Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ислам елдерінде жемқорларға қандай жаза қолданылатындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ислам мемлекеті немесе ислам мемлекеті емес деп бөлуге де болмайтын шығар. Өйткені, әрбір мемлекетте жемқорлық үлкен күнә болып саналады. Барлық мемлекетте жаза қатал.
Елімізде де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықпен сотталған адамдардың жазасын өтеу мерзімін қысқартуға болмайтындығын айтты. Бұл да еліміздегі жемқорларға жазаның қатаңдығын көрсетеді.
Ал мұсылман елдерінде дарға асу жазасы қолданатындар бар. Кейбір елде қол кесу жазасы қолданылады. Мына көрші Қытай елінде де жемқорлыққа жаза өте қатаң. Сондықтан исламмен ғана өлшеуге болмас. Барлық жерде өз елінің дамуына қарсыларға заң қатаң деуге болар» – деді ҚМДБ төрағасы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алаңында өткен брифинг барысында.
Осы орайда Бас мүфти Аллаға сенген, иманды адам жемқорлыққа бармайтындығын баса айтты. Сонымен қатар, ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз жұмысында бірнеше бағытқа басымдық беретіндігін, оның бірі рухани ілім беретін Ихсан бағыты екендігін атап өтті.
«Ихсан ілімі бойына сіңген адам жемқорлыққа жоламақ түгілі оның атын да естуге жиренетін болады. Ихсан бүгін ғана пайда болған термин емес. Ол мұсылмандық жолды ұстанған қазақ халқының бағзы заманнан жақсы меңгерген жолы», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.