Гүлшат Бақытжан – филология ғылымдарының кандидаты, әлем әдебиетінің жауһа­рына айналған бірнеше туындыны қазақ тіліне тәржімалаған аудармашы. Бүгінде Гүлшат «Болашақ» бағдарламасы бойынша Абердин университетінің (Ұлыбритания) докторантура бөлімінде 3-курста оқиды.

Ғылым жолында жүрсе де, аударма жасауға уақыт табатын ол алдағы уақытта Алаш қозғалысының белсенді қайраткерлері мен қаламгерлерінің туын­дыларын ағылшыншаға аударып басуды көздейді. Саясат пен идеологияның аударма процесіне әсерін зерттеп жүрген Гүлшатқа хабарласып, Қазақстандағы аударма ісі жөнінде әңгіме өрбіткен едік.

– Аударма ісі бойынша оқыған ма­ман көбіне мәтін аударумен ғана ай­налысатын болар деп ойлайтынбыз. Бі­рақ сіз әдеби туындыларды тәржі­ма­лау­мен қатар, ғылым жолында сарыла із­деніп, біліміңізді жан-жақты толық­ты­рып жүрсіз. Екеуін қатар алып жүру қиын емес пе?

– Қиын емес. Жалпы, мектепте ма­тематика мен ағылшын тілін сүйіп оқы­дым. Әсіресе, ағылшын тілінен сабақ берген мұ­ғалім қызықты методикасы арқылы қы­зығушылығымызды оятып, бізді бірден үйі­ріп әкетті. Тіпті, сыныптағы оқу үлгерімі тө­мен балалардың өзі ағылшын тілін беске оқып, үнемі үй тапсырмасын орындап ке­ле­тін. Сөйтіп, ауылдағы орта мектепте оқы­сақ та, қаладағы оқушылармен деңгейіміз бір болып, түгеліміз ағылшын тілін тез үйре­ніп алдық.

Осыдан кейін аудармашы ма­ман болуды көздеп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде аударма ісі мамандығы бойынша бакалавриат, ізінше магистратура бөлімінде білім алдым. Сосын ұстаздарым аспирантураға «алып» қалғысы ке­ліп, білімімді әрі қарай ұштап, оны ғы­лым­мен байланыстыруға кеңес берді. Содан соң, ҚазҰУ-дың аспирантура бөліміне оқуға түсіп, үш жылдың орнына екі жылда диссертация жазып шықтым.

2009 жылы Батыс Еуропа әдебиеті мен қазақ әдебиетін са­лыстыра зерттеп, салыстырмалы әде­биет­тану бойынша кандидаттық диссертация қор­ғадым. Кейін жолдасымның жұмыс ба­бы­мен оның туып-өскен қаласы Екібастұзға қо­ныс аударып, ол жақта Қаныш Сәтбаев атын­дағы Екібастұз инженерлік-тех­ни­калық институтында алдымен аға оқытушы, кейін доцент, сосын білім және ғылым жө­ніндегі проректордың орынбасары қыз­мет­терін атқардым.

Кейін ғылым жо­лын­дағы ізденісімді бұдан әрі тереңдету үшін «Бо­ла­шақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбри­та­ния­дағы Лидс университетінің магистратура бө­лімінде білім саласындағы саясат ма­ман­дығы бойынша оқыдым. Қазір Абердин уни­верситеті аударма ісі кафедрасындағы док­торантура бөлімінде оқимын. Онда саясат пен идеологияның аударма процесіне әсерін зерттеп жүрмін.

– Аудармадағы алғашқы қадамыңыз неден басталды?

