Әбу л-Хасән Әбу л-Уср Фахру л-Ислам Әли б. Мухаммад б. Әл-Хусайн б. Абдилкәрим әл-Пәздәуи 400 – хижри/1010 – миләди жылдары шамасында Нәсәф бағытынан Бұқараға қарай 30 шақырымдық жолда орналасқан Пәздә ауылында, ғылыми атағымен танымал отбасында дүниеге келген.
Пәздәуидің балалық шағына қатысты деректер өте аз. Сондай-ақ, Пәздәуидің балалық дәуренін жазған және өмірінде бір рет қана көрген, туысы Әбу л-Исар әл-Пәздәуидің шәкірті, Ханафи мәзһабының ғұламасы Нәжмаддин Омар ән-Нәсафидің «әл-Қанд» еңбегінде жазылған.
Бұл еңбекте әкесі мен атасының танымал ғұламалар болғаны жайында баяндалған. Өзінен шамамен жиырма жас кішкентай болған туысы Әбу л-Исар мен баласы, сондай-ақ өзінің баласы да «Илмиия» дәрежесін алған. Бұқара мен Самарқанд қалаларында қазылық қызмет атқарған. Ханафи фиқһ әдебиеттерінде Фаһру л-Ислам әл-Пәздәуи деп көп айтылса да, туысының әдеби тәсілі оңай болуының себебінен «Әбу л-Исар» деп атап, ағасын «Әбу л-Уср» деп де айтылған деректер бар.
Бұлай деп айтуының себебі еңбектеріндегі қолданған тәсілдерінің өте қиын болуымен байланысты. Пәздәуи әкесі мен Матуридидің шәкірті болған атасынан хадис риуаят еткеніне қарағанда, алғашқы білімін өз жанұясынан алды деуімізге болады. Алайда, ханафи фиқһ дәстүрінің негізін үйреткен ұстазы Шәмсуләймә Әл-Халуани. Сондай-ақ, Әбу л-Исар әл-Пәздәуи мен Шәмсуләймә әс-Сәрахсиге дәріс берген Әл-Халауани, Бұхара медресесінің беделді ғұламаларынан және өз дәуірінің Мауарраннахирде Ханафи факиһ ұстаздарының имамы деп атаған.
Ханафи мәзһабы жүйесінің қалыптасуына өзі үйреткен шәкірттері арқылы үлкен үлес қосқан Халуаниден Фиқһ әдісі мен хадис үйренген Пәздәуидің ақайд және тәпсір ілімі туралы еңбектер жазғанын ескерсек, оның Самарқандта Матуридидің бастамасымен ашылған сенім және тәпсір мектебінің пайдасы болды деп айтуға болады. Ғылыми қызметін Бұхара мен Самарқанд қалаларында бастаған Фахрулислам әл-Пәздәуи көптеген шәкірттер тәрбиелеп, Бұхарада қазылық міндетін атқарғаны белгілі.
Фиқһ және ақайд ғалымы Алауддин әс-Самарканди, Әбу л-Мәали Зияд б. Илияс және Билад-и Рум қазысы деп танылған Әбу Сайд Абдулмәжид б. Исмайл әл-Кайси әл-Харауи сынды ғылыми атаққа ие болған бірнеше шәкірттері бар.
Ибн Абидин, «Хашия» деп аталатын еңбегінің І том, 253-бетінде, Ханафи Фиқһ усулуның қалыптасу кезеңінде маңызды ғылыми жобаларды қолға алған Фахрулислам Пәздәуиді жеті сатыдан тұратын ғұламалар дәрежесінің үшінші тобына жатқызған. Дереккөздерде, еңбегінде ерекше әдістер мен тәсілдер қолданған Пәздәуидің Сахибу т-Тарик фи Мәзһаб еңбегі анықтамалық және оқулық ретінде күні бүгінге дейін қолданыста және өз маңыздылығын жоғалтпаған. Сонымен қатар, Пәздәуи, Әбу Ханифа мәзһабының негізгі мәтіндерін жатқа айтуда үлгілі ғалым.
