1975 жылғы дүниежүзін шайқалтқан мұнай шуынан кейін өмірге келген ислам банктері арқылы мұсылман экономистері көкпен таласқан сұңғақ ғимараттарды тұрғызып қана қоймай, Бүкіләлемдік ислам банкі жүйесін де жасай алатындарын паш етті.
Негізінен, ислам банктерін ашуға деген ең алғашқы тұсаукесер талпыныс өткен ғасырдың 60-жылдары жасалған болатын. Алайда, тұңғыш қадам нәтижесіз аяқталды. Дегенмен, 70-жылдардың ортасында бүгінгі күні атағы шартарапқа таралып үлгерген әйгілі Ислам даму банкі өмірге келген соң, ислам банктері біртіндеп күш алып, дами бастады.
Ислам конференциясы ұйымы құрған Ислам даму банкімен қатар, ұлттық ислам банктері де көптеп ашылып жатты. Ең алғаш рет Дубай қаласында Халықаралық ислам банктері ассоциациясы құрылып, ол бүгінде «Ислам банктері мен экономикасы» деп аталатын журнал шығарып келеді.
Уақыт өте келе ислам банктеріне деген көзқарас өзгеріп, «исламдық бэнкинг» термині жер жүзіне жайыла бастады. Бірінші кездері бұл мекемелерді мұнай қаражаты тарапынан қаржыландырылатын исламдық насихат акциясы деп санаған болатын. Қаржыландыру тоқтаған кезде ислам банктерінің күлі көкке ұшады деп күні бұрын болжам жасаған «көріпкелдер» де табылды.
Алайда, бұл күндері сол айтылған пікірлердің өздерінің күлі көкке ұшқандығын көріп отырмыз. Қазіргі заманда ислам банктері салмақты коммерциялық жобаға айналып отырғаны айдан анық. Олардың өміршеңдігін бүгінде күллі әлем мойындап үлгерді. Өйткені, ислам банктері қазір тек Шығыс елдерінде ғана емес, Ұлыбритания, Франция, Люксембург, Багам аралдары секілді дамыған мемлекеттерде де белсенді жұмыс жасап жатыр. Ал әлемнің төрт бұрышындағы көптеген дәстүрлі банктер өз іштерінен «исламдық терезелерін» (мұсылмандық құқыққа сай банк қызметтерін атқаратын бөлімшелер) ашып алған.
Бұл ислам банктері өнімдеріне деген үлкен сұраныс бар екенін және олардың дәстүрлі қаржы институттарымен бәсекелесе алатындығын анық аңғартып тұр. 1997 жылы-ақ олардың капиталдарының жалпы сомасы 7,3 млрд долларды, тұтас активтерінің көлемі 148 млрд долларды құраған. Ал 200 жылы Capital Intelligence банктік рейтинг агенттігінің бағалауынша, ислам банктері активтерінің тұтас көлемі 160 миллиард доллардан асып түскен.
Несие-қаржы нарығында үлкен қарқынмен күш алып келе жатқан ислам банктерінің табысты қадамдарын трансұлттық банктер мен әлемдік деңгейдегі ірі коммерциялық банктер жіті бақылап отыр. Олар бір жағынан ислам банктерінің тым белсенділік танытуынан сескенсе де, екінші жағынан олармен ынтымақтастық жасауға талпынуда.
«Чейз Манхэттен», «Голдмэн Сакс», «Ай-Эн-Джи», «Номура Секьюритиз», «Джей Пи Морган» секілді батыстың ірі банктері өз іштерінен исламдық бөлімшелерін ашып, қызмет жасап жатыр. Қаржы мамандарының пікірінше, таяу болашақта әлемнің барлық банктері өз клиенттеріне тек дәстүрлі емес, сонымен бірге исламдық формадағы қызметтерді де жасайтын болады.
Дәстүрлі банктер мен ислам банктерінің айырмашылығы неде?
Қазіргі кезде ислам банктері мен дәстүрлі банктер арасында нақты сызылып қойған шекара жоқ. Өйткені, жоғарыда баяндап өткеніміздей, ислам банктерінің өмірге келуі кәдімгі батыстық үлгідегі банктер жанынан «ислам бөлімшелерін» ашумен басталған.
Дегенмен, ислам банктерінің басқалардан айрықша сипаттары да бар екені рас. Ол, әрине, ең бірінші кезекте, Шариғат нормаларының сақталынуы. Шариғат бойынша капиталдың үстінен пайыздық үстеме алып, пайда табуға тыйым салынатыны белгілі. Сонымен қатар, алкогольмен, темекімен, шошқа етімен немесе құмар ойындармен байланысы бар бизнесті несиелендіру үшін де ислам банктерінің есігі тарс жабық.
