теріс айналып кеткен-ді[16].
Бұған Сәлман әл-Фарисидің өмірі де дәлел. Мұсылман болғанға дейін ол да көптеген ирандықтар секілді отқа табынатын мәжуси еді. Алайда бара-бара хақ дінге деген құштарлық пайда болды. Сол дінді тапсам, табыссам деп ынтықты. Кейін сол аймақтағы христиандардың ықпалымен христиандықты қабылдады. Артынша христиандықты үйрену үшін үйінен қашып Сирияға келді. Ол жерде бірнеше монахқа шәкірт болды. Ең соңғы ұстазы көз жұмарында оған соңғы Пайғамбардың келуіне аз уақыт қалғандығын, Оның араб жерінен шығатынын және ақырғы Пайғамбардың белгілерін: садақа алмайтынын, сый қабылдайтынын, екі иығының ортасында пайғамбарлығын дәлелдейтін мөрінің болатынын, шамасы жетсе, соған жетуін өсиет етіп кетті[17]. Осы айтылғандарға қалай көз жеткізгенін Сәлман әл-Фариси сахабаның өз аузынан естиік:
«Мен оны іздеп барғанда, Алла елшісі сахабаларымен бірге әңгіме-дүкен құрып отыр екен. Мен оларға: «Сендер кедей жансыңдар. Мен садақа алатын жер іздеп жүр едім. Мыналарды сендер үшін әкелдім. Ал, қанеки, дәмнен алыңдар», – дедім. Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) жанындағыларға қарап: «Сендер жеңдер», – деді. Өзі ауыз да тимеді. Ішімнен «Монахтың айтқан бірінші белгісі» дедім. Ертеңіне тағы бардым: «Бұл садақа емес, сендерге арнаған сыйым, дәмнен алыңдар», – дедім. Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) сахабаларға қарап «алыңдар» деді. Өзі де жеді. Ішімнен «екінші белгі де анықталды» дедім.
Бір күні сахабалардың бірі қайтыс болды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да жаназаға қатысып, Бақиул-ғарқадқа (Мәдина мазараты) келді. Жанына барып сәлем бердім. Сосын арқа жағына барып, пайғамбарлық мөрін көруге тырыстым. Ол да ниетімді сезе қойды. Онсыз да иықтары ашық болатын. Осылайша көзге ұрып тұрған пайғамбарлық мөрін де көрдім. Үшінші белгі де дәл монахтың сан жылдар бұрын айтқанындай. Өзіме-өзім ие бола алмай айрықша толқып, құшақтап, мөрді сүйе бастадым. Алла елшісі (с.а.с.): «Тоқта, тоқта!» – деді. Мен кейін шегіндім. Содан кейін алдына отырдым да, басымнан кешкенімді түгелдей баян еттім. Ол қатты қуанды. Тіпті, айтқандарымды сахабалардың да естуін қалады…»[18]
Монах Бахираның да оқиғасы тарихшыларға кең танымал. Ол жыл сайын Меккелік керуендер тынығатын, суы мен нуы мол тоғыз жолдың торабында жатқан «Бусра» деген жерде тұратын. Оны ел-жұрты білімділігі мен тақуалығы үшін сыйлап, құрметтейтін. Ол да ескі кітаптардан соңғы Пайғамбардың келетінін оқып білген-ді.
Пайғамбарымыз 12 жасында көкесі Әбу Тәліппен бірге Сирияға керуенмен саудаға шыққанда, Монах Бахира керуенмен ілесіп келген жас баланың бойынан пайғамбарлық нышандарын дереу байқады. Еврейлер білсе бұл балаға жамандық жасар деп, Әбу Тәліпті сол маңнан кері қайтуға көндірген болатын.
Бұған Эфиопияның патшасы Нәжәшидің де мұсылман болуы дәлел. Ол еліне қоныс аударып келген мұсылмандарға пана болып, мүшріктерден қорғады. Ақыр соңында, әділдігімен танылған Нәжәши мұсылмандықты қабылдап:
«Сендерді және пайғамбарларыңды шын жүректен құттықтаймын! Оның шынында да Аллаhтың пайғамбары екеніне күмән келтірмеймін. Біз бұған дейін оның сипаттарын Інжілден оқып білген едік. Мәриям ұлы Исаның соңғы пайғамбар жөніндегі сүйіншісінен де хабардармыз. Аллаhтың атымен ант етемін, әттең, хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) менің елімде болса, қуана-қуана кебісін тасып қызмет көрсетер ем!» – деген емес пе еді?!
