Ол 83 аяттан тұратын Меккеде түскен, Құрандағы реті бойынша 36-сүре. Атауын араб тіліндегі «Йа»-«Син» деген екі әріптен алады. Оны араб тілінде «әл-хуруф әл-муқаттаға» деп атайды. Оның нақты мағынасын бір Алла ғана біледі. «Йа-син» сүресі – мұсылмандар арасында ең көп оқылатын сүрелердің бірі. Пайғамбарымыздың (саллалаһу алейһи уә сәлләм) осы сүренің артықшылығы және оқылуын өсиет еткендігіне қатысты бірқатар хадистері бар. Сол хадистердің бір қатарында осы сөз тіркесі қолданылған. Мысалы, Термезидің хадис жинағында: «Әр нәрсенің жүрегі болады. Өз кезегінде Құранның жүрегі – «Йа-син». Кімде кім оны оқыса, Алла Тағала оған Құранды он рет оқығандай сауап береді» деген хадис бар (Термези, Фәдәил әл-Қуран, 7; Дарими, Фәдәил әл-Қуран, 21).
Тағы бір хадисте: «Йа-син» – Құранның жүрегі. Алла мен ақырет күнін қалап «Йа-синді» оқыған адамның өткен күнәлары кешіріледі. Оны жан тапсырғандар үшін оқыңдар!» делінген (Әбу Дәуіт, Жәнәиз 20; Ибн Мәжә, Жәнәиз, 4)
Бұл сүреде Алланы ұлықтау, қиямет қайым және өлгеннен соң қайта тірілу секілді сенім негіздеріне қатысты өте маңызды мәселелер қамтылған. Әйгілі тәпсірші Фахруддин әр-Рази осы сүрені оқудың артықшылығы жайлы: «Йа-син» сүресінде өлгеннен соң қайта тірілу, қиямет қайымдағы жағдайлар, бұрынғы өткен халықтардың басына келген жағдайлары, тағдырдың бар екендігі, адамның артықшылығы Алла Тағалаға сүйену арқылы жүзеге асатындығы, Алланың жалғыз, дара екендігі, қияметтің белгілері т.б. секілді маңызды мәселелер қамтылған. Осы ерекшеліктерді бойында қамтыған «Йа-син» сүресін оқу діннің негізгі мәселелеріне қатысты адамға ескерту жасап, қияметте тап болатын нәрселердің бәрін адамның есіне салады» деген (Ф. Әр-Рази. Мәфәтих әл-ғойб). Имам Ғазали: «Йа-синді» Құранның жүрегі деп атаудың себебі мынада: «Құранның негізін иман мәселесі құрайды. Ал иманның дұрыс болуы өлгеннен соң қайта тірілуге илануға байланысты. Өз кезегінде ол мәселе «Йа-син» сүресінде ең көркем түрде баяндалған. Міне сондықтан да ол тәннің саулығына арқау саналатын жүрекке ұқсатылған» деген екен (Али Арслан. Бүйүк Құран тефсири. Арслан баспасы. 13/398-400).
«Фатиха» сүресі қалайша өте ықшамды болғанына қарамастан, аса маңызды тақырыптарды қамтығандықтан «Умму әл-Китаб» (Кітаптың анасы/негізі) деп аталса, сол секілді, «Ясин» сүресі де «Құранның жүрегі» деп аталған. Бұлай деп аталуының себебі осы сүреде қамтылған мәселелердің маңыздылығына орай адам рухына ерекше серпін беріп, қозғалысқа келтіруіне қатысты. Иә, шын мәнінде, Құрандағы осы ақиқаттардың өзін ой елегінен өткізіп, жүрегімен түсінген жан жүрекке қажетті иман азығын алады. Өз кезегінде ол мінез-құлқы мен жүріс-тұрысынан көрініс табады.
Алау ӘДІЛБАЕВ,
теология ғылымының докторы