Нәсафидің айтуы бойынша, Пәздәуи 482 жылы 5 Ережеп айында (13 қыркүйек, 1089 ж.) Самарқанд қаласынан шамамен 80 км ұзақта орналасқан Киш (Кис, бүгінгі Шахрисәбіз) қаласында дүниеден өткен. Оның денесі Самарқандқа жеткізіліп, Чакердизе бейітіне жерленген. Кіші ұлы Хасанды ағасы Әбу л-Иуср тәрбиелеген. Ол Самарқандта, Бұхарда қазы (жоғарғы сот) болған.
Еңбектері
Фәхруислам әл-Пәздәуи теориялар, тәпсір, хадис және әдептілік, фуру фиқһ және фиқһ әдісі тақырыптары бойынша еңбектер жазған. Бұл еңбектердің барлығы бүгінгі күнге дейін сақталмаған. Сонымен қатар, Сахих Бұхариге берген түсініктеме, Фуру Фиқһқа қатысты жазған Әл-Жәмиу л-Кәбир, Сирәту л-Мәзһаб фи Сифату л-Әдаб деп аталатын еңбектері және көлемді 110 бөлімнен тұратын Кәшфу л-Әсрар атты тәпсір еңбегі бар.
Фуру Фиқһ:
1) Шәрһу л-Жәмии Сағир. Мұхаммад б. Хасан Әш-Шәйбанидің еңбегіне қатысты бұл әдебиеттің бірнеше нұсқасы бар.
2) Шәрһу Зиядати з-Зиядат. Бұл еңбегі де Имам Мұхаммадтың еңбегіне қатысты. Бүгінгі таңда мұның бір ғана нұсқасы Ыстамбұл Сүлаймания кітапханасында сақталған.
3) Китабу л-Мәбсут Ли Фатуа. Дереккөздерде он бір томнан тұратын оның бұл еңбегі Баязид кітапханасында сақтаулы.
Ақайд ғылымы: Пәздәуидің Ақидаға байланысты жазған еңбектерін, туысы әрі ақайд саласындағы танымал ғұламасы Әбу л-Иаср әл-Пәздәуидің еңбектерімен шатастырмау керек. Бүгінгі таңда ақайдқа қатысты жазылған екі еңбектің түпнұсқасымен бірге сақталған. Біріншісі Әл-Муиссәр фи л-Кәлам, екіншісі Шәрһу л-Фиқһи л-Әкбар.
Фиқһ Усулу. Пәздәуидің бұл тақырыпқа жазған екі еңбегінің бірі Дәббусидің Такуиму л-Әдилла еңбегінің түсіндірмесі жайында жазылған еңбегі туралы дереккөздерінде көптеп айтылса да, түпнұсқасы сақталмаған. Ал екіншісі еңбегі Усулу л-Пәздәуи.
Усулу л-Пәздәуи еңбегі көптеген кітапханаларда бірнеше нұсқасы сақталған және бірнеше баспада көбейтілген. Бұл әдебиет сол уақыттан бастап бүгінгі таңға дейін көптеген діни оқу орындарында негізгі пән ретінде оқытылуда.
Исатай БЕРДАЛИЕВ,
Ислам құқық ғылымдарының докторанты
Пайдаланған әдебиеттер
- Жассас, Әл-Фусул фи л-Усул (қайта жазып шыққан Ужайл ән-Нәшами), Кувейт 1414/1994.
- Дәббуси, Такуиму л-Әдилла фи Усули л-Фиқһ (қайта жазып шыққан Халил Мухиддин әл-Мәис), Бейрут 1421/2001.
- Шәмсуләиммә әс-Серахси, Әл-Ушул (қайта жазып шыққан Әбу л-Уафа әл-Афғани), Бейрут 1393/1973, I том, 9-12, 20-21, 100-101, 144-145 беттер; II том, 26-27, 105 беттер.
- Зәххаби, Аламу н-Нубулә, XVIII том, 177, 602-603 беттер.
- Ибн Абидин, Хашияту Ибн Абидин (қайта басып шыққан: Хасамуддин б. Мухаммад Салих әл-Фәрфур), Дамаск 1421/2000, I том, 253 бет.
- Абдулуаххаб Ибрахим Әбу Сулайман, Әл-Фикру л-Ушули, Жиддә 1404/1984, 429-442 беттер.
- Мукаддимату л-Имам Әл-Кәусари, Дамаск-Бейрут 1418/1997, 167-бет.
- Мұхаммед Хамидуллаһ, Усул әл-Фиқһин Тарих, 1-18 беттер.