Гүлшат Бақытжан – филология ғылымдарының кандидаты, әлем әдебиетінің жауһарына айналған бірнеше туындыны қазақ тіліне тәржімалаған аудармашы. Бүгінде Гүлшат «Болашақ» бағдарламасы бойынша Абердин университетінің (Ұлыбритания) докторантура бөлімінде 3-курста оқиды.
Ғылым жолында жүрсе де, аударма жасауға уақыт табатын ол алдағы уақытта Алаш қозғалысының белсенді қайраткерлері мен қаламгерлерінің туындыларын ағылшыншаға аударып басуды көздейді. Саясат пен идеологияның аударма процесіне әсерін зерттеп жүрген Гүлшатқа хабарласып, Қазақстандағы аударма ісі жөнінде әңгіме өрбіткен едік.
– Аударма ісі бойынша оқыған маман көбіне мәтін аударумен ғана айналысатын болар деп ойлайтынбыз. Бірақ сіз әдеби туындыларды тәржімалаумен қатар, ғылым жолында сарыла ізденіп, біліміңізді жан-жақты толықтырып жүрсіз. Екеуін қатар алып жүру қиын емес пе?
– Қиын емес. Жалпы, мектепте математика мен ағылшын тілін сүйіп оқыдым. Әсіресе, ағылшын тілінен сабақ берген мұғалім қызықты методикасы арқылы қызығушылығымызды оятып, бізді бірден үйіріп әкетті. Тіпті, сыныптағы оқу үлгерімі төмен балалардың өзі ағылшын тілін беске оқып, үнемі үй тапсырмасын орындап келетін. Сөйтіп, ауылдағы орта мектепте оқысақ та, қаладағы оқушылармен деңгейіміз бір болып, түгеліміз ағылшын тілін тез үйреніп алдық.
Осыдан кейін аудармашы маман болуды көздеп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде аударма ісі мамандығы бойынша бакалавриат, ізінше магистратура бөлімінде білім алдым. Сосын ұстаздарым аспирантураға «алып» қалғысы келіп, білімімді әрі қарай ұштап, оны ғылыммен байланыстыруға кеңес берді. Содан соң, ҚазҰУ-дың аспирантура бөліміне оқуға түсіп, үш жылдың орнына екі жылда диссертация жазып шықтым.
2009 жылы Батыс Еуропа әдебиеті мен қазақ әдебиетін салыстыра зерттеп, салыстырмалы әдебиеттану бойынша кандидаттық диссертация қорғадым. Кейін жолдасымның жұмыс бабымен оның туып-өскен қаласы Екібастұзға қоныс аударып, ол жақта Қаныш Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтында алдымен аға оқытушы, кейін доцент, сосын білім және ғылым жөніндегі проректордың орынбасары қызметтерін атқардым.
Кейін ғылым жолындағы ізденісімді бұдан әрі тереңдету үшін «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританиядағы Лидс университетінің магистратура бөлімінде білім саласындағы саясат мамандығы бойынша оқыдым. Қазір Абердин университеті аударма ісі кафедрасындағы докторантура бөлімінде оқимын. Онда саясат пен идеологияның аударма процесіне әсерін зерттеп жүрмін.
– Аудармадағы алғашқы қадамыңыз неден басталды?
– Негізі, мен аудармамен 2-курстан бастап айналыстым. Ол кезде ғылым жолын қуғаннан гөрі практик боламын деп ойладым. Аты айтып тұрғандай, аударма ісі кафедрасында білім алып жатқан соң, аударма жасауым керек деген түсінік болды. Сөйтіп, жазғы каникулда кітапханадан ағылшын жазушысы Сомерсетт Моэмнің бірнеше кітабын сұрап, ауылға алып кеттім. Ұстаздарымыз сабақта осы жазушының шығармаларынан көп мысал келтіріп, тиісінше оның стилистикасын жиі талдайтынбыз. Батыс әдебиеті өкілдерінің стилін түсінгендіктен оның әңгімелерін аудару оңай болды.
