Имам күнделікті 5 уақыт намаз оқытумен ғана шектеліп қалмауы керек. Өйткені оған намаздан басқа да жүктелген көптеген міндеттер бар.
Имам халықтың ішінде өзінің абырой-беделімен, білімімен көпшілікке үлгі бола алса – ол имам. Өйткені, қазақ халқы қандай да бір іс-шара өткізетін болса ең алдымен имамға жүгінетін халық.
Шаңырақта сәби дүниеге келсе азан шақырып ат қоюға имамды шақырады. Келін түсіріп жатса шариғат жолымен неке қидыру тағы да имамсыз бітпейді. «Өлместі құдай жаратпас» дегендей өмірден озғандарды да имамсыз ақыретке жөнелте алмаймыз.
Осындай жиындарда ел алдына шығып, халыққа насихат айту, қуанышын көбейтіп, қайғысын бөлісу имамның маңызды жұмыстарының бірі екені сөзсіз. Сондықтан да имамдар дін жолындағы ауыр жүгі мен ел алдындағы жауапкершіліктерін терең сезініп, елді біріктіретін, жамағатты татулыққа шақыратын рухани басшылық қасиеттерге де ие болуы керек деп санаймын.
Халқымызда «Мұсылмандық әсте әсте, діннен шығу бір пәсте» – деген дана сөз бар. Адасып жүргендерге тура жолды көрсету, жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыру имамның мойнына жүктелген абыройлы қызмет.