Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемнің 7,7 млрд-тан аса тұрғынының шамамен 1 миллиарды темекі шегеді. Жылына соның салдарынан әлемде түрлі аурулардан 5 млн адам көз жұмады екен.

Оның 600 мыңы – балалар мен жасөспірімдер. Жаппай «қырып-жою» қаруына айналып үлгерген темекі жайлы Ислам ғұламалары мен сарапшылар не дейді?

The Tobacco Atlas америкалық бастамашылар тобы зерттеушілерінің пікірінше, әр жылы шылым шегетіндер 5,7 млрд темекі тартып, шамамен 1 млн тонна темекі тұқылын тастайды екен. Олардың тек қоршаған ортаға ғана емес, сондай-ақ адам өміріне де зияны орасан. Өйткені, олар целлюлоза ацетатынан тұрады және табиғи жағдайда ыдырап кетпейдіндігі жайлы дәйектерді ұсынады.

Темекі харам ба?

Темекі ХV ғасырдан кейін Ислам елдеріне тарала бастады. Сол уақыттан бері ислам ғұламалары темекінің үкіміне баса назар аударған. Түркияның Ислам құқығы профессоры, доктор Хайреттин Караман «Хелаллер-Харамлар» (Helaller-Haramlar) атты кітабында темекі жайлы былай баяндалған:

  1. Темекіні мүбәh деп санайтындар оның зияны жоқтығына және Алла тарапынан тыйым салынбаған дәлелдерге сүйенеді. Құдіретті Алла Тағала – барлық дінді жаратқан, өзгерткен. Адамдар дін атын жамылып ойлап шығарған барлық нәрсені дін дей алмаймыз. Діни заңдылықтар – Алла Тағаладан, ал дінді жаюшы – пайғамбарлар. (Abdülhakîm-i Arvâsî)

а) Қазіргі таңда темекіні ғылыми тұрғыдан нақты зиянсыз деп айтуға болмас;

ә) Алла Тағала тыйым салмады деп те айтуға болмайды. Себебі, Жаратушы Иеміз әр харам жайлы атап айтпаған.

  1. Темекі шегуді мәкрух дейтіндердің сүйенетіні: бекітілген бір үкімге «харам» деуден бас тартулары және темекінің зияны жайлы нақты ақпараттың жоқтығынан деп есептейді.
  2. Темекі шегуді (нашақорлық) харам деп санайтындар зиян, ысырап және нәпақа жауапкершілігінің болуын алға тартады.

Діни және дүниәуи жаман нәрселерді тудырса, мәселен кісінің ғибадаты мен басқа да қызметтерін орындауда кедергі келтірсе, физикалық және рухани рахатсыздық байқалса, көп шегіп қойып зарар көрсе, сондай-ақ шарап немесе харам бір затқа араластыру секілді жағдайларда шылым тарту – харам екені айтылған.

Сонымен қатар, шылымның әсері әркімге әрқалай әсер етуіне байланысты темекінің физикалық және рухани саулыққа зарар берген адамдар үшін аз немесе көп зиян тигізген бөлігі мен қолданыс түрі де харам саналатыны баяндалған. (Mұхаммед б. Джафар әл-Кәттани, 109-бет, Mұхаммед Хажжи, I, 249)

Өміріңізге қауіп төндірмеңіз!

Темекі шеккен адамның денсаулығына, сондай-ақ жанында тұрған адамдардың денсаулығына зиянын келтіреді. Бұл жайлы Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 195-аятында: «Өз қолыңызбен өзіңізге қауіп төндірмеңіз…» десе, «Ниса» сүресінің 29-аятында: «Өзіңді өлімге итермелеме…» делінген. Ал, «Ағраф» сүресінің 157-аятында лас нәрселердің қолданысы жайында айтылған.

Сауд Арабиясында корольдік жастарының салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында барлық спорттық стадиондарда темекі тартуға тыйым салған.

Темекі – ысырап

Ысырап – мал-мүлкін пайдасыз әрі тиімсіз жерге жұмсауды білдіреді. Бұл жайында Құранның «Ағраф» сүресінің 31-аятында: «Жеңіз, ішіңіз, бірақ ысырап етпеңіз»,– делінген.