Сосын күзде сабаққа келген кезде әлгі аударма жұмыстарымды «Қазақ әдебиеті» газетіне ұсынғанымда ондағылар бірден жариялады. Осыдан кейін әдеби туындыларды қазақшаға аударуға деген құлшыныс арта түсті. Кандидаттық диссертация қорғағаннан кейін тапсырыс тіпті көбейді.
Мысалы, сол уақытта Оскар Уайльдтың «Дориан Грейдің портреті» романын, сосын Эдгар Поның әңгімелерін аудара бастадым. Екібастұзда жауапты жұмыс атқарып жүрген кезде де аудармамен айналыстым. Америкалық заңгер Лоуренс Лессигтің web технологиялардың төл мәдениетімізге кері әсері, одан қалай сақтану керек екені туралы заң тұрғысынан, сөйте тұра түсінікті тілде жазылған «Еркін мәдениет» атты кітабын тәржімаладым. Осыдан соң заңға қатысты мәтіндерді аударуға ден қоя бастап, Лионель Бентли, Брэд Шерман пен Дэв Ганжидің авторлық құқық туралы жазған «Интеллектуалдық меншік құқығының» 1-томын аудардым.
– Ұлттық аударма бюросының «100 жаңа оқулық» жобасы аясында әлемдегі ең үздік оқулықтарды қазақшаға аударуы еліміздегі кітап индустриясына серпін әкелгені анық. Десек те аударма бюросы құрылғанға дейін аударма ісінде атқарылған еңбектерді көпшілік біле бермейді.
– Негізі, әдеби аудармаға негізделген аударма ісі мамандығы тұңғыш рет әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінде ашылды. Жеке мамандық ретінде шифры пайда болған соң, көптеген университетте де кафедралар ашыла бастады, бірақ онда көбіне ресми мәтінді аударуды үйрететін аудармашы-референттер әзірлейтін.
Негізі, бізге дейін оқығандар әдеби шығармашылық және аударма мамандығы бойынша білім алған, сол себепті оларды «таза» аудармашылар деп айта алмаймыз. Ал нақты аударма ісі мамандығын игерген біз екінші буынға кіреміз.
90-жылдары кітап аударуға бағытталған ешқандай бағдарлама болмаса да аудармашылар біраз еңбектерді өз күшімен аударатын. Көзге көрінбесе де, басым көпшілігі кішігірім жұмыстарды өз бетінше тәржімалайтын. Ал қазақ тіліндегі аударма ісі 2000 жылдары жандана түсті. Үкімет аударма ісін қолға алып, ауқымды іс-шаралар өткізе бастады. Оған қоса, «Аударма» баспасы ашылып, арнайы жасақталған бағдарлама аясында әлем әдебиетіндегі классиктердің туындылары 3-4 жыл бойы қазақ тіліне аударылды.
Жоғарыда айтып өткен Оскар Уайльд пен Эдгар Поның туындыларын дәл осы бағдарламаның аясында аудардым. Бұл бағдарламаның қазақ тіліндегі аударма ісіне, қазақ тілінде контент жасауға жол салып беріп, өзгеріс әкелгені айтпаса да түсінікті.
– Бірақ ол уақытта кітаптардың басым бөлігі орыс тілінен аударылған болар.
– Иә. Ол уақытта Кеңес үкіметі кезіндегі аудармалар өңделіп, басылды. Дегенмен біраз кітап бірден ағылшын тілінен қазақшаға аударылды. Жалпы, Кеңес үкіметі кезінде аударма ісі сапалы жүргізіліп, орыстандыру саясатына байланысты қатаң тексерістен өтіп, егжейлі-тегжейлі редакцияланатын. Бірақ ол кездегі аударылған он кітаптың алтауында КОКП тарихы немесе Лениннің идеялары насихатталатын. Ал бұдан да мазмұны бай туынды оқығың келсе, орыс тілінде білім ал немесе орыс тілінде кітап оқы дегенді меңзейтін.
