Кейбір деректерде Ибраһим пайғамбар Евфрат өзеніне жақын жердегі Бабыл қаласында дүниеге келген. Ибраһим (а.с.) – әйгілі бес ірі пайғамбардың бірі. Һәм пайғамбарлардың атасы. Осы пайғамбарлардың ішінде үш үлкен пайғамбар бар. Оның ақырғысы – хазірет Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм).
Аллаһ тағала «Мәриям» сүресінде ол жайлы «Кітапта Ибраһимді есіңе ал! Ол шыншыл пайғамбар еді»[1], – дейді.
Хақ тағала Ибраһим пайғамбарға (а.с.) көптеген ерекшеліктерді нәсіп етті. Атап айтқанда, көптеген пайғамбарлардың атасы, тақуалардың имамы, елшілердің құрмет тұтар ұстазы болды. Аллаһ тағала оны елші мен хабаршы пайғамбарлардың арасынан таңдады. Оған «Халилур-Рахман» (Аллаһтың досы) деген ерекше мәртебе берді. Құранда: «Оған Ысхақты, Жақыпты бердік және оның ұрпақтарына кітап, пайғамбарлықты нәсіп еттік. Һәм өзіне дүние сыйлығын бердік. Әрі ол ақыретте де салиқалы жандардың бірі болады»[2], – дейді.
Ибраһимнің (а.с.) мұншама қадірлі болуының өзіндік мәні бар. Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Сынақтың ең ауырына алдымен пайғамбарлар ұшырайды»[3], – дейді. Ал Ибраһим (а.с.) ең үлкен пайғамбар және пайғамбарлардың атасы болғандықтан, оған келген сынақты заңғар таулар да көтере алмайтындай ауыр еді. Ол өз өмірінде көптеген қиыншылықтарға душар болды. Бірақ осының бәріне сабырлық сақтай білді. Осалдыққа берілмеді. Өмірдегі ең үлкен сынағының бірі баласы Исмайылды құрбандыққа шалу жөніндегі аян еді. Ол осы сынақтан да сүрінбей өтіп, Раббысының құзырына шынайы құлшылығы мен асқан мойынсұнғыштығын, иманының беріктігін көрсетті. Сол себепті Құранда: «Шындығында, Ибраһим шынайы жүрек, тұнған тәухид сенімімен Аллаһ тағалаға бас иген жалғыз өзі бір үмбет, халық еді. Ол ешқашан мүшріктердің бірі болмады»[4], – дейді.
Иә, Хақ тағаланың оған мұншалықты баға беруі жайдан-жай емес. Ол – пайғамбарлардың әкесі, тақуалардың имамы, иманның рәмізі, сыналғанда сабыр еткен, жеңгенде шүкір еткен, Жаратқанға жақын құл еді. Сондықтан Құранда: «Аллаһ тағала Ибраһимді дос тұтты»[5], – деп оның ұлы Жаратушыға жақындығы айтылады.
Жалғасы бар…
[1] «Мариям» сүресі, 41
[2] «Анкабут» сүресі, 27
[3] Тирмизи, Зуһд, 56; Ибн Мажә, Фитән, 23
[4] «Нахл» сүресі, 120
[5] «Ниса» сүресі, 125