Мұхан Исахан: Екі дүниенің сәруары болған Хақ Елшісінің (с.ғ.с.) әрбір сөзі садақтан суырылып шыққан жебедей тура айтылатын. Ол (с.ғ.с.) иненің жасуындай болса да жалған сөз сөйлеген емес. Өйткені, Алла Елшісі (с.ғ.с.) – туралықты ту етіп ұстаған адамзат баласының ең асылы болатын. Егер зәредей бір өтірік сөйлеген болса, оның ұлы миссиясына орасан зор нұқсан келер еді. Онда Алла Елшісіне (с.ғ.с.) деген сенім жоғалып, дүйім жұрт соңынан еруден бас тартар еді. Сондықтан Ұлы Жаратушы оның рухын сыдықтықпен сырлап, өмірін туралықпен өрді. Оның (с.ғ.с) пайғамбар болмастан бұрын да уәдесіне берік, табанды болғанын Хилфул-Фудул ережелеріне адал болғанынан аңғарамыз. Мұхаммед (с.ғ.с) жиырма жасқа толғанда Меккеде Хилфул-Фудул (намыс одағы) қоғамы құрылды. Хилфул-Фудулдің құрылу себебі, иемендік Зүбайд тайпасының бір адамы сауда-саттық жасап Меккеге келеді. Базарға әкелген мүлкінің біраз бөлігін Меккенің танымал саудагері Ас Бин Уаилге сатады. Сатылған мүліктің ақшасын төлеуге келгенде Ас Бин Уаил ақшаны төлемей, оны қорқыта бастайды. Йемендік саудагер шарасыз күйде Меккедегі бірнеше адамға барып, осы мәселе бойынша өзіне көмекші болуларын сұрайды. Алайда, олар зардап шегушінің ақысын алып берудің орнына, Ас Бин Уаилдің беделінен қорқып, соның сөзін сөйлеп, керісінше жәбір көрген йемендіктің өзін айыптайды. Қатты күйінген иемендік саудагер Әбу Кубейс тауына шығып: «Әй, құрайыш халқы!» деп жар салып, көрген зұлымдығын өлеңмен халыққа жеткізіп, жәрдем сұрайды. Ас Бин Уаилдің арсыздығы күллі құрайыштың абыройына нұқсан келтірген соң Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) немере ағасы Зүбайр бастаған бір топ адам Абдуллах Бин Жүданның үйіне жиналып, «Кім болса да, залымға қарсы болып, зардап шегушіге жақтас боламыз», деп Хилфул-Фудул ұйымын құрады. Сөйтіп ұйым мүшелері иемендік саудагердің алашағын Ас Бин Уаилден алып береді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) жастығына қарамай осы қоғамдық ұйымды құрушы һәм қоғамдық ұйымның ережелерін белсенді түрде жүзеге асырушылардың бірі болды. Меккелік кейбір аристократтар сырттан келген кейбір қамқорсыз жандарға күш көрсетіп, дүние-мүлкін тартып алып, тізесін батыратын. Осы кезде Алла Елшісі (с.ғ.с.) әлгі қамқорсыз жандарды жанын салып қорғайтын. М.Хамидуллаһ меккелік Әбужаһилдің әлсіздерге әлімжеттік жасап, бұған Мұхаммед (с.ғ.с.) қарсы тұрып, Хилфул-Фудул жарғысына сай жәбір көрушінің алашағын әпергенін айтады. Әсілі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бен Әбужаһилдің екеуінің арасындағы дұшпандық осы кезден-ақ басталған еді. Алла Елшісі (с.а.с.) кейін Хилфул-Фудулді: «Мен Исламнан бұрын Абдуллах Бин Жүданның үйінде жасалған келісімге куә болдым. Мен үшін ол табын-табын қызыл түйелерден артық. Уаллаһи! Егер Ислам кезеңінде тағы да шақырылсам, сол үйдегі одаққа тағы да қосылар едім», деп еске алған болатын. .
Меккедегі сауда-саттық қатынасында әділдікті сақтап, зиян шегушілердің құқығын қорғау мақсатында құрылған Хилфул-Фудул ұйымы сөз жоқ сол заманда Хижаз аймағындағы игі бастама болатын. Өйткені, араб қоғамында әлсіздерге әлімжеттік жасау көбіне-көп алаяқтар мен алпауыттар тарапынан сауда-саттық қарым-қатынасы барысында жасалынатын. Мұхаммед (с.ғ.с) осы қарадүрсіндікке бөгесін болғысы келген Хилфул-Фудул ұйымы құрылғанда, оның ережелерін орындауға көпшілікпен бірге ант берген еді. Оның осы антына адал болғаны соншалықты ол (с.ғ.с) пайғамбар болмастан бұрын «Мұхаммед Әмин» деген лақапатқа ие болды.
Алла Елшісі (с.ғ.с) пайғамбарлық міндетін атқарған кезде де ұдайы уәдесіне беріктік танытатын. Бірде, Пайғамбарымыз (с.а.с.) Абдуллах Бин Әби Хамса деген бір саудагерден қарызға зат алады. Белгіленген күні пайғамбарымыз (с.а.с.) қарызын төлеу үшін келісілген жерге келеді. Бірақ Абдуллахты таба алмайды. Үш күн бойы сол жерге қайта-қайта келіп, Абдуллахты күтеді. Үшінші күні барып Абдуллахты кезіктірген Парасат падишасы (с.ғ.с) Абдуллахқа қарап: «Әй, жас жігіт! Мен сені үш күннен бері сені осы жерде күтіп жүрмін», деп кешіккен сахабасына байыппен ғана уәжін айтады.
Әлбетте, осы мысалдың өзі Алла Елшісінің (с.а.с.) уәдеге берік, берген сөзінен тайқымайтын табанды болғанын әйгілейді.