Ол мұсылмандықты қабылдағаннан кейін, Пайғамбарымызға сәлем жолдап: «Уа, Расулалла, қаласаң дәл қазір жаныңа барайын. Қаласаң, осы жерде қалып халқымды дінге шақырайын», – десе, тағы бірде Алланың елшісімен бірге болу тілегін «Әттең, бұл патшалықтың орнына Алла елшісінің қызметшісі болсам ғой» деп жеткізген-ді[19].
Бұған қоса, сол кездегі Рим императоры Ираклий да Пайғамбарымыздың жіберген хатын оқып:
– Осы уақытқа дейін адамдарға жалған сөйлеуден бойын аулақ ұстаған жанның енді келіп Хақ тағалаға жалған сөйлеуі әсте мүмкін емес, – дейді[20].
Ол хазірет Мұхаммедтің пайғамбар екенін мойындай тұра, билігі мен беделінен айырылып қалудан қорқып мұсылман бола алмады[21].
Уарақа ибн Нәуфал – христиан ғалымы болатын. Ол – хазірет Хадишаның туысы. Алла елшісіне алғаш рет «уахи» (Алланың періште арқылы хабар жіберуі) түскенде, Хадиша анамыз (р.анһа) бұның не екенін сұрады. Уарақа Мұхаммедті (саллалаху әлейхи уә сәлләм) меңзеп, тосын істің мән-жайын ұқтырды: «Хадиша! Ол – турашыл адам. Көргендері – пайғамбарлық берілерде көрінетін нәрселер. Оған келген – Намус Әкбар. Ол – хазірет Мұса мен хазірет Исаға (а.с.) да келген. Онда жақында пайғамбар болады. Егер дәм-тұзым бұйырып сол күндерге жетсем, мен де иман келтіріп, сөзсіз көмекшісі боламын», – деп жауап берді[22].
Ақиқатқа ынтық, қоғамда сарқыншақтары ғана қалған Ибраһим пайғамбардың таухид дінін ұстанған Зәйд ибн Амрдың да басынан кешкендері ғибрат аларлық. Ол – көзі тірісінде жаннатпен сүйіншіленген атақты сахаба Сәид ибн Зәйдтің әкесі, Зейнеп бинт Жахыштың ағасы, хазірет Омардың көкесі еді. Қараңғылық үстемдік еткен жаһилия кезеңінің өзінде бойын пұтқа табынушылықтан сақтап, елге бір Құдайға ғана сену керектігін айтып, шырылдайтын да жүретін. Сахаба Амр ибн Рабия осы Зәйд ибн Амрдың былай дегенін жеткізеді:
«Исмайылдың, сосын Әбділмүттәліптің тегінен шығатын бір нәбиді (яғни пайғамбарды) күтіп жүрмін. Сол бір жарық күнді көзіммен көрем бе, көрмеймін бе, білмеймін, алайда осы күннен-ақ оған иман келтіремін. Ол орта бойлы, тым ұзын да, аласа да емес. Шашы аса бұйра да, тым тік те емес. Есімі – Ахмет. Туылатын жері – Мекке. Пайғамбар ретінде де сол жерге жіберіледі. Сосын оның насихаттағаны ұнамай, елі Меккеден қуады. Ясрибке (Мәдина) һижрет жасайды және әкелген діні сол жерден тарайды. Одан мақұрым қалып жүрме. Мен қаншама жер аралап, хазірет Ибраһимнің дінін іздедім. Барлық мен сөйлескен яһуди мен христиан ғалымдары маған іздегенімнің кейінірек келетінін және саған айтқан нәрселерімді айтты. Ол – соңғы пайғамбар және одан кейін пайғамбар келмейді»[23].