Зерттеп қарасақ, әлемдегі ғылыми контенттің 66 пайызы ағылшын тілінде жасалады. Ал орыс тіліндегі контент 5-6 пайыз ғана. Оның өзінде ол тек орыстардың ғылымына, олардың көзқарасына, мәдениетіне бағытталады. Сол себепті бізге бірден орыс тілінен аударудың қажеті шамалы.
Мысалы, аударма ісі бойынша постструктурализм, постколониализм бағытындағы ауқымды теориялар баршылық, бірақ олар орыс тілінде жазылмаған. Себебі күші басым колонизатор болған ол елдің ғалымдарына өз кемшіліктерін ашып көрсететін теориялар керек емес екені айдан анық. Ал бізге мұндай теориялар қажет, себебі біз отаршылдықтың «темір құрсауында» болғандықтан өзімізді түсіну, бірегейлігімізді анықтау үшін сол теорияларға талдау жасауымыз қажет.
Алайда біз ол теорияларды ала алмаймыз, өйткені біз орыс тілінде сөйлеп, орыс тілінен аударуға етіміз үйреніп алған. Сол себепті мұндай құнды дүниелерді батыстан алып, көзқарасымызды сол жаққа бұрғанымыз ләзім.
Тәуелсіздіктің үш негізі бар – тіл, территория, Ата заң. Тіл – біздің ұлттық болмысымыз. Қазақша сөйлей алмайтын адам қазақ мәдениетін хабардар болуы екіталай. Мысалы, Ұлыбританияның білім бағдарламасының бірінші бетінде «Ұлыбританияның ең бірінші байлығы – оның тілі мен мәдениеті» деп жазылған. Сол себепті олар 1-сыныптан бастап бүкіл ұлттың балаларына ағылшын тілі мен әдебиетін оқытады.
Осында бастауыш сыныпқа барған балама мұғалімі көп уақыт бойы викингтердің тарихын оқытты, сосын ол осы бойынша спектакльге қатысты. Қазір ол викингтердің тарихын бәрінен жақсы біледі. Қарап отырсаңыз, ағылшындар балаға тарих пен мәдениетті жас кезінен таныстыруды жақсы жолға қойған.
Біз де ешкімнен қалыс қалмай, қазақтілді контенттің үлесін арттырып жатырмыз. Елбасының тапсырмасынан кейін құрылған Ұлттық аударма бюросы осы процесті бастап берді. Қазақ тіліндегі терминдерді стандарттау, сондай-ақ ғылыми контентті бірден ағылшын тілінен қазақшаға аудару – біз үшін баға жетпес байлық, үлкен жетіс-тік.
– Әсіресе, аударма бюросы аударған кітаптардың еліміздегі ЖОО кітапханаларына тегін жеткізілгені қуантады.
– Иә. Жоғары білімнің бірыңғай еуропалық жүйесін құруға мүмкіндік беретін Болон процесіне қосылған соң, елдің білім жүйесінде көп өзгеріс болды. Бұрын оқытушылар тек сабақ берумен шектеліп, ал ғылым академиясындағылар ғылыммен айналысатын. Қазір оқытушылар бұл екі талапты қатар орындауы қажет. Бұл, әлбетте, дұрыс қадам. Бірақ олар жұмысының көптігінен мұны қоса орындауға шама-шарқы жете бермейді.
Кеңес үкіметі ыдыраған соң, гуманитарлық бағыттағы кітаптардың жетіспейтіні қатты білінді. Философия оқулықтарын ашып қалсаңыз, КОКП-ның маңызы мен Лениннің айтқандарын көзіңіз шалады, ал тарих оқулықтарында бұрмаланған деректер көп болды. Ал оқытушылар мұның барлығын түзеу қажет еді. Бірақ олар батыстан «әкелейін» десе, ағылшын тілін білмейді. Ал орыс тілінен аударса да, бәрібір бұрмалаушылық басым болады. Өйткені әр оқытушы мәтінді өзінше аударады.
