Әлеуметтік желідегі белсенділігімен танылған «тиктокер имам» Нұрлан Байжігітұлы қоғамда талас тудырған күрделі діни мәселелерге жаңаша «либерал үкім» берумен көптің көңілінен шығып жүр. Оның пікірлерін «пәтуа» ретінде қабылдаған жұрт елімізде бір «заманауи» имамның пайда болғанына дән риза. Тіпті қарапайым халық түгілі, исламофобияның «созылмалы дертіне» шалдыққан кейбір танымал желі қолданушылары да аяқ астынан имамға бүйректері бұра қалыпты.
Әдетте олар «молда» десе, кекетіп, кекесінмен сөйлеуге дайын тұратын, ал бұл жолы Нұрлан имамның «пәтуалары» жанына майдай жақса керек. Бұған Нұрекеңнің осыған дейін «тап-таза харам» деп келген кейбір үкімдердің иінін жұмсартып, жаңаша илеп, халалға қарай бір табан «жақындатып» қоюы себеп болған сыңайлы.
Сондай жайттардың бірі – несие, ипотека алу мәселесі. Дін ұстанушы азаматтар «мүфтият қашан несиеге қатысты бір пәтуа қабылдар екен» деп сарғая күтіп жүргенде Нұрлан имам бір-ақ ауыз сөзбен оның «үкімін» шығарып бергендей.
Нақтырақ айтсақ, жуырда TikTok әлеуметтік желісіндегі кезекті стрим кезінде оқырманның «Жилстройға» ақша құйып, үй алу күнә ма?» деген сауалына имам: «Біз, қазақ, осы уақытқа дейін қаңғып-қаңғып біттік. Өз жерімізде біреуге телмірген ел болдық. «Алуға болмайды» деп жүргендердің өз пәтері бар. Өмір бойы баспана жалдап, біреуді байыта береміз бе? Ол күнә емес» деп жауап берген болатын.
Біздің білетініміз – кез келген банк тек пайызбен жұмыс істейді. Пайыз алмаса, банк банк емес. Бұрынғы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, қазіргі «Отбасы банкі» де одан тысқары емес. Ипотеканың кез келген түрі пайыздық үстемемен берілетіні белгілі.
Оған дейін белгілі журналист Нартай Аралбайұлының YouTube арнасына берген сұхбатында да несие тақырыбындағы сұраққа тоқтала келе: «Адам қиналып тұрса, ақша алатын басқа жері болмаса, ешкім қаражат бермесе, несие алмағанда қайтеді?!», – деген болатын. Дарул-харбта, яғни мұсылмандар азшылықты құрайтын елдерде несие алуға рұқсат ететін пәтуалар бар екенін тілге тиек еткен ол біздің елімізде де қиналған адамның несие алуына болатынын жасырмады.
Бүгінде бұл сөзі көп адамның көңіліне қуаныш ұялатып, шариғаттың «тас құрсауынан» шыққысы келетіндер үшін үміт отын жаққандай болғанымен, имамның әсіре «либерал» пікірін сынға алып, дінді босаңсытып жіберді деп кінәлаушылар да аз емес.
Негізі бұрын Нұрлан имам шариғат шеңберінде «консервативті» пікір айтып келгені жақсы белгілі. TikTok-та танымал болмай тұрып түрлі баспасөз беттерінде тұшымды, терең мағыналы мақалалар жазып, орақ тілді шешендігімен қатар, қаламынан бал тамған жазғыштығымен де көзі қарақты оқырманның ықыласына бөленген. Мәселен, ол бірқатар облыста өкіл имам болған кезінде ҚМДБ жанынан шыққан «Ислам және өркениет» газетіне де жиі мақала жариялап тұрды.