Батыс елдерінің банктерінде пайыздық үстеме алу дәстүрге айналса, ислам банктерінде оның орнына түскен табысты клиенттерге үлестіру жүргізіледі. Осылайша, салымшы тәуекелге (риск) бел буады, бұл жағдайда оған төлемнің нақты бір көлемі кепілдендірілмейді. Бірінші кезекте, бұл ұзақ мерзімді инвестицияларға қатысты. Сондықтан да ислам банктерінің клиенттері негізінен қысқа мерзімді инвестицияларды дұрыс көреді.
Байқап отырғанымыздай, ислам банктері мен өзге банктердің ең негізгі айырмасы – олардың жобаны қаржыландыру қағидасында жатыр. Бұл жайт біздің алдымызға тәуекел ету (риск) капиталы мен заемды капитал мәселелерін тосатыны айқын.
Еске сала кетсек, тәуекел ету капиталы дегеніміз – өндіріс үрдісіне қатысқаны үшін қатысу үлесіне қарай сыйақы ретінде алынатын капитал болып табылады. Яғни, өндіріс нәтижелеріне байланысты, оның өсімі жағымды да, жағымсыз да болуы ғажап емес.
Ал, керісінше, заемды капитал алдын ала белгілі бір пайыздық мөлшер түрінде өз қатысуының бағасын айтады, бұл баға өндіріс нәтижесіне де, оның жағымды не жағымсыз болуына да қатысты емес.
Осылайша, исламдық қаржы жүйесінде қаржыгердің қатысуға тәуекел етуі оның барлық активтердің немесе олардың бір бөлігінің меншік иесі болуымен ақталады. Ал бұл салымшының тәуекелі мен жауапкершілігін арттыратыны белгілі.
Ал мұсылмандық емес банктер лайықты атқарылуға тиіс міндеттемелер негізінде, бірақ салым өндірілетін активтерге меншіктілік құқын алмай-ақ қарызға ақша берген кезде, жоғарыда аталған тәуекел мен жауапкершіліктер болмайды.
Ислам банкі активтердің меншік иесін өз активтерін жақсы жұмыс жағдайында ұстауына жауапты қылып қояды, өйткені, клиент өзі салған белгілі бір төлемдер (мұны активтерді жалға алу үшін жасалған төлем деп есептеуге болады) арқылы келген кірістерге көңілі толуы шарт. Сонымен қатар, мұнда өз меншігінен, яғни активтердегі өз үлесінен және оны пайдалану арқылы түскен табыстардан салық төлеу міндеті де бар.
Егер жалға алушы барлық кірістен құр алақан қалып, қызметі күйресе не болмақ? Мұндай жағдайда жалға алу төлемі бірден тоқтатылады, активтер қалыпты жұмыс жағдайына жеткенге дейін осылай тұрады. Ал оларды қалпына келтірумен кім айналысады? Әрине, активтер иесі айналысады. Ол кім? Ол – Ислам банкі.
Ислам банктері мен кәдімгі банктер арасындағы айырмашылықтардың енді бірі, заң тілімен айтқанда «юрисдикция» мәселесі. Кәдімгі банктер клиенттермен азаматтық кодекске негізделген қызметтер жайында келісім бекітеді, және бұл олар үшін қолайлы. Алайда, ислам банктерімен ынтымақтастық орнатып, белгілі бір операцияларды жүзеге асыруға мәжбүр болған жағдайда, олар өздеріне беймәлім Шариғатты жетекшілікке алуға міндетті болады.
Көптеген мұсылман мемлекеттерінде Шариғат жоғарғы құқықтық заңнама болып танылғанымен, ол елдерде бүгінгі таңда азаматтық кодекске негізделіп, өте белсенді түрде паралелльді жұмыс жасап жатқан құқықтық жүйелер бар. Ал Ислам банкі қандай жағдайда да ең алдымен Шариғат заңдарын басшылыққа алады. Бұл жайт «дәстүрлі» банктерді біраз тығырыққа салатыны жасырын емес.
Ислам банкингінің жұмыс тетіктері
Мудараба. Бұл бір жақтың (рабб әл-маль) капиталды (мудариб) басқарушы рөліндегі екінші жаққа өз капиталын ұсынуын білдіретін келісімшарт. Алынған табыс капитал иесі мен оны басқарушы арасында келісілген үлеспен бөлінеді.
Мұсылман құқықтанушыларының пікірінше, мудариб тарапынан еңбек, уақыт түрінде немесе басқа да келтірілген шығындар капитал иесінің қаржылық шығындары сияқты үлкен маңызға ие екен. Басқалай айтар болсақ, яғни мудараб келісімі табыстар мен шығындарды бөлу жүйесіне негізделген. Қазіргі кезде мударабты ислам банктері және Шариғат нормаларымен және қағидаларымен жұмыс жасайтын басқа да қаржы мекемелері арасындағы операцияларда белсенді қолданады.
