Ихласшылар – ХХ ғасырдың орта шенінде Түркия Республикасында ортаға шыққан сопылық қауымдастық. Оның негізін салған Нақшбанди тариқатының Халиди бағытының шейхы Абдулһаким Арбаси (ө.ж. 1943) еді.
Абдулһаким мырза 1930 жылы желтоқсанда орын алған «Менемен оқиғасына» қатысы бар деген себеппен бірнеше дін ғалымымен бірге қамауға алынды. Бірақ, Абдулһаким Арбасиді Түркия соты ақтап шықты. Ол зайырлы қоғамды орнықтырушы үкіметтің дін саясатына қарамастан, дәстүрлі исламды сақтап қалуға ашық және жасырын уағыз-насихат айтуды қолға алды. Абдулһаким Арбаси 1943 жылы қайтыс болған соң, басшы болып ешкім сайланбаса да, оның екі муриді сопылық ілімді насиқаттауды жалғастырды. Олар – Нежип Фазыл Кысакүрек және Хүсейін Хилми Ышык еді.
Нежип Фазыл Кысакүрек ұстазы шейх Арбасидің екі Османша еңбегін латын әріптеріне көшіріп жариялады. Ол – er-Riyazut-tasavvufiyye (әр-Риязат-тасауфия) және Ravita-i Şerife (Рабита-й шарифа) атты еңбектер еді. Сондай-ақ, Büyük Doğu (Бүйук Догу) атты журнал шығарды. Жастарға арнап конференция ұйымдастырды. Түрлі тақырыптарда мақалалар жазды. Ол осылайша Түркия жастарының исламға бет бұруына өз үлесін қосты.
Ал шейх Арбасидің келесі шәкірті Хүсейін Хилми Ышык діни және сопылық жайлы мақалалар жариялап, өз жамағатын құрды. Хүсейін Хилми Ышыктың артынан ерген діни жамағатқа халық арасында «Ышыкшылар» және «Ихласшылар» аты берілген. Оның негізгі мамандығы химия инженері еді. Хүсейін Хилми Ышык құрған жамағат 1970 жылы Türkiye (Түркия) газетін шығарады. Ол тұрмыстық техника өндіріп сататын «Ихлас холдинг» компаниясының құрылуына мұрындық болды. Хүсейін Хилми Ышык 2001 жылы қайтыс болды.
Жамағаттың İhlas Vakfı (Ихлас вакфы) жатақханалар мен басқа да қайырымдылық істермен айналысады. Жамағаттың Түркия газеті мен телерадиосы (TGRT haber) діни-сопылық фильмдер көрсетуді дәстүрлі түрде қолға алған.
Түркиядағы Сүлейманшылар, Нұршылар, Искендирпаша жамағаты кейбір жобаларға қарсы шығып, билікпен арақашықтық сақтап отырса, Ышықшылар үкіметпен ынтымақтастық орнатқан. Негізінде Сүлейманшылар, Искендирпаша және Нұршылардың саяси, діни амбициясы өте жоғары еді. Үкімет пен империализмге қатысты өз көзқарастарын ашық білдіретін. Ышыкшылар болса, өз көзқарастарын ашық білдірмейтін. Билік басындағылардың ыңғайына орай, құзырлы мекемелердің ескертулеріне қарай бейімделуге тырысатын.
Хүсейін Хилми Ышык: «Залым сұлтандарға, сондай-ақ кәпір басшыларға қарсы шығуға рұқсат жоқ» деген болатын. Жамағат осы сөзді өмірлік қағидаға айналдырды. Олардың түсінігінде биліктің дұшпаны Ышыкшылардың да дұшпаны, биліктің талаптары Ышыкшылардың да талаптары еді. Хүсейін Хилми Ышык тек Түркия ішіндегі ғана емес, ислам әлеміндегі мәселелерге де араласуға құлықты емес болып көрінді. Түркияның сопылық жамағаттары Саудияның және олардың қолдауына ие салафилерді қатты сынға алып жатқанда, Хүсейін Хилми Ышык олар туралы жақ ашпайтын.
Осындай билік үшін тиімді ұстанымының арқасында жамағат Түркияда біртіндеп дами бастады. Мысалы, жамағаттың Түркия газеті таралымы 1981 жылы 4200 дана болса, 1992 жылы 400 мыңға дейін көбейді.
