Бірде Халифа Омар ибн Хаттаб мешіттен шығып келе жатады. Жанында серігі сахаба Жаруд Абди бар еді. Ол – Абдқайс руының көсемі. Көше бойлап әңгімелесіп келе жатқанда, алдарынан бір қарт әйел қарсы шығады. Мұсылмандар әміршісі бейтаныс әйелге бірінші болып сәлем берді. Қарт әйел сәлемін қабыл алып:
–Ей, Омар! Біраз кідіре тұр. Саған айтар азын-аулақ сөзім бар, – дейді.
Халифа Омар да:
–Айтыңыз, құлағым сізде, – деп тұрып қалады.
Әйел:
–Мен сені бала Омар кезіңнен танимын. Сен ол кезде Укказ базарында балалармен күресіп жүретін едің. Сосын күндер жылжып, сен бала Омардан жігіт Омарға айналдың. Тағы да біраз жылдар өтіп, бүгінде жұрт сені мұсылмандардың әміршісі деп атайды. Жұрттың ақысында Құдайдан қорық (әділетсізді етуден қорық). Өлімнен қорыққан адам, сәтін жіберіп алудан қорқуы керек. Міне, соны біл, – деді.
Мұнан ары шыдай алмай Жаруд Абди:
–Ей, әйел! Мұсылмандар әміршісіне бұлайша сөйлеуге қалай батылың барады? – дейді. Сонда халифа Омар:
–Олай деме. Сен бұл кісіні танымайсың ба? Ол Аллаға мұңын шаққан – Хакимқызы Хәула. Бұл әйелдің сөзін Алла Тағала жеті қабат көктен тыңдаған. Әрі өзінің пайғамбарына (с.ғ.с.): «Уа, Мұхаммед! Алла күйеуіне қатысты өзіңе жолығып, сенімен дауласқан һәм Аллаға арыз айтып мұңын шаққан әйелдің сөзін естіді (әрі тілегін қабыл алды)…» (Мужадилә сүресі, 1-аят), – деген,-деп айтқан екен.
Руслан ҚАМБАР