«Малик бин Әнас пен Лайс бин Сағд болмаса, құритын едім. Мен пайғамбардан (с.ғ.с.) жеткен әрбір сөзге амал етіледі деп ойлаушы едім…»
Бұл Мысыр елінде мәлики мәзһабын жайған ғұлама Ибн Уахбтың сөзі.
Ол мәлики мәзһабы негізін қалаушының жанында жиырма жыл жүріп, білім алды. Мәдинаның ғұламасы осы шәкіртін ерекше жақсы көретін. Демек, хадис ілімі пайдасын беруі үшін фиқһты меңгеру қажет.
Ал, Ахмед бин Ханбал: «Шафиғи келіп түсіндірмейінше, ақыл (рой) мектебі өкілдерін қатты жазғыратын едік», – дейді.
Ахмад бин Ханбал – хадис мектебінің өкілі. Бұл мектеп бастапқыда хадис мәтінін ешбір талдаусыз қаз-қалпында қолданатын. Сондықтан ақыл мектебі шариғатқа қайшы әдіс пайдаланады деп, оларды мойындамайтын.
Шафиғи ақыл мектебі әрбір үкім шығаруда әуелі хадисті басшылыққа алатынын жеткізді. Бұл мектеп хадис мәтінінің сақталуы мен жеткізушілер тізбегінің дұрысығымен шектелмейді. Сонымен қатар, мәтінді арнайы талдаудан өткізеді. Сол арқылы, хадистің түпкі мақсатын ашады.
Ғалымдар арасында бұған қатысты: «Фиқһ білгірінен басқаны хадис адастырады», – деген нақыл бар. Имам Малик Ибн Уахбке: «Сендер мына кісіден хадис үйреніп жүр екенсіңдер», – деп Аттоф бин Халидті көрсетеді. Сөзін жалғастырып: «Біз тек фиқһ ғалымдарынан ғана хадис үйренуші едік», –деген екен имам Малик.
Міне, бұл деректер өмірін хадис ғылымын зерттеуге арнаған ғалымдар жайлы. Олар хадисті дұрыс түсіну үшін фиқһ ғылымының білгірлерінен үйренген жөн екенін айтуда.
Хатиб Бағдади: «Мынаны білген жөн, хадис кітаптарын көптеп оқумен және риуаят етумен адам фиқһ маманы бола алмайды. Фиқһті үйрену хадистің үкім шығару жолдарын үйренумен, оны терең зерттеумен болмақ…», – деген екен.
Имам Малик қос жиені Әбу Бәкір мен Исмаилге: «Сен екеуің хадисті жақсы көріп, оны үйреніп жүргендеріңді көріп тұрмын», – дейді. Екеуі де: «Иә», – десті. Бұған имам Малик: «Егер хадистен пайда көремін әрі осы білім арқылы Алла Тағала сендерді жұртқа пайдалы етсін десеңдер, оны азайтып, фиқһ үйренуге кірісіңдер», – деген екен.
«Хадис фиқһ білгірінен басқаны адастырады». Бұл сөз хадис пе? Жоқ. Бұл табиғин ғалым Ибн Уйаинаның сөзі. Хадис Құран сияқты. Оның мәтіні жалпыға ортақ, мағынасының арнайы тұлғаға бағытталған және керісінше түрі болады. Сонымен бірге, насих пен мансух хадистер бар. Сондықтан пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «(Құран немесе хадис) жеткен адам естушіге қарағанда асқан зерек болуы мүмкін», – деген. Бұл хадистің мағынасы хадисті сөзбе-сөз жаттап жеткізген адамға қарағанда оны естіген адам әлдеқайда мәнін түсінуі мүмкін екендігі айтылуда.
Мынадай бір оқиға болған. Хадис ғалымы Шұғба Хажжажұлы табиғиндер шәкірті боп есептеледі. Шұғба: «Уа, Әбу Мұхаммед! Тығырыққа тірейтін, күрмеуі қиын сұрақпен келсе, кімге жүгінесіңдер?» – деп сұрайды Атиядан. Ол: «Әрине, сізден ақыл-кеңес аламыз», – деп көңілін марқайтып қояды.
Сол арада көп уақыт өтпей дауласып адамдар келіп қалды: «Уа, Әбу Бустам (Шұғба), біреу бір кісінің қақ төбесінен ұрып, таяқ жеген адам иіскеу қабілетінен айырылып қалды. Не істейміз?» – деді. Шұғбаның айтар жауабы жоқ еді. Ал, келген адам «дауымызды шешіп беріңіз» деп қылқылдап тұр.
Соңында: «Уа, Әбу Мұхаммед (Атия)! Бұл дауға қалай төрелік бересің? Менің айтарым жоқ», – деді. Атия: «Сізден пәтуа сұрап келгенде, менің төрелік еткенім жараспас», – деді. Шұғба: «Менің сұрағым деп біл», – деп өтінді. Сонда Атия: «Әузағи мен Зұхриден естігенім: «Қыша дәнегі жақсылап ұнтақталады да, зардап шеккен адамға иіскетеді. Егер түшкірсе, иіскеу қабілетінен айырылмаған», – деп айтқан», – дедім. Осылайша дау шешілді дейді.
Ибн Хажар Бұхаридің кітабына түсіндірме жаза келе: «Фиқһ білімі арқылы бұл хадистерден артығымен пайдалану мүмкіндігіне ие болдым. Өйткені, фиқһ – хадистің жемісі. Иә, хадисті меңгеру фиқһтан әлдеқайда қиын болса да», – деп фиқһтың пайдасының көптігін айтқан екен.
Жоғарыдағы деректерде хадис ілімімен шұғылданған ғалымдар жайлы айтылуда. Міне, соларға хадисті толыққанды түсіну үшін фиқһ ілімі қажет болған.
Иә, бүгінде хадис кітаптарының қазақ және орыс тіліндегі аудармаларынан дін құндылықтарын үйренуге болар. Алайда, ақидалық және шариғи төрелік беретін және үкім шығару мәселесіне келгенде фиқһ ілімінсіз мүмкін емес. Намаз оқитын жастардың некесі бұзылып, отбасыларының ажырасуы да неке және талақ тақырыбындағы хадистің мұратын түсінбеуден болар.
Руслан ҚАМБАР