«Өшіргіш қолданбай сурет салу өнерін «Өмір» деп атайды».
Джон Кристиан
Әбудің жұғымсыз баласы ауыл атына әбден кір келтіріп бітті. Азаматтық некедегі әйелінің баласына күн көрсетпей, ақыры сол үшін 4 жыл 8 айға отырып шықты. Өкіл әке 7 жасар баланы бес ай бойы қара су және қара нанмен қатырған. Мектептен келе көбейту кестесін сұрап, бір аяғын көтертіп, күні бойы бұрышқа тұрғызған. Бұл қатыгездіктің шегі болмады…
Әйелі Ажар баласына кейде араша түссе, кейде көрмегенситін. Айы-күні жетіп, ырсылдап жүрген аяғы ауыр келіншек мектептің еденін жуып, нәпақа табатын. Бірінші күйеуі араққұмар болды. Есінен танғанша, қалтасында қара бақыр қалғанша ішетін. Басы жерге жетіп, құлағанша арақты судай сімірді.
Жеген таяғы мен тепкінің салдарынан Ажар үш рет іштегі баласынан айырылған. Әупірімдеп жүріп осы баланы дүниеге әкелді. Ол кезде күйеуі наркологиялық диспансерде ес-түссіз жатқан. Көп ұзамай бақилық болды. Ажарға туған әпкесі қол ұшын созды. Өзі де жұмыс істеп, әпке-жездесінің қолында тұрды. Басында баспана болмаған соң, денсаулығы да сыр берген.
Көрші ауылдың бұған дейін екі рет үйленген Сұлтан атты жігітімен таныстыру әпкесінің енесінен шыққан ұсыныс болатын. Таныса салып, үйленуге ұсыныс жасаған жігіттің ойланбастан етегінен ұстады. Көп ұзамай бала көтерді. Сұлтанның ата-анасы бақуатты, бай отбасы болатын. Бұларды үйлене салысымен, ауылдың шетіне бөлек шығарды.
Бірақ, бұған дейін бұзықтығымен аты шыққан күйеуінен Ажар іштей өлердей қорқатын. Онысын білдіргісі келмей, жұмысқа шығып кетті. Жұмыста жүріп, Құдайдан тілеп алған баласын ойлайды. Оның жәутеңдеп өсіп келе жатқаны жанына батса да, тағдырына мойынсұнып, үнін шығармайтын.
Бір күні кешке үйге келсе, сыртқы есік шалқалай ашық тұр. Уайым мен қорқынышы екі жағынан қолтықтап, жақындап келеді. Бір сұмдықтың болғанын іші сезетін секілді. Бойынан әл кетіп, екі тізесі дірілдеп, табалдырықтан аттады. Едендегі қан дақтарын көріп, сол арада талып қалды.
Есін жиса, дәрігер мұның қан қысымын өлшеп жатыр екен. Медбике тамырына дәрі екті. Ол өзінің ауруханада жатқанын түсінді. Жасанды толғақ шақыратын дәрінің күшімен іште шетінеп кеткен шаранасын дәрігерлер босандырып алды. Арада біраз күн өткен соң, қаладағы жансақтау бөлімінде өмір мен өлім жатқан ұлына қарай сүйретіліп бара жатты.
Баласының бірнеше қабырғасы сынған, басы жарылған, мұрны сынған, бетінің сау-тамтығы қалмапты. Ішкі органдарына да әжептеуір зақым келіпті. Сорлы ана баласын құшақтап аңырап жылады. Дәрігерлер оған баласының жазылып кететінін, бірақ, жарымжан болып қалу мүмкін екенін айтты.
***
Сұлтан түрмеден босап шықты. Енді алаяқтықпен аты шықты. Ол ашқан жарнама агенттігіне алданып, сан соғып қалған жандарда шек болмады. Әлдекімнен 5-6 мыңнан бастап алған арам ақша 450 мыңдап тақырға отырғызумен аяқталды. Жиған-терген жарты миллионынан айырылып, алаяққа жем болған мұғалім мұны аяп қалмады.
Ауылдасым, көз көрген, пәленшенің баласы ғой дегендер мен әкесі ақша беріп, аузын жапқандар болса, әліптің артын бақты. Аузын ашса, сөздің майын тамызатын Сұлтанды бұл жолы әкесі құтқара алмады. Тағы да бақандай 5 жылға сотталып кетті.
Осылайша, 27 жасында Сұлтан 3 рет үйленіп, екі рет сотты болып, ауыл-аймақта «көш бастады». Алдыңғы екі келіншегі де ауылдың «мен» деген сұлулары еді. Бірі ауыл әкімінің жалғыз қызы. Бірінші қол көтерген күннің ертеңіне-ақ әкесі қызын әкетіп қалған.
Екіншісі Кәрібай қойшының кенжесі. Алғашқы құрсағы іште шетінеп кеткен соң, қатал әке мұның басына әңгіртаяқ ойнатып, соттатып жібере жаздаған. Әкесі байғұс соңғы тиынына дейін санап беріп, аман алып қалды.
