Жауап: Белгілі болғандай, Ислам бағытындағы жұмыстармен айналысу, осы салада кадрлар дайындау жұмыстарын жүргізу Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құзыретіне кіреді. Мен осы салада Діни басқармамен үнемі байланысып, олардың жұмыс бағыты бойынша ақпарат алмасып, тәжірибелерімізбен бөлісіп отырамыз.
Менің білетінім Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен діндар әйелдермен жұмыс жүргізу үшін тиісті кадрлар даярлау мақсатында жекелеген медреселерде қыздар бөлімдерін ашу және мешіттердің жанынан әйелдердің діни сауатын арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Діни басқармадан алған мәліметім бойынша, бүгінгі таңда ел аумағындағы мешіттердің көбінде әйелдер қауымының қатары көбейіп келеді. Мешіт қабырғасында өтетін игі шараларға әйелдер жамағаты белсенді қатысады. Олардың ішінде діни білім алуға ынталы және дін тақырыбында насихат тыңдағысы келетін әйелдер бар. Алайда, дінді үйрететін әйел ұстаздар қатары аз болып отыр. Діни басқарма осы жағдайды ескере отырып, діни оқу орындарында әйелдер топтарының ашылуына баса назар аударуда. Соның ішінде, 2014-2015 ж.ж. оқу жылында «Нұр-Мүбарак» ислам мәдениеті университетінің Исламтану факультетіне 41 қыз бала оқуға қабылданған. Осы оқу орнында барлық курстарды қосқанда жалпысы 124 қыз оқушы білім алуда. Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Шымкент» медресесіне жаңа оқу жылында 44 қыз бала қабылданып, 2-3 курспен қоса есептегенде барлығы 84 қыз бала оқуда. Осы облыстағы «Сарыағаш» медресесіне ү.ж. 25 талапкер оқуға қабылданып, 2 курсты қосқанда 65 қыз оқушы білім алып жатыр. Алматы облысындағы «Үшқоңыр» медресесінің қыздар тобына құжат қабылдау қазан айына дейін жалғасады. Бүгінгі күні осы медреседе 18 қыз оқушы 2 курста оқып жатыр. Діни басқарма оқу орындарында қызмет жасап жүрген ұстаздарды тамыз айында сараптамадан өткізген.
Көріп отырғанымыздай, елімізде Ислам бағытында әйел кадрлар дайындау мәселесінде медреселерді білімді ұстаздармен қамтамасыз ету қажеттілігі Діни басқарма тарапынан ескерілген және шешу жолдары үнемі жетілдірілуде.
Өңірлердегі мешіттер жанындағы әйелдер жамағатымен атқарылып жатқан жұмыстар және осы жұмыстарды жүргізу барысында туындаған мәселелер, әлеуметтік желілердегі әйел жамағатымен жүргізіліп жатқан жұмыстар және теріс пиғылды топтардың ықпалындағы әйелдерге әсер ету, сонымен қатар, Діни басқармаға қарасты медреселер мен «Нұр-Мүбарак» ислам мәдениеті университетінде әйел кадрлар дайындау бағытындағы жұмыстар бойынша алдағы уақытта тағы да толығырақ жазамын деп үміттенемін.