«Будда дінін ұстанғаннан моңғолдардың батырлық рухы төмендеп кетті» деп кесіп айтуға болмас. Мысалы, Батыс Моңғолияда ХVІІ ғасырда құрылған Жоңғар мемлекеті Сібір, Шығыс Түркістан, Орта Азияның біраз аймақтарын жаулап алғаны белгілі. Ал, Батур қонтайжы негізін қалаған (1635 жылы) осы Жоңғар мемлекетінің нанымы – будда дінінің ламаизм бағыты болатын. Нағында, ХVІІ ғасырдың екінші жартысында билікке келген Қалдан Башокту қонтайжының билігі кезінде күшейген Жоңғар мемлекеті төңірегіндегі елдерге ұдайы қауіп төндірумен болды. Тіпті, Қалдан қонтайжы өзінің узурпациялық іс-қимылын қасиетті күреске балады. Ол осы мақсатта Лхасадағы Далай-Ламамен байланысын күшейтті. Қалдан Башокту қонтайжы Орталық Азияға жасаған кезекті жорықтарының бірінде Сайрам қаласын тас-талқан етіп қиратып, қала тұрғындарын Шығыс Түркістандағы Ақсу өңіріне көшіріп, күштеп диқаншылық кәсібіне жекті. Қалдан Башоктудан кейін Жоңғар тағына жайғасқан Цеван-Равтан және оның ұлы Қалдан-Церен де Тибеттің Далай-Ламасының шешімімен жорықтар жасап отырды. Яғни, Моңғолдардың будда сенімін ұстануына орай рухы әлсіреді деп тұжыруға еш негіз жоқ.
Десек те, діндердің мемлекеттің дамуына немесе құлдырауына ықпал ететінін жоққа шығара алмаймыз. Ал, Ислам діні дамуға ықпал ете ме, жоқ құлдырауға түрткі бола ма? Егер, Ислам құлдыратуға бейім сенім болса, әлемге ғасырлар бойы билік жүргізген Омаядтар, Аббаситтер, Мамлүк, Осман т.б. Хақ діннің туын желбіреткен империялар құрылмаған болар еді. Керісінше Ислам дінін ұстанған елдерде ғылым мен мәдениет қарыштап дамыды. А.Тойнби атақты «Тарихты меңгеру» атты шығармасында тарихтағы 21 өркениеттің қатарына Ислам цивилизациясын жатқызады. Демек, шынайы Ислам мемлекет пен қоғамның дамуына екпінді ықпал ете алады деген сөз.
Ислам – ер-азаматты күйректік пен жасықтыққа баулымайды. Керісінше мұсылман баласын Құдай-Тағаладан ғана қорқуға шақырады. Мұсылман баласы бейбіт күнде мейірімді көрінгенмен, қан-майданда ерліктің қас үлгісіне айнала алады. Алла Елшісінің (с.а.у) көзі тірісінде орын алған алғашқы Бәдір, Ұхұд, Хандак соғыстары негізінен Отанды қорғау үшін орын алды. Бұл соғыстарда мұсылмандар Құрайыш мүшріктерімен қан-майданда бетпе-бет келіп, олармен қоян-қолтық ұрысты. Хақ Елшісінің (с.а.у) қаншама сахабасы Мәдина Ислам мемлекетін, яғни Отанын қорғауда ерлікпен қаза тапты. Одан кейінгі Хайбар, Мекке, Мута, Табуқ, Хунайн т.б. соғыстары стратегиялық қорғану мақсатында орын алды. Бұл соғыстарда да сахабалар жауымен арыстанша арпалысып, ерен ерлік көрсетті. Мысалы, Хайбардың алынуы кезінде Хз.Әлі ерекше ерлік көрсетіп, «Хайбардың арыстаны» лақапатына ие болды. Ол туралы кейін ондаған батырлық дастандар жазылды. Одан өзге мұсылман халықтарының арасына кең тараған «Кербала», «Жұмжұма», «Кесік бас» т.б. дастандар негізінен батырлықты насихаттайтын шығармалар санатына жатады. Қазақтың «Қобланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», Қырымның қырық батыры» жыр-дастандарының діни мотиві бар екені белгілі. Бұл шығармаларда Қазақ батырлары діні бөлек қалмақтар мен қызылбастарға ғазауат жасайды. Жалпы, Қазақтың эпостық жырлары мен діни сипаттағы «Кербала», «Жұмжұма», «Кесік бас» дастандарының ортақ сарындары бар екені байқалады. Ол – батырлық рухты дәріптеу, ерліктің үлгісін көрсету секілді ортақ сарындар еді.
Әсілі, Ислам сенімі бойынша пенде Жаббар-Хақтан ғана қорқуы тиіс. Жүрекке Аллаға деген сенім қонақтағанда мұсылман баласы ештеңеден сескенбек емес. Мұсылман үшін таяқтан тайсалмаудың, семсерден сескенбеудің қайтарымы – ұжмақ. Ал, ұжмақтың кереметін көру – «күнәсі үшін егіліп жылаған жанарға және шекара күзетіп, елін қорғаған көзге» (хадис) ғана нәсіп болады. Ал, мұсылман баласы ұжмақ үшін қашанда жан-қияр ерлік көрсетуге әзір.