Әбу Дуләма – Африка жерінен құл боп келген ақын. Бас бостандығын алған соң, халифалар сарайына шақырылатын деңгейдегі ақынға айналады.
Бір күні Маһди құзырында жаңа туындысын оқығанда, халифа «қалауыңды айт!»,-дейді. Ақын:
-Ит беріңіз,-дейді. Халифа жөнсіз сөзге ашуланып:
-Сенен қалауыңды айт, не сұрасаң да беремін деп тұрмын. Мұның не?!» – дейді. Ақын:
-Уа, мұсылмандар әміршісі! Сіздің қалауыңыз ба, әлде менікі ме? – дейді. Халифа:
-Сенікін сұрап тұрмын!,-дейді.
-Онда аңға салатын ит беріңіз.
-Қалауың болсын!
-Уа, мұсылмандар әміршісі! Итпен бірге жүгіріп жүремін бе?
-Ат беріңдер!
-Уа, халифам! Аң ұстағанда атыма кім қарап тұрады?
-Атқосшы жігіт беріңдер!
-Уа, әміршім! Аңды пісіретін адам қажет.
-Мынаны үйлендіріңдер!
-Уа, халифа! Осыншама адамды бір қара басыма артып қойдыңыз,-дейді ақын. Сонда халифа оның әу баста діттеген ойын түсініп, күліп бұларды қамтамасыз ететін қаражат бөлдірген екен.
Руслан ҚАМБАР