Сондай-ақ, «Пайғамбар (с.ғ.с.) мал-мүлкінің босқа ысырап етілуіне тыйым салды» деген хадисі ысырапшылдықты харам санаған. [Бухари, Зекет, 18; Хусумат, 3; Итисам, 3; Муслим, Акдие, 14]

Нәпақа жауапкершілігі – отағасы, әкелері мен жақындарына қарайтын ер кісілер нәпақа арқылы жауапты болады (олардың тамақ, киім, үй, емделу қажеттіліктерін қамтамасыз ету). Осыларды шектеу арқылы темекіге ақша беру харам саналады.

Кальян мен есірткі әдеттерінің үкімі де темекі  шегу әдеті секілді жаман іс.

Темекі шегетіндер стенокардиямен 13 есе, миокард инфарктымен 12 есе және асқазан жарасымен 10 есе жиі ауырады. Темекі шегу – өкпенің қатерлі ісігі ауруын тудырады.

Құран Кәрімде темекінің үкімі жайлы: «Темекіні харам қылдым» деген сөйлемді іздеу сауатсыздықты білдіреді. Қасиетті Құран Кәрім шамамен алты жүз бет. Құран, сүннет қайнар-көздер мәліметтері мен үкімдердің көлемі кітапханаларды толтырып жіберерліктей көп. Ал бұл үкімдер харам, мәкрух, мүбах, мәндуб, уәжіп және парыздарды қамтиды.

«Тақырыбымызға байланысты Ислам үкімінде темекінің қаншалықты зиян әрі ысырап екеніне тоқталсақ, сөзсіз зияны көп әрі үкімі де харам», – дейді профессор Хайреттин Караман.

Шынтуайтында, жоғарыда айтылғандай бұл «қырып-жою қаруының» келтіретін зияны химиялық, ядролық және биологиялық қаруларды бірге қосқандағы зардабынан асып түспесе, кем емес. Соңғы жылдары темекі тартушылардың қатары қыз-келіншектермен де толыға түсуде.

Бүгінде Қазақстандағы қыз-келіншектердің 9,8 пайызы нағыз темекі тартса, 12 жастан асқан балаларымыздың 7,5 пайызы темекіге әуестік дертіне ұшыраған. Қыз-келіншектердің арасындағы темекі тартушылық 18-25 жас аралығында өршіп тұрғаны жасырын емес.

Қатерлі ісіктің қоздырғышы

Нобель сыйлығының иегері, түрік ғалымы Әзиз Санжардың жетекшілігімен жасалған бір зерттеуде темекінің ДНҚ-ға жоғары деңгейде әсер ететіні байқалған. Темекі шегу бірте-бірте созылмалы аурудың қауіпті факторына айналарына назар аудартады. Сондай-ақ, бір сәттік теріс әсерлері де бар.

Шылым тарту адамның жүйке жүйесі мен ағзалар қызметін бұзады. Бір тал темекі жүрек соғу жиілігін арттырып, қан қысымын жоғарылатады. Тіпті, мидағы эмоционалды орталықтарға әсер етеді.

«Қатерлі ісік ауруларының 30%-ы темекі шегуден болады. Сол себептен шылымнан бас тартуды ұсынамын. Темекіні тастау үшін түрлі науқандар жүргізілуде. Зақымдалған жасушалар қалпына келтірілу мүмкін, бірақ қайта жалғасса, жасаған еміміздің пайдасы болмайды», – дейді Әзиз Санжар.

Темекі – улы өсімдік

Үнемі темекіден улану ауыз, тамақ және тыныс алу жолдарының қабынуын тудырады. Жүректің соғуы, жүрек тұсындағы ауырсыну, әлсіздік, кейде дем жетпеуі, тыныс алу нашарлауы байқалады.

Сонымен қатар, функционалды және органикалық нашарлау нәтижелері орын ала бастайды, қан қысымы көтеріледі. Зерттеу жұмыстарына сәйкес, темекінің бір-екі ай қысқа уақытта, бірақ шектен тыс мөлшерде қолдану да жүрек жұмысын нашарлатады.