– Негізі, мен аудармамен 2-курстан бас­тап айналыстым. Ол кезде ғылым жолын қуған­нан гөрі практик боламын деп ой­ла­дым. Аты айтып тұрғандай, аударма ісі ка­фед­расында білім алып жатқан соң, аударма жа­сауым керек деген түсінік болды. Сөйтіп, жаз­ғы каникулда кітапханадан ағылшын жазу­шысы Сомерсетт Моэмнің бірнеше кіта­бын сұрап, ауылға алып кеттім. Ұстаз­да­ры­мыз сабақта осы жазушының шығар­ма­ларынан көп мысал келтіріп, тиісінше оның стилистикасын жиі талдайтынбыз. Батыс әдебиеті өкілдерінің стилін түсін­гендіктен оның әңгімелерін аудару оңай болды.

Сосын күзде сабаққа келген кезде әлгі аударма жұмыстарымды «Қазақ әде­бие­ті» газетіне ұсынғанымда ондағылар бірден жа­риялады. Осыдан кейін әдеби туынды­ларды қазақшаға аударуға деген құлшыныс арта түсті. Кандидаттық диссертация қорғағаннан кейін тапсырыс тіпті көбейді.

Мысалы, сол уақытта Оскар Уайльдтың «Дориан Грейдің портреті» романын, сосын Эдгар Поның әңгімелерін аудара бастадым. Екібастұзда жауапты жұмыс атқарып жүрген кезде де аудармамен айналыстым. Америкалық заңгер Лоуренс Лессигтің web технологиялардың төл мәдениетімізге кері әсері, одан қалай сақтану керек екені туралы заң тұрғысынан, сөйте тұра түсінікті тілде жазылған «Еркін мәдениет» атты кітабын тәржімаладым. Осыдан соң заңға қатысты мәтіндерді аударуға ден қоя бастап, Лионель Бентли, Брэд Шерман пен Дэв Ганжидің авторлық құқық туралы жаз­ған «Интеллектуалдық меншік құқығының» 1-томын аудардым.

– Ұлттық аударма бюросының «100 жаңа оқулық» жобасы аясында әлем­дегі ең үздік оқулықтарды қазақшаға аударуы еліміздегі кітап индустрия­сына серпін әкелгені анық. Десек те аударма бюросы құрылғанға дейін аударма ісінде атқарылған еңбектерді көпшілік біле бермейді.

– Негізі, әдеби аудармаға негізделген ау­дарма ісі мамандығы тұңғыш рет әл-Фара­би атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінде ашылды. Жеке мамандық ретінде шифры пайда болған соң, көптеген университетте де кафедра­лар ашыла баста­ды, бірақ онда кө­біне ресми мәтінді ау­дару­ды үйре­тетін аудар­ма­шы-референт­тер әзір­лейтін.

Негізі, бізге дейін оқығандар әде­би шы­ғарма­шылық және аударма ма­мандығы бойынша білім алған, сол себепті олар­ды «таза» аудар­машылар деп айта ал­май­мыз. Ал нақты аударма ісі мамандығын игерген біз екінші буынға кіреміз.

90-жылдары кітап аударуға бағытталған еш­қандай бағдарлама болмаса да аудар­ма­шылар біраз еңбектерді өз күшімен аудара­тын. Көзге көрінбесе де, басым көпшілігі кі­шіг­ірім жұмыстарды өз бетінше тәр­ж­і­малайтын. Ал қазақ тіліндегі аударма ісі 2000 жылдары жандана түсті. Үкімет аудар­ма ісін қолға алып, ауқымды іс-шаралар өткізе бастады. Оған қоса, «Аудар­ма» бас­пасы ашылып, арнайы жасақ­талған бағ­дар­лама аясында әлем әдебие­тіндегі клас­сик­тердің туындылары 3-4 жыл бойы қазақ тілі­не аударылды.

Жоғарыда айтып өткен Оскар Уайльд пен Эдгар Поның туын­ды­ларын дәл осы бағдарлама­ның аясында ау­дардым. Бұл бағдарламаның қазақ ті­ліндегі аударма ісіне, қазақ тілінде контент жа­сауға жол салып беріп, өзгеріс әкелгені айт­паса да түсінікті.

– Бірақ ол уақытта кітаптардың ба­сым бөлігі орыс тілінен аударылған бо­лар.

