Мұхан Исахан: Біздің дүниетанымымыздың бір бөлшегі түс екендігі әмбеге аян. Түс көрмейтін жан болмайды. Түспен өмірін байланыстырмайтын адам да кемде-кем. Әсілі, түс – исламдағы кәләм ілімінің самғият бабы бойынша хақ деп қабылданады. Ақида мамандарының жеткізуіне қарағанда түс жай түс, сайтани түс, ақиқат түс болып бөлінеді. Жай түс дегеніміз – күнделікті қоршаған ортадағы болып жатқан құбылыстар адам жадына әсер етіп, ішкі танымға айналып, бірте-бірте өңіміздегі суреттер түсімізге де шағылысады. Мәселен, күні бойы қой баққан шопанның түсінде қойды көруі қисынға қайшы емес. Себебі, қой – шопанның танымынан орын алған сурет. Ал, танымдағы суреттің түске шағылысуы заңды құбылыс. Сайтани түске келетін болсақ, ібіліс өзінің қарым-қабылетімен біздің ішімізге еніп, түс арқылы да уасуасасын жасай алады. Бірақ, шариғатта сайтанның азғыруынан сақтанатын амалдар да қарастырылған. Құлшылықтарымызды орындап, тиісті дұға-тілектерді жасаған болсақ, сайтанның уасуасасы адамға өтпейді. Адамды имандылыққа жетелейтін аяндарды ақиқат түс деп қабылдауға болады. Әлбетте, қай түстің қандай сипатта паш етілгенін артық білуші Алла ғана!
Шариғат ілімінің негіздерінде (усул-ул фиқһ) түс үкімге дәлел бола алмайды. Бұл хақында атақты ғұлама ибн Хазм «пайғамбарлардан өзге адамдардың көрген түсімен пәтуа берілмейді» (ал-Ақһам) деп тұжырымдаған. Яғни, Хақ Елшісінің (с.а.у) көрген түсі үкімге дәлел бола алатыны талассыз айқын. Сонымен бірге, Хақ Елшісінің (с.а.у) өзі түсімізге енсе, ол түсті ақиқат деп қабылдаймыз. Себебі, Ібіліс Алла Елшісінің (с.а.у) бейнесіне ене алмайды. Бірақ, Хақ Елшісі (с.а.у) түсімізге еніп, бір мәселенің үкімін кессе, ол шариғи үкімге жата ма? Бұл мәселеге қатысты ғұламалар әртүрлі көзқарас білдірген. Мәселен, ибн Араби түсі арқылы Пайғамбарымыздан (с.а.у) тікелей хадис үйренгенін жеткізеді. Ал, өзге ғұламалар түстегі хадистің санады болмайтынын, сондай-ақ, хадис жинақтарында түспен жетті деген хадис тарауының жоқ екенін алға тартып, бір адамның түсінде Алла Елшісінің (с.а.у) фиқһтық мәселеге қатысты үкім кесуі, жалпыға тән болмайтынын, түс көрушіге ғана тиесілі болатынын алға тартады. Бірақ, түстегі шешім шариғаттағы харамды адал, адалды харам немесе уәжіп үкімді түсіретіндей болмауы тиіс. Яғни, түс – мүбах амалдарға қатысты болса, құба-құп. Әлбетте, анығын білуші бір Алла ғана!