Сұрақ: Исламда ағаш отырғызу туралы не айтылған?
Жауап: Исламда табиғатты қорғаудың және ағаш отырғызудың маңыздылығы сонша, тіпті бұл өмірдегі соңғы амалың болса да ағаш отырғызуға кеңес береді. Анас ибн Мәлик пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кiмнiң қолында құрма ағашының көшетi бола тұра, қиямет-қайымның уақыты таяп қалса да қолындағы көшеттi отырғызып үлгерсiн», – деп айтқан хадисін жеткізген (Бұхари).
Пайғамбардың бұлай деп бұйыруы исламда ағаш отырғызудың маңызы мен өте сауапты іс екенін аңғартады. Қиямет үрейімен таласып ағаш отырғызу амалы осыны аңғартса керек. Сол үшін исламда ағаш отырғызу – садақа жәрия (иесінің артынан қиямет кініне дейін үзілмей жалғасып тұратын сауап).
Бұған пайғамбардың (с.ғ.с.): «Егер бір мұсылман ағаш отырғызса немесе дән егіп, кейін оның жемісін құс, адам немесе жануар жесе, бұл садақа болып саналады», – деп айтқан сөзі дәлел болмақ (Бұхари).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