Сол газеттің осыдан оншақты жыл бұрынғы бір нөмірінде Нұрлан Байжігітұлының «Өсімқорлық және ғаламдық дағдарыс» («Ростовщичество и глобальный кризис») деген тақырыппен мақаласы жарияланған болатын. Ол жерде несиеге қатысты бүгінгі жұрт арасына тарап кеткен пікіріне мүлдем кереғар ұстанымын байқатқан еді.
Сөзіміз дәйекті болу үшін мақаладан үзінді келтірсек. Солтүстік көршінің мемлекеттік тілінде жазылған мақала болғандықтан, үзінділерді де түпнұсқада бергенді жөн көрдік.
Сөз басында бүгінгі адамдардың рухани құндылықтардан гөрі материалдық байлыққа жетуді басты мақсат етіп қоюы салдарынан әлемде экономикалық дағдарыс орын алып жатқанын баян еткен ол бұған себепші болып отырған өсімқорлықтың қандай жағдайда да харам болып қалатынын жазады:
«Говоря о таком явлении как ростовщичество, которое является трудно излечимой, заразной болезнью всех времен и народов, следует сказать, что оно изначально было запрещено Аллахом. В Исламе оно приравнивается к слову «Харам», то есть «запретное».
Яғни аз болсын, көп болсын, пайызбен ақша беру харам екенін, Исламда әу бастан тыйым салынғандығын айтып тұр.
Одан әрі өсімқорлықтың зардаптарын тізбелей келе одан бас тартпау – Алла мен пайғамбарға қарсы соғыс ашумен тең екендігін білдіретін «Бақара» сүресінің 278-280 аяттарын келтіреді де:
«Это значит, что тот, кто считает ростовщичество дозволенным и оправдывает себя какими-либо фразами как, например, «без этого сегодня не прожить», не только сам нарушает явный запрет Всевышнего, но подталкивает и других людей к совершению греха. Выходит, кто вовлечен в ростовшичество – он объявляет войну Аллаху и Его Пророку (с.а.с.)», – дейді.
Бұл жерде «несиесіз өмір сүру мүмкін емес» деп ақталу – Алланың заңын бұзу болатындығын өзі де айтып отыр. Ал күні кешегі тікелей эфирі мен сұхбаттарында қазақтың үйсіз қаңғып кеткенін алға тартып, ипотекамен үй алуға болатындығын айтуы аталған мақаладағы өз сөзіне қарсы пікір емес пе? Нұрлан имам екі сөйледі ме?
Дегенмен, кейінгі бір тікелей эфирінде «Ол жерде пайыз, ипотека адал» деп айтпадым деп өз сөзін түзегендей болған екен. Бірақ әлеуметтік желіде кең тарап кеткен бірінші видеоны көрген адам пайыз қосылған ипотека адал екен деген ой түйетіні анық.
Бүгінгі күні банк қызметкерлері де Нұрлан имамның осы сөзін «қару» қылып алғанын айта кету керек.
Сол мақаласында Нұрлан Байжігітұлы өсімқорлықты адам өмірінен түбегейлі жойып жіберу мүмкін болмаса да, исламда пайыздың харам болу себебі – жұртты қарыз батпағынан құтқару, оның орнына өз еңбегімен табыс табуға үндеу мақсаты жатқандығын айтады.
Иә, біздің ойымызша, халыққа діннің тазасын уағыздаушы имамдар ақты ақ, қараны қара деп, харамның “халалға” айналып кетуі мүмкін жайттардың алдын алып отыруы керек деп ойлаймыз. Харам нәрсе онсыз да қоғамда аз насихатталып жатқан жоқ. Пайыз қосылған кез келген нәрсе, арақ, темекі, бәс тігу, т.б. бәрі де насихатқа кенде емес. Адам баласын мұның бәрінен сақтандыруы тиіс дін қызметкерлері қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да дұрыс үкімді айтып отырса, ойланған адамның санасына жетері анық.
Ал ипотеканы, несиені алу-алмау – әркімнің өз қалауындағы нәрсе.
Сіз қандай ой қосасыз, оқырман?..
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