Мысалы, сабағым көп болғандықтан өзіме қажет деректі тез әрі жобалап аударуға тырысамын делік. Мен секілді басқа университетте сабақ беретін әріптесім өзіне керегін аударып, басқа термин ойлап табады. Түптеп келгенде, саламыз бір болса да, терминология әртүрлі. Ешқандай стандарт жоқ. Ал стандарт болмаған жерде ғылым болмайды, себебі ғылымның ең бірінші компоненті – терминология. Менің жазғанымды сіз түсініп, сіздің жазғаныңызды мен түсінуім керек.
Сол себепті Ұлттық аударма бюросының ЖОО оқытушыларына ортақ кеңістік қалыптастырып, бірізділікке салып беріп, ғылыми контент жасауда қосқан үлесі орасан.
Тағы бір айта кетерлігі, аймақтық университеттерде қазақ тілінде контент болмағандықтан кейде қазақ бөлімінде оқитындарды орыс тобына қосып оқытады. Сол кезде көпшілік оқушыларды да қинамай, оқытушыларға да салмақ салмай, орыс тобы оқып жүрген кітаптарды қазақ тілінде әзірлеп шығаратын бір орталық болса ғой дегенді жиі айтатын.
Ұлттық аударма бюросының қарқыны біз ойлағаннан да асып түсті, әсіресе ғылыми тілді реконцептуализациялау кезінде сырттан келген сөздерді тілімізге икемдеп, жаңалық ашты. Ол солай болуы керек, өйткені бұл – табиғи процесс. Бұл да біздің ғылыми жетістігіміз, қазақ тілі түрленіп жатыр. Тіл – организм секілді тірі нәрсе. Түрлі терминдерді қалай аударуға болатыны туралы ортаға сауал тасталып, әркім өз нұсқасын айтып, үлкен ағынға айналды.
Осындай стратегиялық маңызы бар жоба қазақ тілінің академиялық деңгейге шығуына үлкен ықпалын тигізді. Негізі, 100 оқулық теңізге тамған тамшыдай ғана, бізге 100 емес, 1000 оқулық аудару қажет. Сонымен қатар гуманитарлық бағыттағы оқулықтарды ғана аударып қоймай, түрлі салаларды да қамтыған абзал.
– Елге оралған соң, ғылыми мектеп қалыптастырғыңыз келетінін айтып қалдыңыз. Ал аударма ісіне қатысты қандай жоспарыңыз бар? Қандай туындыларды аудару ойда бар?
– Бәрінен бұрын аудармашылардың жаңа буынын дайындауды көздеп жүрмін. Одан бөлек, аударма ісі бойынша оқып жатқан докторанттарға бағыт-бағдар көрсеткім келеді. Мүмкіндік берілсе, аудармашыларды дайындау стратегиясын өзгертер едім.
Ал аудармаға келсем, осы уақытқа дейін көбіне ағылшын тіліндегі туындыларды қазақшаға аударумен айналысып келдім. Енді қазақ тіліндегі небір-небір керемет шығармаларды ағылшыншаға тәржімалауды мақсат тұтып отырмын. Оқығанда таң-тамаша қылатын әдеби туындыларды ағылшынша «сөйлеткім» келеді. Олар туралы зерттеу мақалалар жазып, шетелдік басылымдарға жариялау да жоспарда бар.
Ең алдымен, Алаш қозғалысы кезіндегі әдеби туындыларды реттеп, антология құрастырып шығаруым керек. Жалпы, біздегі Алаш әдебиеті ағылшыншаға толығымен аударылмаған. Тиісінше толық картина жоқ. Өз-өзімізді таныту, бай әдебиетіміздің бар екенін көрсету үшін осындай еңбектерді жүйелі түрде тәржімалау қажет. Батыс елдеріндегі оқырманның қызығатыны да осы, олар белгілі бір ұлттың тарихында болған ұлттық бастамалар мен саяси мотивтер, сондай-ақ әдебиетіндегі ерекшеліктерді білгісі келеді. Сол себепті оқырманның талабына сәйкес осындай дүниелерді жасау ойымда жүр. Содан соң университетте арнайы зертхана ашып, студенттерден команда жасақтап, оларды ғылыми ізденіс пен аударма ісіне баулығым келеді.
Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