Сұрақ: Ислам абақтыға жабуды құптай ма?
Жауап: Алла Елшісі (с.ғ.с) 622 жылы Меккеден хижрет жасап, Мәдинаға көшіп келгеннен кейін алғашқы кезде онда қала мемлекетін құрғаны белгілі. Ол (с.ғ.с) қоғамдық қатынас барысында орын алған келеңсіздіктерді реттеп, әділетті сақтау үшін мұсылмандық сот жүйесін құрды. Мұсылман қазылары Мәдина қаласында айыпталушының қылмысы ашылғанға дейін немесе қылмыскерді жазалау мақсатында абақтыға отырғызуды қолға алды. Оған Алла Тағаланың кейбір қылмыстар бойынша абақтыға жабу жөніндегі («Ниса» сүресі, 15 аят) үкімі негіз болған еді.
Пайғамбар (с.ғ.с) дәуірінде үстінен қылмыстық іс қаралған тұтқындар қашан азат етілгенге дейін абақтыда ұсталатын. Уахз ибн Хакимнің айтуынша, оның көршілерін қылмыс жасады деген күдікпен Алла Елшісі (с.ғ.с) абақтыға жапқан. Алайда атасы олардың қылмыс жасамағандығына кепіл болғаннан кейін Мұхаммед (с.ғ.с) оларды абақтыдан босатқан (М.Хамидуллах, 468 б).
Алла Елшісі (с.ғ.с) абақты ретінде арнайы ғимарат қолданбаған. Көбіне мешіт бөлмелерін пайдаланған. Мысалы, Сумама ибн Усаланың (р.а) үстінен қылмыстық іс қаралған кезде, оны уақытша мешітке қамаған еді (Бұқари, Хусумат, 6,7). Сонымен қатар, бай-дәулетті бола тұра қарызын өтемеген адамдарды да абақтыға жауып, жазалаған кездері болды. Әзіреті Әбубәкірдің (р.а) тұсында мұсылман қазылары қылмыстық іске айыпты деп танылған адамдарды мешітпен бірге үйлерге де қамап ұстаған.
Абақты үшін алғаш рет Омар (р.а) халиф кезінде Меккеде төрт мың динарға бір үй сатып алынған болатын (М.Хамидуллах, 468 б). Одан соң әзіреті Әли (р.а) қамыстан «Нафи» атты абақтыны салдыртады. Қылмыскерлер қамыстан жасалған абақтыдан қашып кете бергеннен соң, әзіреті Әли (р.а) жан-жағы қоршалған «Мәһис» атты жаңа абақтыны тұрғыздырды. Бірақ, бұл абақтылар қылмыстық іс анықталғанға дейінгі уақытша (мырзақамақ) қамап ұстау үшін салынған еді.
Алайда, кейінгі кезеңдерде мұсылман қазылары қоғамда кейбір адамдардың ұрлық, тонау, қарақшылық секілді істерді арнайы кәсіп қылуына байланысты, олардан келетін қауіптің алдын алу үшін қылмыскерді қашан толық тәубеге келгенге дейін ұзақ уақытқа абақтыға жабуды жөн санады (Ибн Абидин, Рәддул-Мухтар, ІІІ, 260). Осыған орай, мұсылман қоғамында тұрақты жұмыс істейтін абақтылар пайда болды.
Қылмыскердің қауіптілігіне қарай абақтылардың – ішінде еркін жүріп тұратын, аяқ-қолға кісен салатын, шынжырмен байлайтын, басқа бұғау кигізетін, тіпті құдық тәріздес зындан және т.б. түрлері болды. Бірақ, шариғат – қылмыскерді абақтыға жауып, оған азап беруді емес, тәубеге келтіру арқылы тәрбиелеп шығаруды (Хукмул-хабс фиш-шәриатил-исламия, 368, 369) мақсат етеді.
Мұхан Исахан
Бұндай ақпаратты бірінші рет оқып тұрмын. Ешқандай жерде кездеспейтін ақпараттармен бөлісетіңдеріңізге рахмет.