Шиғаның Зайдийа мәзһабының бір тармағы болып есептелетін Хуситтер негізінен Иемен Республикасының солтүстік бөлігінде көбірек орналасқан. Сан жағынан Иемендегі Зайдийа мәзһабының үштен бір бөлігін құрайды. Көптігінің арқасында 1962 жылдан бермен осы күнге дейін Иеменнің теріскей провинцияларына билік жүргізіп келеді. Иеменнің негізгі халқы Шиғалық Зайдийа мәзһабын ұстанады. Алайда, соңғы жылдары Иеменде суннит өкілдері билікке келді. Осыған наразы Хуситтер 2000-шы жылдардың басында билікке келуге ұмтыла бастады. Бірақ, олардың көсемі әл-Хуси 2004 жылғы азаматтық соғыс барысында үкімет әскерінің қолынан қаза тапты. Дегенмен, әл-Хусидің отбасысы Иемен билігіне қарсы ұдайы көтеріліс ұйымдастырып, сунниттерге қарсы күрес жүргізуді жалғастыра берді. Мысалы, Хуситтер 2010 жылы үкіметке қарсы бес рет көтеріліс жасады. Иемен басшысы Али Абдуллаһ Салихқа қарсы халықтың жаппай наразылығы кезінде Саад пен Амран провинцияларын басып алып, осы аймақтарда дербес билікке қол жеткізді. Бірте-бірте елдің солтүстік аймақтарына түгелдей билік жүргізген Хуситтердің көсемі Абдулмәлик әл-Хуси Иеменнің жаңа басшысы Абд Раббо Мансур Хадиден кедейлердің мемлекет алдындағы қарызын жоюды және көппартиялы жүйе құруды талап етті. Алғашқыда көшелерде тәртіпсіздік орнатып, жол бөгеу арқылы наразылық көрсеткен Хуситтер 2014 жылдың қыркүйек айында үкімет әскерімен қарулы қақтығыстарға барды. Әлеуметтік ахуалдың төмендігіне байланысты қара халық та Хуситтерге көмек көрсетті. Осының нәтижесінде Хуситтер Иемен астанасы Сананы басып алып, Али Абдуллаһ Салихті биліктен тайдырды.
Иемен – әлемдегі ең көп мұнай өндіруші Сауд Арабиясымен көрші мемлекет. Әрі, Сауд Арабиясы қара алтынды Үнді мұхитына Иеменге қарайтын Аден шығанағы арқылы ғана шығара алады. Яғни, Иемендегі Хуситтердің елдегі суниттерді қысымға алуы, Сауд Арабиясын бей-жай қалдырған жоқ. Өткен айдан бері Сауд әскері Иемендегі Хуситтеирге қарсы әуеден соққы беруді жалғастырып келеді. Сауд биілігі «Хусит көтерілісшілеріне Иран мемлекеті қарулы көмек беріп отыр» деп біледі. Ал, Иранның рухани көсемі Аятолла әл-Хоменйдің БҰҰ өкілі хуситтерді Тегеранның қолдайтынын, Ливанда Хезболла қандай ықпалды күшке ие болса, Иеменде де Хуситтердің сондай ықпалды болғанын қалайтынын ашық айтты. Әлбетте, бұл мәзһабаралық, әсірісе шиға-сунни қақтығысын тудыратын фактор.