Зайдийа мәзһабы Шиғаның ең ірі тарауларының бірі. Мәзһаб атауы – атақты әһли-байт өкілі Зайд б. Әли б. Хусайн б. Али б. Әбу Тәліп (699-740) есіміне байланысты қойылған. Бұл мәзһабты Зайдтің ұлы Яхия негізін салды. Шынтуайтында, Шиға бағытының ішінде әхлу суннаға ең жақын мәзһаб – осы Зайдийа саналады. Осыған байланысты, кейбір ғалымдар Зайдийа мәзһабын Шиғалық бағытқа жатқызбайды.
Омаяттар билігі кезеңінде аһли-байтқа (Пайғамбар (с.а.у) ұрпақтары) мемлекет тарапынан қатаң түрде қудалау жүргізілді. Хз. Әлидің немересі Зайд та бұл нәубеттен шет қалған жоқ. Басынан небір ауыр азапты өткерді. Омая халифы Хишам б. Абдумәлікке қарсы өзінің бауыры Әбу Жафар Мұхаммед әл-Бақырмен бірге Куфада көтеріліс жасайды. Алайда, Хишам б. Абдумәліктің жіберген тыңшылары Зайдтің соңынан ерген сарбаздардың арасына іріткі салып, көтерілісшілердің күшін әлсіретеді. Осы соғыста Зайд шахид болады.
Кейбір зерттеушілер көтерілістің жеңіліске ұшырауына Зайд пен Мұхаммед әл-Бақырдың арасында ымырасыздық себеп болғанын айтады. Мысалы, аш-Шахристанидің айтуынша Муғтазалийаның негізін қалаушы Васыл б. Атаның Зайдтқа ұстаз болуы, яғни, Зайдтың «Әли соғыстарда қателіктер жіберген» деген ұстаздан дәріс алуы, сондай-ақ, Зайдтың: «имам болуы үшін көтеріліске жетекшілік ету керек» деген көзқарастары Мұхаммед әл-Бақырдың онымен араз болуына әкеп соқтырды» (Мұхаммед б. Абдулкарим аш-Шахристани. ал-Милал уан-Нихал 141 б) дейді..
Зайд өте тахуа, ғалым кісі болғандықтан жер-жерде оның жақтастары көп еді. Оның мүридтері Омаяттар билігі тарапынан қысым мен құқай көрсе де, Зайдтың ұлы Яхия өз жақтастарының басын қосып, Зайдийа мәзһабын құрды. Әрине, Зайдийа мәзһабының ғұмыры күні бүгінге дейін жетіп, өмершең болуына Яхиямен қатар мәзһабтың кейінгі жетекшілерінің де сіңірген еңбегі елеулі еді.
Зайдийа мәзһабы да өзге Шиғалық ағымдар секілді саяси биліктің әһли-байтқа тиесілі екенін жақтағанмен, негізінен ақида, фиқһ және саяси басшыға қатысты өзіндік көзқарастарға ие-тін. Олардың пікірінше саяси басшы (имам) сипаттарымен анықталады. Имамның негізгі сипаттары хашими (Пайғамбарымыдың (с.а.у) руы), тақуа, сенімді, ғалым һәм жомарт болу керек. Сондай-ақ, имам өзінің имамдығын ашық жариялауы тиіс. Осындай көзқарастары ақылы Зайдийа өзге Шиттік мәзһабтардан ерекшеленетін. Сондай-ақ, өзге Шииттік мәһабтардан тағы бір айырмашылығы имамның күнәсіз (исмат) болуы және аса білгір болуы (уахби) шарт емес дейтін. Олар хз. Әли алғашқы имам болуға лайықты, өйткені, имамға керекті сипаттардың бәрі хз.Әлидің бойында бар еді деп білді. Сонымен бірге, Зайдийа мәзһабында ғайыптан келер имам түсінігі жоқ. Олардың мемлекет басшысына қоятын талабы өзге Шиғалық мәзһабтардың шарттарына қарағанда жеңілдеу еді. Мысалы, олардың түсінігінше мемлекет басшысының рухани көсем болуы шарт емес. Осы себептен де, ең кемел (афдал) адам бар кезде кемелді (мафдул) имам бола алады деп білді. Яғни, Зайдийа өкілдері Әбу Бәкір, Омар және Османның халифалықтарын теріске шығармайды. Тіпті, хз. Әлиді қолдамаған сахабаларды күпірлікке кірген деген емес. Десек те, Зайдийа өкілдері үлкен күнә жасаған мұсылман толық тәубе жасамаса, мәңгі тамұқтық деп біледі. Олардың ақидаға қатысты осы көзқарасы Харижилер мен Муғтазалилерге жақын еді. Ал, Зайдийаның фиқһтық көзқарастары Ханафи мәзһабына өт жақын болатын.
Зайдийа – қәзіргі күні Иемен Республикасының ресми мәзһабы саналады. Өз ішінен Жарудийа, Сүлейманийа, Салихийа, Уатрийа және Хуситтер болып бөлінеді.