Сұрақ: Елімізде ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғанын білеміз. Тағы да осындай кеңестер құрылып тұрады. Ислам тарихында діни және саяси мәселелермен айналысатын кеңес болған ба?
Жауап: Ислам тарихында діни және саяси мәселелермен айналысатын кеңес болған. Мәселен исламдағы Шура (кеңес) органы пайғамбар (с.ғ.с.) дәуірінде құрылған. Исламның алғашқы кезеңінде Алланың үкімдері (уахи) абсолютті құқықтық норма, ал пайғамбардың (с.ғ.с) сүннеті мен Шура шешімдері салыстырмалы құқықтық норма санатында еді.
Алла Тағала елшісіне (с.ғ.с.) Құран Кәрімде: «Ал және сондай Раббыларына мақұл дегендер, намазды толық орындағандар, сондай-ақ өзара істерін кеңеспен жүргізгендер және өздеріне берген несібемізді тиісті орындарға жұмсағандар» (Шура, 38) және «(Мұхаммед ғ.с.) оларға Алланың мейірімі бойынша, жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине олар маңайыңнан тарқап кетер еді. Сондықтан оларды кешірім етіп, олар үшін жарылқау тіле де іс жөнінде олармен кеңес қыл» (Әли-Имран, 159) деп бұйырып, ислам дінінде кеңес (шура) жасаудың қаншалықты маңызды екеніне тоқталған.
Шура (кеңес) жасау туралы Алланың жоғарыда көрсетілген аяттары нәзіл болған шақта, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла мен Елшісі кеңеске жүгінуге зәру емес. Алайда, Алла мұны менің үмбетіме рахмет етіп берді. Кімде-кім кеңеске жүгінсе, тура жолдан мақрұм қалмайды. Ал, кімде-кім тәрк (кеңесуді) етсе, қате жасаудан құтыла алмайды» (Жәлаладдин Суюти, Әд-Дуррул Мәнсур ІІ том, 359 б) деп сахабаларды әрдайым кеңес қылуға шақырады.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) тағы бір хадис-шарифінде: «Кімде-кім бір іс жасау үшін кеңес қылып, соған сай әрекет етсе, онда ең тура (хидаят) амал жасаған деген сөз» (Жәлаладдин Суюти, Әд-Дуррул Мәнсур VII том, 357 б) деп адам қандай бір жағдай тумасын ақылдаса келе әрекет етсе, оның Хақ жолынан адаспайтындығын аңғартқан еді.
Пайғамбар (с.ғ.с.) дәуірінде мұсылман Шурасы (кеңес) ислам мемлекетінің жоғарғы басқару органы болып бекіді. Шураға мүше болу белгілі тәртіпке негізделмегенмен, Мұхаммедпен (с.ғ.с.) бірге ислам қозғалысының ауыр күндерін бастан өткерген достары ислам мемлекетінде туындаған мәселелерді шешу үшін бас қосып кеңес өткізетін.
Туындап отырған мәселеге қатысты Құраннан үкім түскен жағдайда немесе Мұхаммед (с.ғ.с.) шешім шығарған болса, негізгі қарар ретінде қабылданатын. Ал Мұхаммед (с.ғ.с.) жеке өзі шешім айтпаған жағдайда Шура мүшелері мәселені жан-жақты талқылап, ұжымдық қарар қабылдайтын.
Мысалы, Ұхұд соғысында Құрайыш әскеріне Ұхұд тауының етегінде тойтарыс жасау туралы шешімді мұсылман Шурасы қабылдады. Ор соғысындағы Мәдинаны айналдыра қоршай ор қазып қорғану тәсілі мұсылман Шурасының шығарған шешімі болатын. Және коалицияны ыдырату үшін Ғатафан арабтарына Мәдинаның жылдық табысының үштен бірін береміз деген әскери айланы Мұхаммед (с.ғ.с.) ұсыныс ретінде айтқанмен, мұсылман Шурасы бастапқыда бұл ұсыныстан бас тартқан еді.
Құран үкімдері бойынша (Шура, 38) құрылған мұсылман Шурасы мұсылман қоғамында әділетсіздіктің орын алуына тосқауыл болған әрі мұсылмандарға сөз бостандығы құқығын берген демократиялық қағида болып табылды.
Мұхаммед (с.ғ.с.) діни мәселе болмаған барлық әскери, саяси және мемлекетке қатысты оқиғаларда сахабалармен кеңесетін. Тіпті, мұсылман Шурасының шешіміне Мұхаммед (с.ғ.с.) өзі бас болып мойынсұнатын.
Мұсылман Шурасына алғашқыда Мұхаммедтің (с.ғ.с) ең жақын достары мүше болды. Әбу Бәкір (р.а.) мен Омар (р.а.) халифа болған тұста мұсылмандар Шурасына Құран үкімдерінің түсу тарихын және сүннетті жетік білетін мұсылмандар да мүшелікке өтті. Мысалы, ибн Аббас (р.а) ислам дінін кейінгі кезеңде (Мәдина дәуірі) қабылдағанымен, халиф Омар (р.а.) оның зеректігін һәм Құран аяттарының түсу (асбаб-ул-нузул) тарихын жетік білуін ескеріп, мемлекеттік Шураға қабылдаған еді.
Пайғамбар (с.ғ.с.) дәуірінде құрылған мұсылман Шурасы төрт кемеңгер халифа, Әмәуилер, Аббасилер, Фатимилер, Қарақан, Алтын Орда, Мәмлюк, Осман және т.б. мемлекеттер кезінде де өз жұмысын жалғастырды. Мұсылман Шурасы бейне Батыс мемлекеттеріндегі Парламент пен Конституциялық Кеңеске тең орган еді.
Осы себептен де мужтаһид ғұламалар Шура органын діни мемлекеттің (дәрул-ислам) міндетті белгілерінің бірі ретінде қарастырды.
Мұхан ИСАХАН