Ихласшылардың тек газеттері ғана емес, Хүсейін Хилми Ышыктың шәкірті жамағат басшысы Дамат Енбер Өрен кәсіпорынның ішкі құрылымдарын да дамытты. Ол 1985 жылы Ихлас финанс, 1993 жылы Ихлас Холдингті және TGRT-ны (теле-радио) құрды. Ихлас холдингтің де негізін қалаған Енвер Өрен еді. Ағылшын және француз тілін жетік меңгерген Енвер Орен Ыстамбұлда әскери білім алып (Kuleli Askerî Lisesi), су асты биология инженері мамандығын игерген. Оқуын аяқтағаннан кейін НАТО ұйымының грантына ие болып Италияда оқыған. Яғни, Енвер Орен ресми түрде ешбір діни білім беру мекемесін бітірмеген.
Ихласшылар мүлде саясатқа араласпады деп айта алмаймыз. Олар 1980-жылдардан кейін ANAP партиясына, сосын DYP партиясына, кейінірек (1990 ж) Түркияда исламды қолдаған Н. Ербаканның RP партиясына қолдау көрсетті. Осы үшін 1996 жылғы 28 ақпандағы төңкерісте жамағат үкіметтің қадағалауына алынды. Бірашама уақыт қысым көргенмен, 2000-жылдардан соң Т. Ердоғанның «Әділет және даму» партиясын жақтады.
Түрік сопылық жамағаты болып табылатын Ихласшылар «Ихлас Холдинг» компаниясы аясында қызмет атқарады. Әлем бойынша «Ихлас Холдинг» компаниясының 95 филиалы жұмыс істейді. «Ихлас» холдингі қазіргі таңда БАҚ, маркетинг, құрылыс, деңсаулық, білім беру, сақтандыру және қозғалмайтын мүлікті қаржыландыру салаларында қатар қызмет атқарады. Түркияда және шет елдерде соңғы технологиямен жабдықталған 145 офисі бар.
Ихласшылар 1996 жылдан бастап шетелдік аудиторияға бағдарланып, жаңалықтарды араб және ағылшын тілдерінде жүргізе бастады. Қазіргі таңда әлем бойынша 5 континентте, 35 мемлекетте таралған ең ықпалды жаңалықтар агенттігі санатына жатады. Жамағат аудиториясы көбіне зиялы қауымға, бизнес өкілдеріне бағытталған.
Қазақстандағы ықыласшылар жамағатының іс-әрекеті «Аура-Казахстан» («Аура-Робоклин»), «Сибилон» сынды ұйымдармен байланысты. «Аура-Казахстан» немесе «Аура-Робоклин» – Түркияда тіркелген сауда компаниясы. Олар Түркияда өндірілген тұрмыстық тауарларды сатумен айналысады. Компания өз қызметін 1996 жылы бастаған. Қазіргі таңда әлемнің 33 елінде қызмет көрсетуде.
Аталмыш сауда маркасы Түркияда және Германияда тіркелген. Ал «Сибилон» суды тазартуға арналған сүзгі құралын дайындайтын компания ретінде өз өнімдерін өткізу нарығын Қазақстанда да қалыптастырып үлгерді.
Сыртқы ортаға жамағат мүшелерінің діни бағыттағы белсенділіктері аңғарыла бермейді. Олар көбіне өз қарамағындағы қызметкерлермен рухани сұхбат сипатындағы басқосулар өткізіп тұрады. Жамағат мүшелері тарапынан құрылған мәдени қор ішінара Түркиядағы «Хақиқат» баспа үйі шығарған діни мазмұндағы әдебиеттерді қазақ және орыс тілдеріне аударумен айналысады. «Түркістан» баспа үйі және алты тілде діни ақпарат беретін «www.islam dini.com» порталдары жұмыс істейді. Қазірге дейін аталмыш баспа үйінің 6 кітабы Дін істері комитетінің дінтану сараптамасынан өтіп, оң қорытынды алғаны белгілі.
Ихласшылар экономикалық әлеуетті күшейтуге көбірек басымдық бергендіктен, Қазақстан азаматтарына идеологиялық тұрғыдан ықпал ету мүмкіндігі аздау. Қазіргі кезеңде бұл жамағаттың Түркияда әрекет ету белсенділігі де біршама төмендеген. Дегенмен жамағаттың қаржылық тұрғыдан әлеуеті жоғары екенін жоғарыда келтірілген мәліметтерден байқауға болады. Сонымен қатар өз компанияларындағы қызметкерлердің басым бөлігі осы жамағаттың көзқарастарына қолдау білдіретіні белгілі.
Мұхан ИСАХАН