– Иә. Ол уақытта Кеңес үкіметі кезіндегі ау­­­­дармалар өңделіп, басылды. Дегенмен бі­раз кітап бірден ағылшын тілінен қазақ­шаға аударылды. Жалпы, Кеңес үкіметі ке­зінде аударма ісі сапалы жүргізіліп, орыс­тандыру саясатына байланысты қатаң тек­серістен өтіп, егжейлі-тегжейлі редак­цияланатын. Бірақ ол кездегі аударылған он кітаптың алтауында КОКП тарихы немесе Лениннің идеялары насихатталатын. Ал бұдан да мазмұны бай туынды оқығың кел­се, орыс тілінде білім ал немесе орыс тілінде кітап оқы дегенді меңзейтін.

Зерттеп қара­сақ, әлемдегі ғылыми контенттің 66 пайызы ағылшын тілінде жасалады. Ал орыс тілін­дегі контент 5-6 пайыз ғана. Оның өзінде ол тек орыстардың ғылымына, олардың көзқарасына, мәдениетіне бағытталады. Сол себепті бізге бірден орыс тілінен ау­дарудың қажеті шамалы.

Мысалы, аударма ісі бойынша постструктурализм, постко­лониализм бағытындағы ауқымды тео­риялар баршылық, бірақ олар орыс тілінде жа­зылмаған. Себебі күші басым колони­за­тор болған ол елдің ғалымдарына өз кемші­лік­терін ашып көрсететін теория­лар керек емес екені айдан анық. Ал бізге мұндай тео­риялар қажет, себебі біз отар­шыл­дықтың «темір құрсауында» бол­ғандықтан өзімізді түсіну, бірегей­лігімізді анықтау үшін сол теорияларға талдау жасауымыз қажет.

Алайда біз ол теориялар­ды ала алмаймыз, өйт­кені біз орыс тілінде сөйлеп, орыс тілі­нен аударуға етіміз үйреніп алған. Сол се­бепті мұндай құнды дүниелерді батыстан алып, көзқарасымызды сол жаққа бұр­ға­ны­мыз ләзім.

Тәуелсіздіктің үш негізі бар – тіл, территория, Ата заң. Тіл – біздің ұлттық бол­мысымыз. Қазақша сөйлей алмайтын адам қазақ мәдениетін хабардар болуы екі­талай. Мысалы, Ұлыбританияның білім бағ­дарламасының бірінші бетінде «Ұлыб­ританияның ең бірінші байлығы – оның тілі мен мәдениеті» деп жазылған. Сол се­беп­ті олар 1-сыныптан бастап бүкіл ұлттың балаларына ағылшын тілі мен әдебиетін оқытады.

Осында бастауыш сыныпқа барған балама мұғалімі көп уақыт бойы ви­кингтердің тарихын оқытты, сосын ол осы бойынша спектакльге қатысты. Қазір ол викингтердің тарихын бәрінен жақсы біледі. Қарап отырсаңыз, ағыл­шындар бала­ға тарих пен мәдениетті жас кезінен таныс­тыруды жақсы жолға қойған.

Біз де еш­кімнен қалыс қалмай, қазақтілді контенттің үлесін арттырып жатырмыз. Елбасының тапсырмасынан кейін құрылған Ұлттық аударма бюросы осы процесті бастап берді. Қазақ тіліндегі терминдерді стандарттау, сондай-ақ ғылыми контентті бірден ағыл­шын тілінен қазақшаға аудару – біз үшін баға жетпес байлық, үлкен жетіс-тік.

– Әсіресе, аударма бюросы аударған кітап­тардың еліміздегі ЖОО кітапха­на­ларына тегін жеткізілгені қуантады.

– Иә. Жоғары білімнің бірыңғай еу­ро­палық жүйесін құруға мүмкіндік беретін Болон процесіне қосылған соң, елдің білім жүйесінде көп өзгеріс болды. Бұрын оқыту­шылар тек сабақ берумен шектеліп, ал ғылым академиясындағылар ғылыммен ай­налысатын. Қазір оқытушылар бұл екі талапты қатар орындауы қажет. Бұл, әл­бетте, дұрыс қадам. Бірақ олар жұмысының көптігінен мұны қоса орындауға шама-шарқы жете бермейді.

