Мақаланың негізгі мазмұны өте қарапайым: Неге бүгінгі біздің қоғамда иманды адамдар көбейіп келе жатса да, әділетті адамдар азайып бара жатқан сыңайлы? Әлбетте, кез келген молда, жалпы әрбір иманды кісі былай айтуы мүмкін – Қиямет күні жақындаған сайын адамзаттың бойынан мейрімділік пен әділдік һәм саналылық біртіндеп-біртіндеп азая береді.
Ал ақырзаманға сәл-ақ қалғанда адамдар тіпті азғындап, құлдырап кетер. Алайда, Құранда жазылғандай ол заманда да иманды, жаны таза тақуа, мүмін пенделер көп болмаса да бар болады. Бірақ, оларға сол сәттерде өмір сүру оңайға соқпас. Әрине, идеалды мемлекет қазір де жоқ, дегенмен барынша әділетті өмірге ұмтылу керек.
Казіргі заманда ислам қоғамында әлеуметтік әділеттілік деген аса күрделі ұғымды қалай ұғынуға болады? Сауд Арабиясынан бастап Иранға дейінгі түрлі Араб мемлекеттерінде бұған қатысты дау-дамай жоқтың қасы, себебі Құранда да, шариғат заңдарында да көрсетілгендей барлық экономикалық сұрақтар: салық мөлшері және жиілігі, садақа көлемі және жиілігі және т.б. тақырыптар қамтылған.
Ал біздің мемлекеттің негізгі заңы – зайырлы, республикалық, демократиялық Конституция. Әрі біздің экономикамыздың нарықтық халықаралық зайырлы сипаты бар. Сондықтан, біз тікелей шариғатқа жүгіне алмасақ та, Конституциямыздың мазмұны, құрылымы 28 жылдың ішінде жақсы дайындалған, реттелген, жүйеленген заманауи заңдар екенін мойындаймыз.
Бар мәселе тек сол заңдарды қатардағы американдықтарға тән тиянақтылықпен немесе немістерге тән тәртіп сүйгіштікпен әр азаматтың күнделікті орындауында ғана болып тұр!
Құдайға шүкір, ТМД бойынша экономикамыз алдыңғы қатардағы елдердің санатындамыз. Дегенмен, дәстүрлі ислам діні бүгінгі қазақ қоғамы үшін ауадай қажет. Өйткені, Аллаға сенетін шенеунік азырақ пара алады немесе мүлде алмайды.
Кез келген иманды қызметкер біреудің ақысын жеуден бойын аулақ ұстайды, қашады. Аталмыш нәзік жағдаяттарды жинақтай келе, келесі қорытындыға келеміз. Имандылық қоғамдағы әділеттілік деңгейін арттырмаса, азайтпайды.
Әйткенмен, Үкімет өз тарапынан тек мемлекеттік қызметкерлердің діндарлықтарына сеніп қалмай тиісті болған жағдайларда сөгістерді, әлеуметтік құқық бұзушылық кезінде қолданатын ресми жазаларды орынды әрі уақытылы іске асырып отырулары да маңызды. Яғни, полиция, қаржы полициясы, прокуратура және басқа да бақылаушы органдары қоғамның имандылық деңгейіне сеніп қана қоймай, тәртіпті бақылауды жалғастыра берулері керек.
Былай қарасақ, бір шетінен мешіттер, екінші шетінен зайырлы қағидаттарды басшылыққа алатын соттар. Бұндай жағдайда ешқандай әділетсіздік қалмауы керек еді ғой. Неліктен құқық бұзушылық статистикасы баяу өзгеріп жатыр.
Әрине, әр пенденің анда-санда күнә жасап қоюы қалыпты жағдай, десек те рақымшылық пен қаталдық арасындағы тепе-теңдікті күшейту керек деп есептеймін. Яғни, аса ауыр қылмыс жасаған азаматтарға (елдегі әділеттілік деңгейін арттыру мақсатында) өлім жазасын енгізуге уақыт келді деп ойлаймын.
Кейбіреулері “Бұл еркіндікке балта шабушылық қой” деп қарсы шығуы ықтимал. Және “Жазықсыз құрбандардың да болмауына кім кепіл?” деген сауалдар тастауы мүмкін.
Мен бұл екі тұжырымға былай жауап берер едім: Біріншіден, өлім жазасының Қылмыстық кодекске енгізілуі, Сот пен прокурордың бойындағы жауапкершілік сезімін күрт арттырар. Себебі, халық пен билік арасындағы келісімді азайтып алмау керек. Және осындай ауыр жаза практикасы адвокаттардың, заңгерлердің де, прокуратура мен соттың да кәсіби және адамгершілік, әділдік деңгейлерін сөсіз жоғарылатар! Ал әлеумет алдындағы этикалық жауапкершілігі тіпті көбейтер.
Жазықсыз құрбандардың кездейсоқ пайда болуының алдын алу үшін тергеу кезеңін бірнеше сатыдан өткізер едім және қазіргі тергеу мерзімдерінен үш-төрт есе уақытын ұзартар ем. Әрі ең соңында арнайы комиссия тексеру жүргізетін еді. Егер судья сонда да қате шешім қабылдап қойса, оған қатысты өлім жазасын қолдану қажет болады.
Иә, бұндай процесстің егжей-тегжейін әртүрлі етіп жасауға да болады, өзге елдердің тәжірибесінен де үлгі алуға рұқсат етіледі. Бірақ, бұл заң өте-өте қажет! Өйткені, террористердің, педофильдердің, шетелге мемлекеттік құпияны сатқан азаматтардың санының көбейіп кетуінің алдын алу керек және олардан қоғамды құтқау қажет.
Әрине, демократиялық, еркіндік құндылықтарын ешкім жоққа шығармайды. Әйтсе де, қазір ауыр қылмыс жасағандармен мәймеңкүлесетін заман емес. Себебі, халықаралық жағдай соңғы он жылдың ішінде қатты шиеленісіп кетті, оған қоса 2016 жылғы Ақтөбедегі терракт (бұл қазақ ұлтының қауіпсіздігіне қарсы қылмыс қана емес, дәстүрлі ислам дінінің абыройына да қарсы провокация еді ) сықылды трагедиялы оқиғалардың алдын алу керек.
Қазір ең дамыған яғни аса өркениетті елдер АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Израиль олардың әрқайсысында да өлім жазасы бар және өте сауатты һәм орынды қолданылып келе жатыр. Менің ойымша орынды қолданылған өлім жазасы қоғамдағы әділеттілік және қауіпсіздік деңгейін арттырар.
Әділеттілік дегеніміз тек қана жазалау емес, бұл ұғымға – зекет беру, садақа, кедей-кепшікке көмек беру, жетім-жесірге демеу білдіру енеді. Бұның бәрі де қазақ дәстүріне сіңген түсініктер.
Әділеттілікке жақсылық жасаған мүмінге алғыс, өзара қол ұшын беру, бауырмашылдық, тағы адалдық (сауда да ғана емес, өмірде де) сынды құндылықтар жатады. Әрі иманды, әрі әділетті мемлекетте өмір сүрейік!
Риза Ысқақ