Мұсылмандық құқық нормаларына сәйкес қызмет істейтін әртүрлі қаржы институттарының жұмысында танымалдылығы мен таралымдылығы жағынан мударабпен бірге мушарак әдісі де қолданылады. Мұндай келісім шарттың қатысушылары капитал салып, алынған табысты белгіленген үлес бойынша бөліседі. Егер шығын болған жағдайда, ол салынған капиталдағы әріптестердің үлестеріне пропорциональді түрде бөлінеді.
Әрине, ислам банкінің жұмысы тек табыстар мен шығындарды бөлуден тұрады дейтін болсақ, қателесер едік. Ислам банкінің қызметінде сонымен қатар қарыздық қағидаға негізделген келісім де бар. Мұны ислам заңы тілімен мурабаха деп атайды.
Мысалы, мұндай келісім талаптары бойынша, банк клиент өтінішінің критерийлеріне сай тауарды тауып, сатып әкелуге міндеттеме алады, ал клиент сол тауарды сатып алуға тиісті. Клиентке сатылатын тауар бағасының үстіне оған көрсетілген қызмет бағасы қосылады (тауарды табу, әкелу). Бұл басқа банктердегі үстеме пайыз бағасын қосу секілді көрінуі мүмкін. Ережеге сәйкес, клиент оны біртіндеп төлеу негізінде сатып алады.
Ислам банктерінің басқалардан айырмашылығы да осында: ол тек банктік операцияларды ғана емес, сонымен бірге, сауда операцияларын да жүзеге асырады. Алайда, бүгінде көптеген елдердің заңдары банктерге сауда және басқа да банктік емес операцияларды орындауларына тыйым салатыны белгілі, ал ол өз кезегінде ислам банктерінің халықаралық қаржы құрылымымен интеграциясына кедергі келтіріп отыр.
Ислам банктері механизмдерінің енді бірі – иджара деп аталады. Бұл ұзақ мерзімге жалға беруді көздейтін лизингтік операцияның балама бір түрі. Иджара бойынша банк пен клиент келісім жасасып, сол арқылы банк құрал-жабдық сатып алады да, оны клиенттің талаптарымен оған жалға береді. Жалға алу мерзімі мен құны екі жақты келісім негізінде бекітіледі. Құрал-жабдыққа меншіктілік құқы банкте қалады. Ол тек клиентке құрал-жабдықты пайдалану және одан түскен табысты иелену құқын ғана сатады. Бұл банк өнімі өндірісті және құрылыс жұмыстарын қаржыландыру кезінде қолданылады.
Иджара Тумма Әл Бай – сатып алу құқымен жалға беру. Ислам банктерінің бұл механизмі жоғарыдағы иджараға тым ұқсас, бірақ бір ерекшелігі, мұнда клиент банктен бір мүлікті жалға алып, мерзімі біткен соң, оны сатып алуға тиісті. Банк алдын ала сатып алу бағасын белгілейді. Клиент біртіндеп жалға алғаны үшін төлемін және мүліктің құнын төлей береді, ал жалға алу мерзімі біткенде ол сол мүліктің толық құқылы иесі болып қалады.
Истиснаа – бұл қоғам өмірінің талаптарын қамтамасыз ететін шаруашылық салаларын жасау немесе кең көлемде капитал салынатын нысандар құрылысы секілді маңызды әрі ұзақ мерзімді жобаларды қаржыландыру үшін арнайы жасалған банк өнімі. Истиснаа бойынша екі жақ келісім жасалған сәтте бекітілген баға бойынша есептеседі. Төлемдер жобаны жүзеге асыру барысында немесе ол біткеннен кейінгі белгілі бір мерзім аралығында жасалады.
Истиснаа келесідей кезеңдер негізінде жүзеге асырылады:
1) әуелі клиент белгілі бір бағамен, белгілі бір сапа талабымен әлдебір мүлікті жасау, салу немесе сатып алу тапсырмасымен Банкке өтініш түсіреді, сонымен қатар исламдық және экономикалық сарапқа түсе алатындай қалаған өнімінің нақты сипаттамасын ұсынады;
2) Банк клиентке белгіленген уақытта өнімді жасауға, салуға немесе тұрғызуға және жеткізуге келісім береді (қаржыландыруды құптайды);
3) Бұдан кейін банк бекітілген мерзімде жұмысты атқаруға келісім берген өндірушімен, құрылыс ұйымымен немесе зауытпен шартқа отырады;
4) Жұмыс нәтижесі банк пен клиент арасындағы шартта келісілгендей, не клиентке не банкке табысталады;
5) Клиент банкпен жасасқан келісімге сәйкес, банк қызметіне төлем жүргізеді.