Темекі – адам денсаулығына қауіптілігімен қоса өзіне тәуелді ететін улы зат. Оның құрамынданикотин, ал түтінінің құрамында алколоидтар бар. Сондай-ақ, 12 мыңға жуық заттар мен химиялық қосылыстар бар. Оның 196-сы улы және 14-і наркотик тәріздес.

Ауыз қуысымен қабылданатын 1-2 грамм никотин адамды өлімге дейін итермелейді. Ауыз қуысындағы никотин сілекей арқылы денеге өтеді. Түтіннің өкпеге түсуі арқылы қанмен араласқан никотиннің үлесі 25%-ға артады.

Жүйке жүйесіне әсері

Темекіні көп шегетіндердің көз, жүйке жүйесі де зиянға ұшырайды. Мысалы, түнгі соқырлық, көру аймағында олқылықтардың болуы, орталық жүйке жүйесі бұзылуы, бас ауруы, ұйқысыздық, қолдың дірілдеуі, ашуланшақтық және орталық жүйке жүйесіндегі темперамент өзгерістері түрінде де көрініс табады.

Ал, ас қорыту жүйесінде асқазан қышқылының артуы немесе азаюы, сілекей секрециясының жоғарылауына, диарея мен іш қатуға алып келеді.

Темекі ісік (рак) ауруын тудыратыны да көп жылдан бері айтылып, зерттеліп  келеді. Шылым тартатындарда ісік дерті шекпейтіндерге қарағанда жоғары болады.

Әлемде әр 13 секундта бір адам,  әр 65 секундта бес адам темекі кесірінен көз жұмады. Жыл сайын әлемде темекі шегу салдарынан 5 млн адам қайтыс болады.

Темекіге байланысты Ислам ғалымдарының көзқарастары мен пәтуалары:

  1. Әл-Азһар Пәтуа Комиссиясы: «Шариғат темекі шегуді қолдамайды әрі бұл харам». Бұл пәтуа 1979 жылғы 22 наурызда «Джумхуриет» (Cumhuriyet) газетінде жарияланған.
  2. 2. Медицина мамандарының темекінің зияны туралы анықтамасынан кейін, Әл-Азһар президенті Джадул-Хак (Câdu’l-Hak): «Шылым шегу анық харам, бас тартқан дұрыс. Ал, шекпейтіндер темекі шегетін адамнан алыс жүргені абзал» деді.
  3. Исламтану орталығының мүшесі доктор Абдулжәлел Шелеби (Abdulcelil Şelebî): «Ақылға қонымды және келісетін үкімім – темекі шегудің харам екендігі. Өйткені оның дәмі, түтіні және жағымсыз иісі шегетін адамға да, жанындағы адамдарға да зиян».
  4. Доктор Хамид Жәми (Әл-Азһар Бас хатшысы және Кувейт Фикһ энциклопедиясының маманы): «Қазір Ислам ғалымы медицина саласының зерттеулеріне қарап темекі шекпеу туралы түпкілікті үкім шығарған. Ғалымдардың пікірінше, темекі шегу харам мен тахримен мәкрух (харамға жақын) арасында. Сондықтан темекі шететіндер тастау қажет және оның сауда-саттығымен де айналыспауы керек».
  5. Атыйе Сакр (Әл-Азһар Пәтуа комиссиясы және зерттеу институты мүшесі): «Дәрігерлердің, темекі сөзсіз денсаулыққа зиян екендігі және отбасының аузынан жырып басқа жерге ақысын шашқаны үшін дін тұрғысынан тыйым салынған. Сондықтан ақыл-ойды да темекіден аулақ ұстауды бұйырады».
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Исламның ел бірлігі үшін пайдасы бар ма?

Осы себептерге байланысты көптеген ғалымдар пәтуаларға қол қойған.

Темекіні тастау – ерік-жігерге байланысты

Танымал мысырлық ғалым Юсуф әл-Кардауи темекі шегу мен оның саудасы жайлы көлемді мақалалар жазып, пәтуа берген ғалым. Оның пәтуасынан бірнеше маңызды жазбалар:

– Кейбір адамдар темекі шегудің зиянды және тыйым салынғанын біле тұра одан бас тартқылары келсе де, ерік-жігері жетпей, шегуін жалғастыра береді. Меніңше, олар нәпсісімен күресуде дәрменсіз болып жатады.

