Сұрақ: Ислам күлкінің қандай түрінен сақ болуға шақырады?
Жауап: Ислам қайтарған күлкі түрлерінің қатарына біреуді мазақ ету, келемеждеу және сол сияқты күлкілер жатады. Кейбір азаматтар мұсылман бауырының әлеуметтік дәрежесі төмен, не жас шамасы кіші, не малы аз, білімі саяз немесе үйі мен күйі жоқ мүсәпірді мазақ етіп күледі. Мұндай күлкінің түрлері әлгі адамның ар-намысына тиері сөзсіз. Сол үшін ислам бұған тыйым салған:
«Ей, Иман келтіргендер! Бір ел, бір елдің үстінен келемеждеп күлмесін. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Сондай-ақ әйелдер әйелдерді келемеждемесін. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Бір-біріңді міндемеңдер; жаман ат тағыспаңдар» («Хұжрат» сүресі, 11).
Егер мұсылман бауыры апатқа ұшыраса, не бір машақатқа душар болса, не жанұясына, мал-мүлкіне, денесіне бір зақым келсе, содан жаны рахат табатын адамның болуы әбден ықтимал. Бұл масаттанып күлетін жағдай емес. Ол адам бұрын оның қарсыласы немесе бәсекелесі болған шығар. Енді сәті келіп ашудан туған ренішін осылай «күліп» қайтарамын деуі бек мүмкін.
Бірақ, дүние кезек екенін естен шығармаған жөн. Бүгін сен оған күлсең, ертен ол сені мазақ етіп күлуі ғажап емес. Сол үшін ислам жоғарыда аталған күлкі түрлерінен қайтарып, ол мұсылмандыққа жат екенін айтады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