Сұрақ: Балам бастауыш мектепте оқиды. Мұғалімі хабарласып, Хэллоуин кеші үйымдастырылатынын және сол үшін балама қандай да бір қорқынышты кейіпкердің [басы жоқ кейіпкер болса да] костюм тауып кигізуін сұрады. Не үшін бастауыш сынып оқушылары Хэллоуинді тойлайды әлде оның тәрбиелік мәні жоғары ма?
Жауап: Не үшін мектепте немесе балабақшада Хэллоуинді тойлайтыны туралы арнайы балабақша және орта білім беру мекемелеріне қарайтын жауапты департаментке хабарласқаныңыз дұрыс шығар. Ата-ана ретінде баланың тәрбиесі үшін сіз де жауаптысыз, сондықтан оны сұрауға толық құқыңыз бар.
Мен бұл сұрақтың қысқаша рухани және тәрбиелік қырына тоқталайын. Не үшін Хэллоуин деген уақытта тек «ужастиктер» [басын қолына ұстаған дене немесе үсті-басы қанға боялған қылмыскер, құбыжық және т.б.] елестейді? Себебі Хэллоуиннің мазмұны осы. Зорлық пен зомбылық жасау, адам өлтіру, құбыжық болу, қан төгу, дене мүшелерін бөлшектеу және т.б. нәрселер мейірім мен жұмсақтық, жақсылық жасау мен жылы сөйлеу сияқты рухани құндылықтарды жояды. Олар жүрекке орналасып алса, жақсы қасиеттерге орнын бермейді. Ондай жүректі қазақ «тас жүрек» деп атаған.
Тіпті, кейбір халықтар Хеллоуин күнін «сиқырбаздардың мейрамы» деп біледі. Себебі, бұл түнде түрлі сиқырлар жасалып, өлген адамдардың жаны жануарларға ауысады, зұлым күштер өздеріне берілген «шектеулі уақытты» тиімді пайдалануға тырысып таң атқанша жамандықтар жасап қалуға күш салады деп сенген.
Зұлым мен үрейді дәріптейтін кештердің орына қазақшылыққа жақын балаға рухани тәрбие беретін кештер ұйымдастырғаны мақұл. «Жалт-жұлт еткеннің барлығы алтын емес» демекші, шетелден келген дүниенің барлығы да мәдениет немесе өркениет бола бермесі анық. Оның ішінде халықтың тіліне, діліне, ұлттық құндылықтарына, тіпті идеологиясына да қайшы нәрселердің болуы әбден мүмкін.
Сол үшін әрбір ата-ана, қоғам мүшесі, азамат «өлім құдайын» дәріптейтін друидтардың ескі сенімін «қазақ балаларына үйрету арқылы біз не ұтамыз?» деп ойлануы қажет. «Ол әлі бала ғой» немесе «бұл жай ғана ертегі мен аңыздан құралған сенім», «көңіл көтеру кеші» деп немқұрайлы қарамау керек. Себебі сіз баланың жан-дүниесімен жұмыс жасап отырсыз, «ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» екенін естен шығармайық.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