Сұрақ: Ханафи мәзһабындағы намаздың ерекшелігі қандай?
Жауап: Пайғамбарымыз (с.а.у.) өмірден өткеннен кейін, Ислам діні бүкіл елдерге жайылды. Түрлі ұлттар мен халықтар Ислам дінін қабылдады. Мұсылман болған ұлттардың ділі, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінің түрлі болуынан фиқһ (ислам құқығы) мәзһабтарының тарих сахнасына шығуына жол ашты. Ғасырлар бойы мұсылман халықтарының рухани өмірінен Ханафи, Малики, Шафиғи, Ханбали мәзһабтары орын тапқан. Мәзһаб арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған шариғат үкімдер мен көзқарастар жиынтығы. Мазһабтар кең тараған мемлекеттер:
Ханафи мәзһабы: Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан Түркия, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан т.б. мұсылман елдері ұстанады.
Малики мазһабы: Мысыр, Тунис, Алжир, Марокко, Судан елдері.
Шафиғи мәзһабы: Мысыр, Малайзия, Индонезия елдері мен Кавказдың кейбір бөлігінде кең таралған.
Ханбали мәзһабын: Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Ирак, Сирия, Мысыр және Сауд Арабиясының ресми мәзһабы саналады.
Ханафи мәзһабының намаздағы ерекшелігі:
-имамға ұйыған адам «сәнә», «тәшәһуд» секілді дұғаларды іштей айтып, «Фатиха» және қосымша сүрелерді оқымайды;
-намазда тәкбір айтқанда бір рет екі қолын құлағының тұсына шейін көтереді;
-намазда сол қолының үстіне оң қолын қойып, кіндіктен төмен қол байлайды;
-намазда тұрған кісі екі аяғының арасын тым жақындатпайды, ең кемі төрт елі қашық ұстайды;
-қиямда тіке тұрған адамның назары сәжде жасайтын жерінде болады;
– сәжде жасайтын кезде ең әуелі жерге екі тізе қойылады, одан соң екі қол, кейін маңдай мен мұрын қойылады;
-ер кісілер намаздың екі сәжде арасындағы отырысы мен «әттахият» отырысында сол аяғын жамбасының астына басып, оң аяғының бармақтарын құбылаға қаратады.
-намазда «әттахият» дұғасының «ла илаһа» деген тұсында сұқ саусақты көтеріп, «иллаллаһ» деген жерінде түсіру сүннет. Ал сұқ саусақты көтеріп, үздіксіз қимылдату Ханафи мазһабында мәкруһ амалдарға жатады.
– үтір намазын үш ракағат (соңғы ракағатында құнұт дұғасы оқылады) оқу уәжіп.
– әйел адам намазға тұрғанда еркектер сияқты еркін емес, жинақы болуы қажет. т.б.
Икрам АЙТАЕВ