Сұрақ: Менің есімім «Бақыт», жақында намазға жығылдым, енді атымды өзгертуім қажет пе?
Жауап: Біріншіден, егер сізге біреу мұндай кеңес берген болса, онда қателескен. Себебі исламда намаз оқитын болсаң, есіміңді (араби немесе имандылықты білдіретін атқа) өзгерту керек деген талап жоқ. «Бақыт» деген есімнің мағынасы дұрыс, мазмұны да мәнді.
Екіншіден, рас, пайғамбар (с.ғ.с.) кейбір азаматтардың есімін ауыстыруға кеңес берген, себебі, ол атаулар өлімді, қарғысты білдіретін және т.б. сондай жаман мазмұнда болған. Міне, осындай есімдерді жақсылық, ізгілік пен игі мазмұнды атауларға ауыстырған. Айша анамыз (р.а.): «Пайғамбар (с.ғ.с.) жаман есімдерді өзгертетін», – деген (Термези).
Ибн Омардан жеткен риуаятта: «Пайғамбар (с.ғ.с.) Омардың Ғасия (қарсы шығушы) атты қызының есімін Жәмила (әдемі) деп өзгерткен» (Мүслім).
Сондықтан да ата-анаң азан шақыртып қойған қазақи немесе басқа да ұлттық нақыштағы есімдерді ауыстыруға қажеттілік жоқ. Бастысы, адам атауының мазмұны мәнді де жақсы болуы тиіс.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