Қазіргі қоғамда адамдар бойындағы имандылық бір-біріне деген сыйластық, жастардың үлкендерге деген құрмет көрсетуі мен үлкендердің кішіге ізет көрсетуі және әдептілік пен арлылық қасиеттерден көрініс береді.
Дін – халықты имандылыққа, ізгілікке тәрбиелеп келе жатқан үлкен өркениет. Біз бұрынғы жетпіс жыл бойы қандай жағдайда өмір сүрдік. Діннен, адамның ең қажет нәрсесінен өзімізді айырып тастағандай күйге ұшырадық. Кеңес дәуіріндегі саясаттың әсері десек те, жүрегінде иманы бар адам діни таным, сенімін сақтап қалды. Оны ата-аналарымыздан, кейбір қариялардан көрдік те.
Осы тұрғыдан жаңаша тәрбиені қолға алу – өте маңызды және қажетті шаруа. Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытов 1926 жылы шыққан «Тәрбие» деген мақаласында «Рұм халқын мықты қылған – тәрбие, Ескендір хакімді данышпан қылған – Сократтың тәрбиесі, Нейронды залым қылған да – Аристотельдің қате тәрбиесі» дегендей, Исламда отбасы құрудағы негізгі мақсаттардың бірі – өмірге ұрпақ әкелу, иманды ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Әрбір жеке тұлғаның бойында адамгершілік, парасаттылық, әдептілікті дарыту ата-бабамыздың негізі міндеті болған. Хадисте бұл тұрғысында «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы – ол тәрбие» дейді.
Балаға көңіл аудару, өскенде жаны ізгілікке толы мұсылман, қоғамға пайдалы азамат етіп қалыптастыру – үлкен сауапты істің бірі. Әкенің бала алдындағы жауапкершілігі мен жақсы тәрбие беруі міндетті. Сондықтан пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) ата-аналарға: «Балаға бір мәрте көңіл бөліп, тәрбие беру бір сағ көлемінде садақа бергеннен де жақсы», «Кімде-кім жылаған баланы жұбатса, Алла тағала жәннатта оған қалағанынша сый-сияпат береді», – деп, балаға көңіл бөлудің сауап жағынан да артықшылығын ұқтырған.
Шығыс халықтарында айтылатын «Бала қымбат болса, баланың тәрбиесі одан да қымбат» деген нақыл сөздің мәні терең. Сөз жоқ, ұрпақ тәрбиесіне, ұлттың келешегіне ата-ана жауапты. Сондай-ақ баланың тар ойлы, жетесіз болып өсуіне, парықсыз қылық танытуына тәрбиешіні кінәлау тегін емес. Тіпті «Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген Иран елінің мәтелі де осыдан туған. Сол себепті ұрпағының өзінен оза туғанын қалаған халқымыз бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған.
Бірақ өкініштісі, соңғы жылдары қазақ қоғамында да ұлттық тәрбие жүйесі қағажу көріп, тәрбиелік ырғағы бұзылып, бала тәрбиесінің тым нашарлап кеткені белгілі. Оған есірткі мен құмар ойындар, ішкілік, мектеп оқушылары арасындағы электоронды темекіге әуестік, жасөспірімдер арасындағы бұзақылықтар мен қылмыстың өршіп кетуі дәлел. Оған себептер де аз емес. Көбіне үй ішіндегі күйбең тіршіліктен шешенің қолының босамауы, жұмысбастылықтан әкенің уақыт таппауы т.б. Қазіргі уақытта теледидарлардағы кино мен мультфильмдердің көбі атыс-шабыс, төбелес, қирату, ұру, сындыру, күш көрсетуге негізделгендіктен бұл да себеп болады.
Осы орайда, тәрбие кең көлемдігімен, тым ерте қолға алынуымен ерекшеленеді. Онда баланы жастайынан имандылыққа тәрбиелеу, үлкендерді құрметтеу, ысырапқа бармау, бұзақылық жасамау, өтірік пен ұрлықтан аулақ жүру секілді адамгершілік қасиеттермен қоса жас кезінен мәдениеттілікке, әдептілікке, дұрыс сөйлеуге баулу. Дене тәрбиесі, дұрыс киіну, дұрыс тамақтану, тазалық – бәрі қамтылған.
Тәрбиелі ұрпақ – ата-ананың мақтанышы, елдің ертеңі болмақ. Кез келген халықтың болашағы, оның өміршеңдігі рухани қайнардан сусындаған, ұлттық рухы кемел, жақсы тәрбиеленген ұрпақтың қолында. Егер ұлт өз болашағын аманат етіп тапсыратын текті, саналы ұрпақ өсіре алмаса, оның келешегі бұлыңғыр болмақ.
Ендеше, әрбір ата-ана бала тәрбиесіне көп көңіл бөліп, оның бос уақытын тиімді ұйымдастыра отырып, сапалы білім мен саналы тәрбие берген жағдайда елін, жерін сүйетін, болашақ елдің ұрпағы қалыптасады.
Лаура ОРЫНБАЕВА,
«Дін мәселелерін зерттеу
орталығы» КММ-нің маманы,
Қызылорда облысы