Қазақстан – әр адамның наным-сенім бостандығына құрметпен қарайтын демократиялық, зайырлы мемлекет. Алайда сананы улайтын жат ағымдардың алдын алу – мемлекеттің өзекті мәселелерінің бірі. Бүгінде әлеуметтік желі арқылы жат діни ағымдардың материалдары жиі тарала бастады. Сол себепті мемлекет тарапынан алдын алу шаралары жүргізілуде.
Бүгінде әлеуметтік желілерде тыйым салынған ақпараттарды таратушылармен күрес «Kazdream Media» мониторинг жүйесі арқылы бақыланады. Арнайы жүйе арқылы тыйым салынған ақпараттарды таратушылар да, жүктеушілер де, қауіпті аймақтар да қатаң бақылауда.
Соған қарамастан олар ғаламтор арқылы әлемнің кез келген түкпіріне уағыздарын таратып отыр. Солардың бірі Қазақстан аумағында Астана қаласы сотының 2005 жылы 28 наурыздағы шешіміне сәйкес тыйым салынған – Хизб-ут Тахрир ұйымы. Бұл ұйымға тек Қазақстан аумағында ғана емес, көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және де бірқатар мұсылман елдері – Пәкістан, Сирия, Иордания секілді мемлекеттерде тыйым салған.
Бірақ бұл ұйым ғаламтор желісінде уағыз тарату арқылы көп адамдардың қаралымына ие болған. Сол себепті олардың идеологиясы әлемнің 40-тан астам елдерінде таралған деген деректер бар.
Осы секілді Қазақстан аумағында тіркелмеген миссионерлік топтардың белсенді жұмыс жасауы заңға қайшы әрекет. Себебі Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазанында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңының 8-бабының 1-тармағына сәйкес, елімізде ресми тіркелген діни бірлестіктердің өкілдері болуы тиіс және заңға сәйкес Қазақстан азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар миссионерлік қызметті тиісті тіркеуден өткеннен кейін ғана жүзеге асырады. Елімізде миссионерлер жыл сайын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарында қайта тіркеуден өтулері тиіс.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2022 жылғы мәліметтеріне сүйенсек, елімізде ресми тіркелген діни бірлестіктің саны – 3877. Әрине оның көпшілігін исламның ханафи бағыты мен христиандықтың православие бағыты құрайды. Бұдан басқа, католиктер, протестанттар, будда, иудей т.б. діни сенім өкілдері де баршылық. Сонымен қатар 371 миссионер ресми тіркелген, оның 296-сы шетелдіктер, 75-і Қазақстан Республикасының азаматтары.
Дін туралы ақпараттарды әлеуметтік желіден іздеу қауіпті, себебі ол деструктивті діни ағымдардың тұзағына түсудің бірден-бір жолы. Қазір әлеуметтік желілерде кері ағымдардың идеологиясы 70 пайызды құрайтындығы зерттелді. Сол себепті ғаламтордағы кез келген ақпаратқа мән беріп, тағылымы терең, ұлттық болмысымызды дәріптейтін кітаптар мен тарихи діни жәдігерлермен таныс болған абзал.
Желі қолданушыларының деструктивті діни ағымға кірулерінің бірден-бір себебі – әлеуметтік желідегі кері ағымдағы қауымдастықтарға тіркелулері. Әдетте ондай қауымдастықтардың атаулары бейтарап болып келеді, мысалы: «Исламдағы махаббат», «Счастье в Исламе», «Пайдалы насихат» және т.б. атауларды айтсақ болады. Алайда, оны «қой терісін жамылған қасқыр іспеттес» өздерінің идеологиясын насихаттауды ғана көздеген ақпараттық тұзақ деуге болады. Олар жарнама, қызықты контент жүргізіп, түрлі діни сауалдарға жауап беру арқылы өздеріне баурайды. Бұл санаға жасалған виртуалды шабуыл.
Зерттеулерге сәйкес «ВКонтакте» әлеуметтік желісінен «Ислам» сөзі сұранысы бойынша 8320 қауымдастық, «Құран» сөзі бойынша 4231 қауымдастық, «Сунна» сөзі бойынша 11408 қауымдастық және т.б. ұқсас қауымдастықтар тіркелген.
«Инстаграм» әлеуметтік желісінен #ислам хештегімен 5 132 729 пост, #құран хештегімен 467 765 пост, #сунна хештегімен 2 011 500 пост жарияланған. Әлеуметтік желінің іздеу жүйесінде «ислам» сөзін терсеңіз, экстремистік мазмұндағы жүздеген бейнеролик, оның ішінде деструктивті қозғалыс жетекшілерінің бейне хабарламаларына тап боласыз. Бұл әлеуметтік желі қолданушылары үшін сауалдарына тез жауап алудың бірден-бір жолы. Мұның салдары санаға экстремистік шабуыл мен террористік әрекеттерге дейін алып баруы ықтимал.
Елімізде мұндай заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатында соттың шешімімен 24 діни экстремистік ағымға және қазақ, орыс, өзбек тілді және т.б. жат ағымды насихаттаушы уағызшыларға тыйым салынған. Бірақ әлеуметтік желінің шеті-шегі жоқ, ол жерде белгілі бір аумақты таңдап тыйым салып, шектеу қойып тастау мүмкін емес. Сол себепті де бұл ағымдардың жазбалары әлеуметтік желіде көптеп таралған. Оларды тарату, насихаттау жіті бақылауда және заң бойынша жазаланады.
Ғаламторда жат ағым уағыздаушылары көбейсе, олардан қалай сақтанбақ керек? Ең алдымен ескере кететін жәйт, ғаламтордағы кез келген діни ақпарат шынайы болмауы мүмкін. Сондай-ақ ғаламторда достарыңыздан немесе таныс емес адамдардан келген ақпараттарды сүзгіден өткізбей таратпаған абзал.
Әлеуметтік желіден діни ақпараттарды арнайы ресми сайттардан алу маңызды. Себебі, ҚР ӘҚБтК-нің 453 бабының 2 тармағы әлеуметтік желіде діни араздықты қоздыруға, экстремизмді немесе терроризмді насихаттауға бағыталған материалдарды таратуға болмайды (айыппұл мөлшері: жеке тұлғаларға 20 АЕК, лауазымды тұлғаларға – 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады).
Мониторинг барысында анықталған күмәнді парақшалар діни сараптамадан өтіп, теріс қорытынды берілген жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 453 бабы 2 тармағы бойынша хаттама толтырылып, әкімшілік сотқа жіберіледі.
Қазіргі таңда діни білімділік белгілі бір медресе аяқтау, имамнан сауат ашу немесе жоғарғы оқу орнын бітіруден ғана тұрмайды, ол ұлттың тарихын білу, құндылығын дәріптеу және әлемде болып жатқан жаңалықтарды, оқиғаларды қадағалап, оқудан тұрады. Басқа жаратылыстардан адамды ойлаумен ерекшелеп қойғандығы үшін көп дүниелерге ақылды қолдану заманның талабына айналғандай. Жат ағым жетегінде кетуден аулақ болайық, ғаламторды тиімді пайдалана білейік!
Гүлдариға БЕКЖАН,
Түркістан облысы дін мәселелерін
зерттеу орталығының
теолог маманы,
Раушан Нарбек