– Фиқһ әдісі мен ғылыми деректерге сүйенсек, темекінің харам болуы, бірақ зина, ұрлық, ішімдік қолдану секілді харам деген сөз емес. Исламда харамдар үлкен және кіші, олардың әрқайсысына сай өз үкімдері бар.

– Бүгінде зияны анық харам деп танылған темекіге бұрындары мәкрүк, тәнзихән мәкрух дегендер де болды. Кейбіреулер шылым шегуді жалғастыра береді. Оларды пасық деуге де болмайды.

– «Ғалымдар мен дәрігерлер де темекі шеккен ғой» деп атын атап сылтау іздейтіндер де бар. Алайда, бұл жандар өздерін бейкүнә немесе қатесіз деп те жарияламаған. Мүмкін олар да ақпараттың жетіспеуі мен албырт жастықпен әдетке айналдырып алып, кейін бас тартуға ерік-жігері жетпей жүрген жандар шығар?!

Темекі шегетіндерде бедеулік – 41%

Темекінің негізгі құрамы болып cаналатын никотиннің бір тамшыға жетер-жетпес мөлшері адамды өлтіреді. Бір тал темекідегі никотин тері астына енгізілсе, екі адамды өлтіретін күші бар. Темекі түтінінде никотиннен басқа көптеген улар бар.

Мәселен, 1 мг циан қышқылы, 5% көміртегі оксиді, аммиак, 1,5% күкірт сутегі бар. Темекі тұтанғанда никотиннің 25%-ы жанып, 30%-ы ауаға түтінмен тарайды. Темекінің 45% темекі арқылы ауызға тартылса, оның үштен екісі темекінің салқын бөлігінде сұйық күйінде қалады. Ал 15% никотин ауыз қуысы арқылы ішке кетеді.

Ауызға енген никотиннің маңызды бір бөлігі сілекей арқылы асқазанға түсіп, тәбетті азайтады. Никотин ауыз және асқазан мембранасы арқылы қанға түседі. Ары қарай бүйрек үсті бездерін тітіркендіріп, адреналин асқынып, қан қысымы жоғарылайды. Терідегі тамырлар сығылысып, түсі өзгеріп, диарея пайда болады. Өт жолын тарылтатындықтан өт және бауыр әлсіреп, уақыт өте ағза темекіге қарсы тұра алмайтын жағдайға әкеліп соғады.

Жүрек ауруынан қайтыс болған 45 жасқа дейінгі жас жігіттердің 80%-ы темекі шегеді. Шылым шегетін адамдардағы өкпе ісігі, шекпейтіндерге қарағанда 15 есе жоғары. Өкпенің қатерлі ісігі ауруымен ауыратындардың 94%-ы шылым тартатындар екендігін мамандар алға тартады. Аяқтарында тамырлы окклюзиясы бар адамдардың 90%-ы темекі шегушілерден екендігі ғылыми түрде дәлелденген.

Шылым шекпейтін әйелдерде бедеулік 3,8% болса, темекі шегетіндерде бұл көрсеткіш 41% құрайды. Күніне бір қорап темекі шегілген үйдегі балалар, күніне 5 тал темекі шегетін халде душар болатыны анықталған. Темекіні бір тартқанда,  адам қоршаған ортаға 70 мг зиянды зат және 25 мг көміртегі тотығын бөледі.

Жалпы, еліміздегі ересек адамдардың 30-ы темекіге тәуелді. Қорап сыртындағы қорқынышты суреттер мен әлеуметтік роликтер шылымқорлар қатарын азайтуға дәрмәнсіз. Дәл қазір аңсары ауып, темекі шеккісі келіп тұрған адамды, 10 жылдан кейін қатерлі ісік ауруына шалдығуы мүмкін деген ескертпе де тоқтата алмайды дейді мамандар. Бір Алматы шаһарында шылымқорларды емдейтін 20 реабилитациялық орталық бар екен.

