Бір күні біреу Қожанасырға үйінің тарлығын айтып шағымданып, бір шарасын табуға көмектесуін сұрапты. Қожанасыр әлгінің әңгімесін тыңдап болған соң:
– Егер менің айтқандарымды соңына дейін тыңдап, ақылымды орындайтын болсаң, онда айтайын. Егер оған көнбесең, онда жүре бер, – депті. Әлгі де келісе кетіпті. Содан Қожанасыр кеңесін беріп, былай депті:
– Қазір үйіңе бар да, қораңдағы ешкіңді үйіңе ал, – депті. Сөз берген соң, не етсін, әлгі адам да үйіне барып, қорадағы ешкісін үйіне кіргізіп алады екен де келесі күні Қожанасырға қайтып келіп:
– Қожеке, ешкімді алғаннан мәселем екі есе артты, – деп тағы да шағымданады. Қожанасыр тыңдап болған соң:
– Енді ешкіңнің қасына тауығыңды да кіргіз, – деп бұйырады. Әлгі Қожекеңнің айтқанын екі етпей жасап, келесі күні қайта келеді.
– Қожеке, үйім тарылғанның үстіне тарылып, мәселем одан сайын өршіп кетті, – дейді. Қожанасыр бұл жолы әлгіге:
– Енді бар да, сиырыңды да үйіңе кіргіз, – дейді. Сөз берген соң көнеді де…
Үйінің тарлығын шағымдана келген әлгі енді тар үйінен сиырына да орын тауып береді. Бірақ ертесі күні шыдамы шегіне жетіп, жарылуға шақ қалып Қожанасырға келеді.
– Бұдан әрі шыдай алар емеспін, шыдамның да шегі бар, – дейді. Қожанасыр бұл жолы:
– Бүгін кешке үйіңнен ешкіңді шығар, – дейді. Ертесі күні әлгі адам Қожанасырға келіп, жағдайының біршама жақсарып қалғанын айтады.
– Бұл жолы үйіңнен тауығыңды шығар, – деп шығарып салады кеңес сұраушысы.
Келесі күні әлгі адам келіп, тағы да жақсарып қалғанын айтады. Үшінші күні келгенде Қожанасыр:
– Бұл жолы үйіңе бар да, сиырыңды шығарып, үйіңді жақсылап бір тазала, – дейді. Әлгі адам Қожанасырдың айтқанындай сиырын шығарып, үйін жақсылап тазалап, келесі күні қайтып келеді де:
– Ой, Қожеке! Үйім кеңейіп, тамаша боп қалды ғой! Қазір аяқты созып қойып, рахаттанып жататын болдық, – деп Қожанасырға рахметін жаудырып кетеді.
***
Қожанасырдың қиссасынан не ғибрат алдық, соны айтайық…
Кейде көңіл сарайымыз да тарылып, мына дүниеге сыймас боламыз. Қазақта «көңіл сыйса, бәрі сыяды» деген сөз бар. «Көңіл сыйса» емес, дұрысы «көңілге сыйса» болуы керек-ау. Себебі, көңіл кең болғанда ғана бәрі сыймақ. Ал, көңіл тар болса, ондай жан еш жерге, ешкіммен сыйыспақ емес.
Көңіл неге тарылады? Көңіл нәпсінің арсыз қалауларымен толғанда тарылады. Қожанасырдың қиссасындағы астар да осы еді. Көңіл хайуани сипаттармен безенген нәпсілік қалауларға толған кезде көркем қасиеттерге орын қалмайды. Қызғаншақтық, көреалмаушылық, сараңдық, арамдық, алаяқтық, дүниеқоңыздық, нәпсіқұмарлық, жыртқыштық, жауыздық, қомағайлық, еріншектік, жалқаулық, ашкөздік, қулық секілді хайуани сипаттарды қонақ еткен көңілден кең пейілділік, жомарттық, адалдық, ақ жүректік, сабырлық, ынсапқорлық, әділеттілік, шыдамдылық, көркем мінезділік секілді игі қасиеттерге орын табылмайды.
Сондықтан да, көңіл әуелі осындай сұрықсыз сипаттардан арылып, тазаруы тиіс. Сонда ғана көңілге ізгі қасиеттер орнап, ақкөңіл жан болмақ. Сол кезде ғана көңіл кем болмай, кең болмақ.
Салтан САЙРАНҰЛЫ