Рим. Әлемдегі ең көне университеттердің және Италияның беделді жоғары оқу орындарының бірі – Римнің Сапиенца университетінде өткен жылғы қыркүйекте Қазақстан елордасы Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII съезінің қорытындыларына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Италия дінбасылары, Сапиенца университетінің профессорлар құрамының мүшелері, мәдениеттанушылар, дінтанушылар, журналистер, аспиранттар, студенттер және т.б. қатысты.
«COREIS» исламдық діни қауымдастығы мен Сапиенца университеті ұйымдастырған дөңгелек үстел аясында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII съезінің қорытындысы бойынша қабылданған декларация қаралды. Іс-шараға қатысушылар әлемдік діндер көшбасшылары форумының дінаралық және конфессияаралық диалогты қамтамасыз етудегі рөлі туралы өз пікірлерін білдірді.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев азаматтық қоғамның бірігуі тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында және оның халықаралық деңгейде танылуына зор үлес қосқандығын атап өтті. Ұлтаралық келісім, діни төзімділік пен халық бірлігі еліміздің табысты дамуының кепіліне айналды.
Елші Қазақстанның ұлтаралық келісімді сақтау және нығайту, діни сенім бостандығы құқығын құрметтеу саясатын ұстанатынына баса назар аударды. Еліміздің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін шақыру жөніндегі халықаралық бастамасы осының маңызды дәлелі.
«Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы сенім мен өзара түсіністік негізінде құрылған диалогты қамтамасыз етуге ұмтылады. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съездерін өткізу осы саладағы халықаралық ынтымақтастықтың кең перспективаларын ашу және зорлық-зомбылық, діни экстремизм және терроризм сияқты жағымсыз көріністерді еңсеруге жәрдемдесу», – деді қазақстандық дипломат.
Іс-шара барысында Италияның Университеттер және ғылыми зерттеулер министрі Анна Бернинидің дөңгелек үстелге қатысушыларға үндеуі оқылды. Онда ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII Съезінің Декларациясында мақсаты бейбіт өмір сүруге басымдық берілетін қоғам құру болып табылатын діндердің әлеуметтік өзгерістер агенттері ретіндегі құндылығын айқындайтын ұғымдарды қамтитынын атап өткен. Министрдің айтуынша, бүгінгі шара геосаясатта, мемлекеттерді біріктіруде маңызды рөл атқаратын және диалог пен ынтымақтастық құралы бола алатын иудаизм, ислам, христиандық сияқты діндердің рөлі мен қызметтерін талқылауға мүмкіндік береді.