Соңғы елшінің келер күндерін сарыла күткен сондай жандардың бірі Қусс ибн Саида да ел-жұрт қалың жиналатын Указ жәрмеңкесінде халыққа бір құтпа оқып, жан дүниесіндегіні ақтарған-ды. «Дәм-тұзы таусылып, ажал жеткен күні зарыға күткен нәбиін көре алмай, ол да өмірден өтті. Бұл дүниеде кездесу жазылмаған екен. Алайда мына кереметке қараңыз, оның Указ жәрмеңкесіндегі құтбасын тыңдағандардың ішінде соңғы нәби де бар еді. Сол жәрмеңкеде болған кей адамдар бірнеше жылдан кейін Алла расулының алдына келгенде ибн Саида туралы сөз қозғап, сол кездегі айтқандарын естеріне алатын»[24].
Сол тұста балаларына «Мұхаммед» деп ат қойып, соңғы пайғамбардың өз ұрпағынан келуін армандағандар да кездесетін[25]. Негізінен «Мұхаммед» есімі араб түбегінде бұрын соңды ешкімге қойылмаған болатын. Пайғамбарымыз дүниеге келмей тұрып осы аттас тек үш кісінің болғандығы айтылады. Бұны да әкелері сапарға шықанда яһудилер мен христиандардың сүйіншілеріне сүйеніп қойған.
Осы келтірілген дәлелдердің барлығы қасиетті Құранның хақтығы мен ақырғы пайғамбар Мұхаммед Мұстафаның (саллалаху әлейхи уә сәлләм) пайғамбарлығын тайға таңба басқандай көрсетеді. Алайда қыңырлық пен күншілдікті тастай алмағандар ақиқатты қанша көріп тұрса да мойындамады.
Яһудилер соңғы пайғамбарды күтіп жүрсе де, Ол өз араларынан шықпағандықтан, іштері өртеніп көре алмаушылыққа салынды. Христиандар болса діндері әбден бұрмаланып, дін адамдары өздерінің биліктерінен айырылғысы келмеді.
Алау ӘДІЛБАЕВ,
теология ғылымының докторы
[1] Бұған қазігі таңдағы яһуди және христиан діні мен мәзһәбтарының тарихы куә. Яһудилердің көпшілігі Тәуратты Жаратушының сөзі деп емес, мәдени мұрасы ретінде қарастырады. Ал христиан әлемінде болса, төрт шіркеудің қабылдаған төрт Інжілі (Матта, Лука, Юганна, Маркос) бар. Бұл ресми Інжілдердің тысында христиандардың апокриф (бұзылған) деп қабылдаған Інжілдері де бар. Солардың арасында Барнаба Інжілі Ислам көзқарастарына өте жақын. Ғасырымызда табылып жатқан жүздеген ескі Інжілдер қазір христиан әлемін тығырыққа тіреуде. Қасиетті кітаптардың өзгертілгеніне дәлел ретінде көптеген Құран аяттарымен қатар еврей және христиан дін адамдарының арасындағы пікірталастарды көптеп келтіруге болады. Сонымен қатар кезінде христиан болып кейін Исламды қабылдаған М. Букайльдің, «Библия и Куран в свете науки», Д. Бенжаминнің «Muhammed in the Bible», Абдулла ибн Абдулла Тәржуман Маиоркидің «Тухфәтул әриб фи рәдди ала әһли ас-салиб» кітаптарында көптеген құнды мәліметтер табуға болады. Сонымен қатар, А. Дидаттың да еңбектерін атай кеткен жөн.
[2] «Әли-Имран» сүресі, 81
[3] Табари, Жамиул-баян, 3/447-454; Ибн Кәсир, Тәфсирул-Қуранил-Азим, 2/56
[4] Х. Жисри, Хз. Мухаммед (с.а.у.) Рисале-и Хамидие, (түрік тіліне аударған Манастырлы И. Хаккы Измирли), Стамбул, 2008
[5] «Сафф» сүресі, 6
[6] Д. Бенджамин. Muhammed in the Bible, Түрікше аудармасы, (Абдулаһад Давуд – автордың мұсылман болғаннан кейінгі алған аты), Теаврат ве Инжиле гөре Хз. Мухаммед (а.с.), аударған Н. Чам, Измир, 1992, 22-25-б.
[7] «Нәжім» сүресі, 3-4
[8] Ибн Хишам, әс-Сиратун-нәбәуия, Мысыр, 1-т., 211-б.; М. Ақгүл, Кураны Керимде хз. Пейгамбер, 3-басылым, Стамбул, 2004, 66-67-б.
