Сұрақ: Әдетте діндер немесе діни ағымдар үстемдік қылған ортада басымдықты өздеріне ғана беріп, қалған сенім иелерін шетке шығарып тастайды. Мүмкін болса оларды мүлдем болдырмауға тырысады деп айтсам да қате болмайтын шығар. Мені қызықтырып отырған мәселе, Ислам бұл жағдайды, яғни діни бостандық құқығын қалай реттейді?
Жауап: Пайғамбардың (с.ғ.с.) басқа дін өкілдерімен жасаған қарым-қатынасын әрі ислам қоғамындағы діни бостандық еркін Құрандағы «Кафирун» сүресінің: «Сендерге өз діндерің, маған өзімнің дінім» аяты анық баяндайды (Әл-Итқан фи әл-улум әл-Қуран).
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бұл ұстанымды Мекке шаһарынан Мәдинаға келіп, жас мемлекеттің негізін қалаған кезден бастап орнатты. Ол бірінші кезекте сол қалада, қала маңында өмір сүріп жатқан өзге дін өкілдерімен дипломатиялық байланыс қалады. Жаңа мемлекеттің қабырғасын қатайтып, қоғамды мығым әрі бір жұдырықтай жұмдыру үшін шаһар тұрғындарының басын бір араға қосу керек болды. Ол үшін парасаттылықпен «бір мемлекет, бір қоғам» саясатын қолға алды.
Расында да сол замандарда Араб жазирасының халықтары түрлі дінді ұстанды. Олардың арасында христиандар, яхудилер, мәжусилер (отпарастар), мүшриктер (пұтпарастар) және сол сияқты т.б. сенім ұстанушылары болды.
Пайғамбардың «Сендерге өз діндерің, маған өзімнің дінім» саясатын тиімді жүргізуінің арқасында түрлі діндер мен конфессия өкілдері бір мемлекетте бейбіт өмір кешті. Мұны мұсылмандардың көсемі арнайы «Мәдиналық келісім» атты құжатпен бекітті.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