Мектеп қабырғасында жүргенде де көрсетпеген құқайы жоқ. Елге абыройсыз болған әкесі, бар мүлкін осы ортаншы ұлына сарп етті. Үлкен ұлы мен кенже ұлы ақылды, қыздары да иненің көзінен өткендей сұлу да әдепті. Сұлтаны – құдды бір басқа әулеттің баласындай. Түр-тұлғасы сымбатты, бойы сұңғақ келгенін қайтейін, ит мінезді, әлемдегі бар жамандықты бір бойына сіңіріп алғандай.
Әкесі алып берген үйде тұрып жатқан Сұлтаннан бәрі іргесін аулақ салатын. Тіпті, көршілері де көшіп құтылды. Сырттан келген, үйді арзан бағаға сатып алған жаңа көршілері бұған мойын бұрып та қарамайтын. Қит етсе, жетіп келетін ауылдың учаскелік полицейі де әбден қитығына тиіп бітті. Аштан өлуге сәл-ақ қалды. Тағы да оңай пайда табу көзін іздеді.
Түрмеден босап шыққалы ат басын бұрмаған әке-шешесі мен бауырларын бір боқтап, ауыл-аймақты кезіп кетті. Құзғынды құзғын алыстан таниды. Көп ұзамай есірткі сатып байымақ болған командаға қосылып кетті. Өмірді жаңадан бастады. Аудан орталығындағы ең жақсы кафелер бұларды құшақ жая қарсы алады. Ақшаны оңды-солды шашып өмір сүрді.
«Қосымша табысы» да болды. Жас қыздарды пәтерге апарып, зорлап, видеоға түсіріп, бейнежазбаны сатып, ақшаға қарық болатын. Қаншама қыздың көз жасы мен есірткіге тәуелді болған талай жастың обалы жібермеді. Заң бұларды тайраңдатып қоймады. Сегіз жылды арқалап тағы кетті…
***
Тар қапаста жатып көп ойланды. Өмірінің көбі түрмеде өтіп жатыр. Жасы болса қырыққа таяп қалды. Мұның жүрісі мынау. Бостандыққа шыққан күні әке-шешесінен кешірім сұрап, аяғына жығылып, түзелемін деп бекінді. Ойлары мұны ойға да, қырға да сүйреді.
Көз алдына бірінші әйелі келді. Аты – Қамар болатын. Сұлтанмахмұттың шығармасына арқау болған нақ Қамар сұлудың өзі еді-ау. 20 жасында әкімнің 18 жасар қызына есі кете ғашық болды. Күндіз есінен, түнде түсінен шықпады. Әкесі баласының жайын тыңдап, тәуекелге бел буды. Өзі де қара жаяу емес, ауылдың білдей бас есепшісі. Қамардың үлбіреген ақша жүзі, ботадай көздері, шиедей еріні, бұралған қыпша белі көрген жанды еліктірмей қоймайтын.
Сұлтан қызғаныш деген қызыл иттің арбауына түсті. Нәзік те сұлу Қамар мұның қол көтергеніне шыдай алмады. Бетіне жел тимей өсірген қызын әкесі әкетіп бара жатып, мұны оңдырмай қарғап кетті.
Қойшының қызы демесең, Аңсаған да сұлудың сұлуы еді-ау. Ауылдың хас сұлуларын бірінші болып құрыққа түсіретін Сұлтанды жігіттер қауымы жек көретін. Ол толқынды шашын артқа қайырып тастап, үстіне қымбат бешпет-шалбарды киіп, алшаң басып келе жатқанда түрік сериалдарындағы басты рөлді сомдайтын актер біткен жолда қалатын.
Ащы суға тойып алып, әйелін тепкінің астына алды. «Құрсағымда жатқан баламызды аяшы!» – деген Аңсағанның жалынышты даусы қызғаныштың қызыл жалынынан құтқара алмады.
Кәдірбай қойшы мұны қамшымен сабап жатқанда, әкесі келіп ара түсті. Бекер түсті. Сот залында сүмірейіп тұрғанда әкесі тағы араша сұрады. Ақшасын да, қара малын да аямады. Бекер кірісті.
Ол бір сәт осының бәріне құдды әкесі кінәлі сияқты сезінді. Іштей ай жүзді әйелдерін ойлап, сағыныштың сан мың инесі жүрегін шымырлатты.
Ал Ажар есіне түскенде миығынан мырс етті. Бір сәт соған үйлендірген әкесін жазғырып, өкінді. Ол әйелдің көз тартар көркі де, қыпша белі де, тәтті қылығы да жоқ еді. Тиісерге қара таппай, ақысын кімнен аларын білмей жүрді. Ажарды қызғана алмады. Үн-түнсіз жүретін.
Бірақ, үй тірлігіне пысық болатын. Сөзінен ілік тауып, тиісейін десе, сөйлемейтін. Сонымен, оның ақысын бейкүнә баласынан алды. Әйел бұған да көз жұма қарады. Одан сайын зығырданы қайнап, баланы өлімші халге жеткізіп сабап тынды.
