Бұл тарихатты Ниматулла Уәли (1431 ж.ө.) атты шайх негізін қалады. Алғаш тарих сахнасына шыққан кезде тарихаттың ішкі ережелері сүнниттік нормаларға сай болғанымен, кейін біртіндеп уақыт және кеңістік тұрғыдан ниматуллашыларға шииттік сенім екпінді ықпал ете бастады. Осыған орай, зерттеушілер ниматуллашылар қауымдастығының тарихын шартты түрде былайша екі кезеңге бөліп қарастырады:
Бірінші, Ниматулла Уәли және ХVIII ғасырдың басына дейінгі кезең.
Екінші, Масум Әли шах Декани мен Шах Тахир Деканидің 1776 жылы Үндістаннан Иранға қайта оралуынан бүгінгі күнге дейінгі кезең.
ХV ғасырдың алғашқы жартысында Ниматулла Уәлидің соңынан ерген сопылардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде тарихат бүкіл Иранға әсер ете алатын үлкен қауымдастыққа айналды. Олар қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтарын өздеріне тарту арқылы өз жақтастарының санын мейлінше арттырды. Дегенмен, келе-келе тарихат өз деңгейін көтеру үшін көбінесе ақсүйек топтарға арқа сүйеді. Осы талғампаздықтың нәтижесінде Иранның ірі феодалдары ниматулашыларға мүше болып кіруді өздеріне зор құрмет санай бастады. Яғни, ішкі қағидалары тақуалықты арттыруға арналғанымен, қауымдастық қоғамға ықпалды тұлғаларды мүше етумен біртіндеп саяси сипат алды.
Тахмаспа Біріншінің (1524-1576 жж.) тұсында ниматуллашылар үкіметке қарсы оппозициялық жасырын ұйымға айналды. Сафави әулетінің билігін құлатпақ болған Бекташ ханды жақтап ниматуллашылар Аббас І-ге (1587-1679 жж.) ашықтан-ашық қарсы шықты. Қауымдастықтың саясиланғанынан қауіптенген Аббас І және оның мирасқорлары ниматуллашыларды қатал жазалауға көшті. Оларды бұрынғы ықпалы мен беделінен айырып қана қоймай, тарихаттың ұжымдық түрде жұмыс жасауына мемлекеттік тұрғыдан тыйым салды. Ал, биліктің құрығынан аман қалған ниматуллашылар рабат (шекара) аймақтарына қашып, жан сауғалады. Қуғындалу барысында қауымдастық жетекшілері Үндістанға өтіп кетті.
Хайдарабадтан 1776 жылы оралған Масум Әли Шах пен Тахир Декани тарихаттың силсаласын жаңғыртушы ретінде Иранда қайтадан бой көрсетті. Масум Әли Шах (1794-1798 жж.) Ширазда тұрақтап, осы жерді қауымдастықтың жаңа орталығы етті. Ол Наджарлар әулетінің (1796-1925 жж.) қолдауымен өз идеяларын кең көлемде насихаттаумен тарихаттың бір кезде айырылып қалған беделін қайтадан қалпына келтірді. Тіпті, ықпалын әжептәуір арттырды. Сөйтіп, ХІХ ғасырдың ортасына дейін ниматуллашылар тұтастығын сақтай отырып ілгері дамыды. Алайда, ХІХ ғасырдың аяғына қарай ниматуллашылар өз ішінен бірнеше тармаққа бөлініп кетті. Бұлардың ішінде Гунабаттар тармағы тарихаттың негізін сақтай отырып, Иран тарихында маңызды қызмет атқарды.
Гунабаттар негізін Ана Мұхаммед Қазым Исфахани қажы (1876 ж.ө) қалады. Бұл кезде ниматуллашылардың Бидхуд пен Тегеранда негізгі екі орталығы болды. Сонымен бірге, Исфаханда, Керманшахта, Мешхадте, Реште, Хамаданда да ханакалары орналасты. Әу баста, ниматуллашылардың ілімін Ниматулла Уәли ұсынған рухани ұстаным мен діни тәжірибе негізін құрады. Бірақ, кейін тарихат біржолата шиттік бағытқа көшкен соң, белгілі бір деңгейде өзгерістерге ұшырады. Мысалы, өзгерістен соң ниматуллашылар өз аттарына хз.Әлидің атын қосып айтуды міндетті санады. Рухани кемелденуді жеті сатыдан, кейбір мүшелері қабілеттеріне қарай қырық пен жүз сатыға дейін көтерді. Қауымдастықтың кейбір тармақтары табысының 10 пайызын, кейбір тармақтары табысының 1/8 пайызын тарихатқа беруі тиіс еді. Сондай-ақ, ниматуллашылар Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) туған күні – «Мәуліт» мерекесімен бірге хз.Әлидің туған күнін мереке ретінде тойлайтын. Әлбетте, бұл ниматуллашылардың әз-пайғамбарға деген сенімінің бұзылғандығының көрінісі еді. Әсілі, Құранда «Ахзап» сүресінің 40-аятында Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) басқаларды теңестіруге болмайтындығы анық айтылған. Яғни, ниматуллашылардың адамзаттың ардақтысы әз-пайғамбарды (с.ғ.с.) хз.Әлимен тең қоюы – олардың дәстүрлі Исламнан ауытқығандығын байқатады.
Сонымен қатар, ниматуллашылардың шииттік бағыттан болуы да, тарихаттың саяси тұрғыдан ортодоксальді Исламға қарама-қайшылығын әйгілейтін еді. Шииттік ағымдардың пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қызы Фатима мен күйеу баласы хз.Әлиден тараған ұрпаққа ғана халифалық тиесілі деген саяси көзқарасы сүнниттік ұстанымға кереғар-тын. Бұл алғашқы халифат тізгінін ұстаған хз.Әбу Бәкір, хз.Омар, хз.Османның билігінің лигитимдігін жоққа шығару еді. Жалпы, Хақ діннің негізгі қайнар-көздерінде халифалық биліктің мұрагерлік жолмен берілетіндігі туралы дерек жоқ. Керісінше Құран Кәрімде: «Аллаға бой ұсынып, пайғамбарға, әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар» («Ниса» сүресі, 59-аят) – деп бұйырылған. Хақ Елшісі (с.ғ.с.) де: «Исламға сай ел билеген әміршілерге мойынсұныңдар», – дейді. Осы себептен де, дәстүрлі Ислам ғұламалары шииттік саяси ұстанымды теріске шығарады.
Дәстүрлі Ислам негіздерінде «тарихат» – «мухлистің (ықылас иесі) көңіл әлемін Хақ шуағына бөлейтін, қауыштыратын қағидаттар жүйесін құрайтын жол» мағынасын білдіреді. Әйтсе де, сопылықтың атын жамылып, Ислам құндылықтарын аяққа таптаған бұзылған тарихаттар осы жауһар ілімге ұдайы кері әсерін тигізіп келеді..