Осы аптада Өскемен қаласында Ақпарат және коғамдық даму министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мемлекеттік гранты аясында «Парасат» кеңес беру-әдістемелік орталығы «Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерін даярлау және қайта даярлау жұмыстарын ұйымдастыру» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру топтарының әртүрлі деңгейдегі мүшелерін даярлау курсын өткізіп жатыр.
Аталмыш жобанының маңызы мен мақсаты туралы «Парасат» кеңес беру-әдістемелік орталығының директоры Индира Қилымбекқызы Беркімбаевамен kazislam порталы сұхбаттасқан еді.
– Индира Қилымбекқызы, бұл жоба 2018 жылы басталған болатын. Былтыр ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінен қанша маман қайта даярлаудан өтті?
– «Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелерін даярлау және қайта даярлау» жобасы аясында 2018 жылы Қарағанды, Алматы, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне әрбір семинар бес күндік болып ұйымдастырылды. Жергілікті жерлердегі АТТ мүшелерінің құзіреттілік деңгейі едәуір арттып, еліміз бойынша 552 адам қайта даярлаудан өтіп, сертификат алды, оның ішінде 149 адам «Дін мәселелері жөніндегі өңірлік ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі» деген куәлігіне ие болды.
– Жалпы әлеуметтік жобанының мақсаты мен міндеттерін айтып өтсеңіз?
– Әлеуметтік жобаны іске асырудың мақсаты – халықтың мақсатты топтары арасында ақпараттық-түсіндіру және оңалту жұмыстарының сапасын арттыру және алдын алу жұмыстарына инновациялық тәсілдерді енгізу болып табылады. Жобаның ұзақ мерзімді нәтижесі дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру және оңалту жұмыстарын жаңғырту әрі жетілдіру мүмкіндігі болып табылады.
Өңірлік АТТ мүшелерін даярлау және біліктілігін арттыру семинар-тренингтер, лекциялар, мақсатты оқу курстарын, дін саласындағы шетелдік сарапшылардың онлайн-лекцияларын, мастер класстар т.б. ұйымдастыру жоспарланған.
Ал міндетіне келер болсақ, ақпараттық-түсіндіру жұмысын АТТ құрамының сандық және сапалық оңтайландыра отырып жетілдіру, діни экстремизмнің алдын алу мен елдің терроризмге қарсы санасын қалыптастырудағы ақпараттық-түсіндіру және оңалту жұмыстарын жетілдіру мақсатында барлық деңгейдегі АТТ білікті лектор-мүшелерін даярлау және қайта даярлауды ұйымдастыру, діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізушілер ретінде АТТ мүшелерінің беделі мен жауапкершілігін арттыру, халық арасындағы алдын алу ақпараттық-түсіндіру жұмыстары процессінде АТТ кәсіптік қызметіне республика бойынша бірыңғай әдіснамалық және әдістемелік көзқарас қалыптастыру болып табылады.
Осы ретте жобаны жүзеге асыру нәтижесінде қазақстандық қоғамның рухани дамуының дәстүрлі негіздерін, Қазақстан Республикасы мемлекеттік жүйесінің зайырлы принциптерін сақтау, азаматтық бірегейлік ұстанымды ұстануға, бөтен идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыруға, қауіп-қатерлерге тойтарыс беруге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
– Жоба жұмысының ауқымды екенін көріп отырмыз. Осы ретте жобаны жүзеге асыру үшін өз мамандарыңыз жеткілікті ме, әлде басқа да ұйымдарға мүдделісіз бе?
– «Парасат» кеңес беру-әдістемелік орталығы әлеуметтік жоба жеңімпазы. Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін сырттан елімізге белгілі 40-қа жуық ғалымдар мен білікті мамандарды тартып отырмыз. Мұнан басқа мүдделі органдармен, әсіресе, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, қалалар мен облыстардың дін істері басқармалары, Дін проблемаларын зерттеу орталықтары, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстық филиалдары, РПШ, ҚХА, «Әль-Фараби» атындағы Қазақ ұлттық университеті мәдениеттану және дінтану кафедрасы, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дінтану және философия кафедралары, «Нұр-Мубарак Египет ислам мәдениеті университеті», «Мысль» дінді қолданбалы зерттеулер орталығы, «Салауат» ағартушылық-мәдени орталығы, «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және бейімдеу қоғамдық қоры», Нұр-Сұлтан қаласының ақпараттық-насихаттау және бейімдеу орталығы, «ЗУБР» консалтингтік оралығы, Митрополиттік округ, Дінтанушылар Конгресімен бірлесе жүзеге асыратын боламыз.
– Семинар жұмысына жалпы кімдерге қатысуға болады?
– Семинарға дін мәселелері жөніндегі өңірлік ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері, Дін істері басқармаларының, оңалту орталықтарының мамандары, Орыс православие шіркеуінің, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының, мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысады.
– Оқыту курстары алдағы уақытта қандай қалаларда ұйымдастырылады?
– Дін мәселелері жөніндегі АТТ мүшелерін даярлау және қайта даярлауға бағытталған көлемі 40 академиялық сағат, 4 күннен кем емес оқыту мерзімімен 10 көшпелі курстар ұйымдастыру жоспарланған. Олар Өскеменде – Шығыс Қазақстан облысы, Павлодарда – Павлодар және Қарағанды облыстары, Ақтауда – Манғыстау облысы, Таразда – Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл облыстары, Шымкентте – Шымкент қаласы мен Түркістан облысы, Қызылордада – Қызылорда облысы, Атырауда – Атырау облысы, Ақтөбеде – Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары, Қостанайда – Қостанай және Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары, соңында Нұр-Сұлтан қаласында – Нұр-Сұлтан қаласы және дін мәселелері жөніндегі республикалық АТТ мүшелері үшін семинар өтеді.
– Семинарға қатысушы тыңдаушыларға қандай талаптар қойылады?
– Тыңдушыларға қойылатын бірнеше талаптар бар, мәселен олар ең біріншіден Дінтану саласындағы базалық білімді меңгеру, Қазақстан халқының салт-дәстүрлері мен мәдениетін білу, дүние жүзіндегі халықтарының дәстүрлері мен мәдениеттеріне төзімді болу, Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесінің және заңнамасының негіздерін білу, коммуникативті мәдениеті және сөз сөйлеу, оның ішінде көпшілік алдында сөз сөйлеу және басқаларды тыңдау дағдыларын меңгеру секілді талаптар бар.
– Біраз сұрағымызға жауап алдық деп ойлаймын, порталымызға уақыт тауып сұхбат бергеніңізге көп рақмет!