ХХ ғасыр басында Орталық Азияның мұсылман ағартушылары қадімші және жәдитші болып екіге бөлінді. Бірі – ежелден Мәураннахр мен Түркістанда қалыптасқан дәстүрлі ислам құндылықтарын жақтаса, екіншісі – медреселерде діни білім беру мен мұсылман қоғамын ілгерлету үшін жаңа реформа жасау керектігін алға тартты.
Қадімшілдер «Шура-й улама» атты ұйым құрса, жәдитшілдер «Шура-й ислам» атты ұйымның төңірегіне топтасты. Қазақ қоғамында қадімшілдер «Айқап» журналын басып шығарды. Реформаторлық көзқарастағы ағартушылар «Қазақстан» және «Қазақ» газеттерін шығарды.
Аталған екі топ та өз мақсаттарына қол жеткізе алмады. Себебі, 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін большевиктер билікті қолына алып, өзге күштердің бәрін шетке ығыстырды.
«Шура-й ислам» ұйымының мүшелері Кеңес үкіметіне қарсы «Иттихади-Тарраки» контр-революциялық ұйымын құрып, соңына дейін күресті. Олар жеңіліске ұшыраса да, шетелдерге кетіп, мұхажірлік бағытта күрестерін жалғастырды. Ал «Шура-й улама» тобының кейбір мүшелері Кеңес үкіметінің идеологиясына қарсы болса да, еріксіз олармен келісімге келді. Орталық Азияда большевиктер Түркістан автономиялық республикасын құрғанда, үкіметтің жанынан бұрынғы «Шура-и улама» өкілдері жергілікті халықтың мүддесін қорғайтын «Мұсылман бюросын» ашты.
«Иштракун» – 1918 жылы құрылған Түркістан Республикасы құрамында құрылған мұсылман бюросының мерзімді шығып тұрған басылымы еді. Т.Рысқұлов құрған мұсылман бюросы түрік халықтары арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін 1918 жылдың 20 маусымнан бастап түрік тілінде «Иштракун» газетін шығара бастады. Аталған басылымды Түркістан Республикасының ұлт істері жөніндегі халық комиссариятының органы кең көлемде пайдаланды. Алғашында аптасына үш рет шығып тұрған газет 1919 жылдың 1 наурызынан бастап 3 мың дана таралыммен күнделікті өзбек және қазақ тілдерінде шығып тұрды.
Кейіннен жергілікті халықтардың тілінде әдебиеттер басып шығаратын баспалардың болмауы мен газет-журналдардың жоқтығы себепті Т.Рысқұлов ұлт істері жөніндегі халық комиссариатына қарасты «Иштракун» газетін мұсылман бюросының қарамағына беруді талап етеді. Мұның өзі мерзімді басылым арқылы жергілікті халықтың сана-сезімін оятуға, жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың мәнін түсіндіруге мұсылман бюросының баса назар аударғанын көрсетеді.
Түркістан Республикасының орталық комитеті 1919 жылы «Мұсылман бюросын» жабуға қарар қабылдады. Осы кезде «Иштракун» газеті де өз жұмысын тоқтатты.
Мұхан ИСАХАН