«Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы мен технолог, ветеринарлық санитария ісінің маманы Данияр Сафиев Тайланд елшілігі ұйымдастырған «Тай халал өнімдерінің Қазақстан және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы мен саудасын зерттеу» тақырыбындағы онлайн және офлайн семинарға қатысты.
Сауда және интеграция мен Ауыл шаруашылығы министрлігі, Тайландтың мемлекеттік мекемелері, халал сертификаттау мен саудаға жауапты ұйымдар мен логистика секторының өкілдері қатысқан семинар – екі ел арасындағы халал өнімдердің саудасын арттырып, әлеуетін зерттеу мақсатында өтті.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ерекше ден қоятын, маңызды бағыттарының бірі – халал саласы. Халал мен харам Алла Тағаланың әмірімен белгіленеді. Ешбір адам өз білгенімен халалды харам, харамды халал ете алмайды. Сол себепті де 2014 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау ұйымы құрылып, ел игілігі үшін қызмет етіп келеді. Әлем экономикасында халал өнімге деген сұраныстың артуы себепті, дүниежүзілік экономикада «халал стандарты» деген жүйе пайда болды.
Осы орайда «Халал Даму» ұйымы да әлемдік стандарттар мен шариғат талаптарына негізделген өзінің 6 стандартын құрыстырып шығарды. «Халал стандарты» дегеніміз – бірінші кезекте өнімнің шариғат үкімдеріне сай болуы. Халал үкімі тек тағамға ғана тән десек қателесеміз. Халал индустриясына – тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, қаржы-қаражат, денсаулық саласы, мәдени орындар т.б адам тіршілігіне қатысты салаларды қамтиды. Біздің ұйым 6 бағыт бойынша қызмет атқарады» деді «Халал Дамудың» мақсаты мен қызметі, жетістіктері, жоспары жөнінде баяндаған Айбек Асқарбекұлы.
Семинар соңында екі ел өкілдері өзара ынтымақтастық пен әріптестікті арттыра отырып бірлесе қызмет атқаратындарын жеткізді.