[9] Бұл тақырыпқа байланысты көбірек мәлімет алу үшін А.Х. Вадиартидің 1990 жылы жазған Mohammad in World Scriptures атты ғылыми еңбегін атап өту керек. Сонымен қатар А.Х.Вадиарти 1983 жылы У. Алимен бірге Hindistan İslamic Book Service тарапынан басылған “Muhammad in Parsi, Hindu & Buddhist Scriptures” еңбегін, тағы да Зухурул Хақтың мақаласын http://cyberistan.org/islamic адресінен табуға болады.
[10] Абдулла оның мұсылмандықты қабылдағаннан кейінгі аты.
[11] Бұл кітап түрік тіліне аударылған. Абдуллаһ ибн Абдуллаһ Тәржуман Моиорки, Реддие (Тухфәтул әриб фи рәдди ала әһли ас-салиб), (Түрік тіліне аударған: Шахвер Челикоглы) Хатибоглы баспасы, Стамбул, 1982 ж.
[12] Кеңірек мәлімет алу үшін қараңыз: Теврат ве Инжиле гөре Хз. Мухаммед (а.с.), аударған Н. Чам, Измир, 1992; Х. Даржан, Бир Османлы Муһтедиси оларак Абдулаһад Давуд, (магистрлік диссертация), Сакария университеті, 2008 ж. Бұл еңбекті мына адрестен таба аласыз: http://www.belgeler.com/blg/1hgx/
[13] Оның өмірі мен қызметі жайлы мәліметтерді интернет сайттарынан оңай табуға болатындықтан көп тоқталмадық.
[14] Ұлы тұлғалар ислам жөнінде, Алматы, «Шапағат-Нұр», 2002, 56-б.
[15] Мухтасару тәфсири Ибни Кәсир 1/140
[16] Сира, 2: 164; А. Әділбаев, Саңлақ сахабалар, 2-басылым, «Алтын қалам» баспасы, Алматы, 2005, 208-211-б. Жоғарыда айтып кеткеніміздіе Июдейлер пайғамбардың ккелетінін біліп күтіп жүрген еді. Абдулла ибн Сәләмнан басқа да танымал июдей дін адамдары Мухайрик, Уәхб ибн Мунаббих және Kағыб әл-Ахбар да Таураттағы хабарлардан Пайғамбардың келетінін біліп, кейін мұсыландықты қабылдаған-ды.
[17] Табақат, 4:77-78
[18] Кеңірек мәлімет алу үшін қараңыз: Ибн Хишам, әс-сира, 1/228-234; Ибн Әсир, Усдул ғаба фи марифатис-сахаба, Мысыр, 1328, 2:414; Саңлақ сахабалар, 202-207-б.
[19] Әбу Дәуіт, Жәнәиз, 56; Бәйхақи, Дәләиль, 2/300 ; Адамзаттың асыл тәжі, 211-б
[20] Бұхари, Бәдул-уахи, 6
[21] Бұхари, Бәдул-уахи, 6; Муслим, Жиһад; 74; Пайғамбары-мыздың өмірбаянына байланысты және ислам тарихына байланысты бүкіл кітаптарда бұл оқиғаны кездестіруге болады.
[22] Бұхари, бәдул-уахи, 3
[23] Суюти, Хасаисул-Кубра, 143. Амир ибн Рабия әрдайым былай дейтін: Алла нәсіп етіп, мен де мұсылман болдым. Сосын Алла расулына Зейдтің айтқандарын айттым. Оның сәлемін айтқанымда, пайғамбарым Зейдтің сәлемін алды. Сосын ол туралы «Қиямет күні жалғыз өзі бір үмбет болады. Мен Зейдтің жұмақта етегін сүйретіп жүргенін көрдім», – дейді.
[24] Пайғамбарымыз келер кезде орын алған осындай көптеген қызықты оқиғаларға қатысты кеңірек мәлімет алу үшін қараңыз: Р. Хайламаз, Жүрек төрінен орны алған теңдессіз тұлға – Мұхаммед (саллалаһу аләйхи уәсәлләм), Аударған: Ғ. Тобашев, «Көкжиек-Б» баспасы, Алматы, 2012 ж., 1- том.
[25] Ибн Сағыд, Табақат, Бейрут, Дәру Садр, 1:169