Есірткі сатып, бөтен ортаға түсуіне де әкесі кінәлі. Халін сұрамай, аш қалдырған өзі. Бірақ, сонда да, өтірік кешірім сұрап, әкесінің қамқорлығына қайта кірмесе болмас деп шешті.
***
Аяғына келіп жығылып, кешірім сұрап, жылаған ұлына қарап, әкесінің жүрегі езілердей болған. Бауырларының да сеніміне кіріп, өмірді қайта басынан бастамақ ниетте еді. Ата-анасы аттай қалап, көрші облыстан ұлының көңілі ауған 21 жасар қызға құда түсіп, барлық жөн-жоралғысын жасап, ұлын тағы үйлендірді.
Қырыққа қараған шағында жап-жас қызды алып, бақыттан басы айналды. Сәлима жеңгесі араға килікпегенде… Әттең…
Сампылдаған Сәлиманың сумаңдап жүрмейтін жері жоқ. Келін түскен күні-ақ шымылдыққа Сұлтанның удай мас досы Аманды кіргізіп жіберіп, өзі ауылына қайтып кеткен. Қайнысымен ойнаған түрі. Болар іс болып, бояуы сіңген соң, Сұлтан сұлуын дереу төркініне кері қайтарып жібереді.
Аманның әйелі бұл сұмдықты естіп, алты баласын шұбыртып төркініне кетіп қалыпты. Қайтып келмеді. Сұлтан болса, жер-көктен іздеп, Сәлима жеңгесін таба алмады. Аудан орталығында тұратын үйіне он рет барды. Ойынның арты отқа оранғанын естіп, ол да қашып жүрсе керек.
Арада күндер, айлар өтіп жатты. Таң атса, күн батып, ауылдың қып-қызыл лаулаған өсегі де басылған. Сорлы қыз төркініне жеткен соң, арада бір ай өтпей, асылып өліпті. Сұлтан да бөтелкемен қайта дос болған. Қашан көрсең, құшақтасып бірге жүреді.
…Бір күні әдеттегідей өлердей мас болып келе жатқан. Күн ұясына батар шақ. Көзіне көрінген аудан шетіндегі дүкенге кіріп, арақ сатып алмақшы еді. Қарсы алдында бір келіншек теріс қарап тұр екен. Дүкенші пышақпен шұжықты бөліп, таразыға тартып жатыр. Сампылдаған даусынан Сәлима жеңгесін бірден таныды. Ол да бұны көріп, есікке қарай жалма-жан ұмтылды. Бұл да дүкеншінің алдындағы пышақты қолына іле оған сілтеп үлгерді. У да шу… Айнала қып-қызыл қанға бөкті…
Сұлтан есін жиғанда темір тордың арғы жағында отыр екен. Басы құрғыр сынып, алып барады. Қасында ешкім жоқ. Су сұрап еді, онысын ешкім естімеді де. Аса ауыр қылмыс жасағаны үшін, үш бірдей адамды өлтірді деп айыпталып, 20 жылға сотталды. Жазасын айрықша режимдегі түзеу мекемесінде өтейтінін сот ышқына хабарлап жатты…
Сәлима сол күні дүкенге азық-түлік алуға барған. Өкінішке орай, іштегі жеті айдан асқан егіз баласын да, өзін де дәрігерлер аман алып қала алмады. Пышақ тұп-тура қарнын сойып түсіпті…
Бұған дейін де жатырда жатқан өз ұрпағының, неше жазықсыз шарананың мына жарық дүниені көре алмай кетуіне себеп болған Сұлтанды олардың наласы жібермеген секілді. Ұрпақсыз кетті…
***
Жиырма жылды артқа қалдырып, Сұлтан үйіне оралды. Өмірінің 37 жылы түрмеде өткен бейбақ есік алдындағы орындықта күн ұзақ отырады. Атқан таң мен батқан күнге көз тігеді. Асты-үстіне түсетін, қабағына қарап, қамын ойлайтын ата-анасы бақилық болыпты. Оларға бір уыс топырақ та сала алмады.
Сұлтан түрмеден шығып, барар жері, басар тауы қалмаған соң, бауыры қара шаңыраққа алып келді. Кезіндегі сұңғақ бойлы, көрікті жігіттен жұғын да қалмаған. Өкпесі тесіліп, құрт ауруына шалдыққан. Басқа да жұққызған аурулары жетерлік. Шашы аппақ, сиреген. Аузындағы азу тістерінің де бірі қалмаған. Екі жағы кіріп, өңі солып, көзі шүңірейіп, қабырғасы арсиып қалған. Бір қарағанда, тірі әруақ дерсің!
Ауылдың үлкен-кішісі бұл үйге бұрылып қарамай өтпейтін. Бәрі де сол баяғы көрікті жігіттің қалай шөккенін, қалай жеңілгенін көргісі келетін болар. Жас балалар келіп, қолын алатын. Үлкендер үнсіз басын шайқап, өте шығады.
Арада бір ай өтер-өтпес, Сұлтан өмірден қайтты. Қанша қыздың арманына айналған көрікті жігіттің «көріксіз» өмірі осылай тез-ақ аяқталды.
Айгүл ӘЖІБАЕВА