Мейрамхана кәсіпорындары және қонақ үйлер бизнесі қауымдастығының президенті Игорь Копайлов заңға өзгерту енгізуге қарсы пікірін білдірді: «Темекі шегуге арналған орындарға тыйым салу тәжірибесі батыстың бірқатар елдерінде тиісті нәтиже берген жоқ. Соның салдарынан мейрамханаларға келушілер саны шамамен 30% қысқарды. Алайда, темекі шегу деңгейі төмендей қоймады», –дейді ол.

Темекі коронавирустан қорғамайды!

Қазіргі таңда, коронавирус пандемиясы жағдайында темекі шегу аурудың асқынуларына әсер ететіндігін, аурудың нәтижесі қауіпті жағдайларға әкелетіндігін дәлелдейтін деректер бар. Яғни, бұл сигарет, кальян, вейптерді шегу адамды коронавирустан аман сақтап қалады деген пікірге сенуге болмайды.

Керісінше, темекі шегу денсаулыққа зиян әкелетіндігін естен шығармау керек! Мүмкін, қазір темекіден бас тарту – бұл денсаулықты түзету және инфекциялық аурулардан, оның ішінде коронавирус инфекциясынан қорғану жолындағы қадам деген  медицина қызметкерлерінің кеңесіне құлақ асып, темекі тартатын халықтың көп бөлігі ойланар деп үміттенеміз.

Темекіні тастау үшін:

  1. Темекіні тастауға шешім қабылдап, сол мақсатта ерік-жігерді барынша қолдану керек.
  2. Темекіден бірден бас тартыңыз! Себебі, бір демде тастап кеткендердің қолынан келгендігін де тәжірибе көрсетуде. Ол қолдан келмесе, азайта отырып бас тартқан жөн.
  3. Алғашқы қадам, темекі шегетін орта және темекі шегуге итермелейтін достарыңыздан аулақ болыңыз! (Кофехана, ойынхана, т.б.)
  4. Темекі шегетін және темекі шегуді еске салатын барлық нәрселерден өзіңізді алыс ұстаңыз! (Темекі суреті бар пакеттер мен суреттер және сіріңке)
  5. Темекі шегу ынтаңызды оятатын тағамдар мен сусындарды қолданбаңыз. Оларды көкөніс пен жемістер және шырынды тағамдармен алмастырыңыз.
  6. Темекіге құштарлық оянғанда, бір стақан су ішіңіз!
  7. Белсенді салауатты өмір салтын ұстаныңыз!
  8. Сізді күйзеліске әкелетін мәселелер мен пікірталастардан аулақ болыңыз!
  9. Бос уақытыңызды пайдалы іс пен ашық серуенге қолданыңыз.
  10. Мүмкіндік болса, бірнеше достарыңызбен бірге топ болып бас тартыңыз!
  11. Темекіні тастағаннан кейін, күн сайын денсаулығыңызға қандай зиян әкелетінін еске түсіру арқылы өзіңізге деген сенімділікті күшейту қажет!
  12. Егер салмақ қосудан қорықсаңыз қантты, тұзды, ұнды, крахмалды және майлы тағамдарды шектеу керек.
  13. «В» дәрумендеріне бай тағамдарды жеу – жүйке жүйесін жақсартуға, сондай-ақ физикалық күшті болуға көмектеседі.
  14. Түнгі қыдырыстан аулақ бол!
  15. «Бір тал темекі не болар..?» деген секілді ұсыныстарға алданып қалмаңыз! Өйткені, темекі барлық еңбегіңізді жоққа шығаруы мүмкін екенін ұмытпағаныңыз жөн!

Ғұламалар мен денсаулық сақтау саласы мамандарының пікірінше, шылым тартқан және онымен ластанған ауаны жұтқан адам арасында айырмашылық жоқ. Ал, жүктілікке дейін және кейінгі кезінде, сондай-ақ бала емізу кезеңінде темекі тұтынатын және сол ауаны жұтатын ата-аналар – балаларының денсаулығына да қауіп төндіреді.

Сондықтан осы жағымсыз әдеттен бас тартып, болашағымызды ойлап, елімізге дені сау әрі рухани мықты ұрпақ қалдырамыз десек, қазірден бастап темекіден аулақ болып ұрпағымызды сақтап қалайық, ағайын!

Дайындаған Руслан БЕГЕН

Пікір жазу