Кеңес үкіметі ыды­раған соң, гуманитарлық бағыттағы кітап­тардың жетіспейтіні қатты білінді. Фи­лософия оқулықтарын ашып қалсаңыз, КОКП-ның маңызы мен Лениннің айт­қан­дарын көзіңіз шалады, ал тарих оқулық­тарында бұрмаланған деректер көп болды. Ал оқытушылар мұның барлығын түзеу қажет еді. Бірақ олар батыстан «әкелейін» десе, ағылшын тілін білмейді. Ал орыс ті­лінен аударса да, бәрібір бұрмалаушылық ба­сым болады. Өйткені әр оқытушы мәтінді өзінше аударады.

Мысалы, сабағым көп болған­дықтан өзіме қажет деректі тез әрі жобалап аударуға тырысамын делік. Мен секілді басқа университетте сабақ беретін әріптесім өзіне керегін аударып, басқа термин ойлап табады. Түптеп келгенде, саламыз бір болса да, терминология әртүрлі. Ешқандай стандарт жоқ. Ал стандарт бол­маған жерде ғылым болмайды, себебі ғы­лымның ең бірінші компоненті – терминология. Менің жазғанымды сіз түсініп, сіздің жазғаныңызды мен түсінуім керек.

Сол себепті Ұлттық аударма бюро­сының ЖОО оқытушыларына ортақ кеңіс­тік қалыптастырып, бірізділікке салып беріп, ғылыми контент жасауда қосқан үлесі орасан.

Тағы бір айта кетерлігі, аймақ­тық университеттерде қазақ тілінде кон­тент болмағандықтан кейде қазақ бөлімінде оқитындарды орыс тобына қосып оқытады. Сол кезде көпшілік оқушыларды да қинамай, оқытушыларға да салмақ салмай, орыс тобы оқып жүрген кітаптарды қазақ ті­лінде әзірлеп шығаратын бір орталық бол­са ғой дегенді жиі айтатын.

Ұлттық аудар­ма бюросының қарқыны біз ойлаған­нан да асып түсті, әсіресе ғылыми тілді ре­концеп­туализациялау кезінде сырттан кел­ген сөздерді тілімізге икемдеп, жаңалық аш­ты. Ол солай болуы керек, өйткені бұл – табиғи процесс. Бұл да біздің ғылыми жетістігіміз, қа­зақ тілі түрленіп жатыр. Тіл – организм секілді тірі нәрсе. Түрлі терминдерді қалай аударуға болатыны туралы ортаға сауал тасталып, әркім өз нұсқасын айтып, үлкен ағынға айналды.

Осындай стратегиялық маңызы бар жоба қазақ тілінің академиялық деңгейге шығуына үлкен ықпалын тигізді. Негізі, 100 оқулық теңізге тамған тамшыдай ғана, бізге 100 емес, 1000 оқулық аудару қа­жет. Сонымен қатар гуманитарлық ба­ғыттағы оқулықтарды ғана аударып қой­май, түрлі салаларды да қамтыған абзал.

– Елге оралған соң, ғылыми мектеп қалыптастырғыңыз келетінін айтып қалдыңыз. Ал аударма ісіне қатысты қан­дай жоспарыңыз бар? Қандай туын­дыларды аудару ойда бар?

– Бәрінен бұрын аудармашылардың жаңа буынын дайындауды көздеп жүрмін. Одан бөлек, аударма ісі бойынша оқып жат­қан докторанттарға бағыт-бағдар көрсеткім келеді. Мүмкіндік берілсе, аудармашыларды дайындау стратегиясын өзгертер едім.

Ал аудармаға келсем, осы уақытқа дейін көбіне ағылшын тіліндегі туындыларды қазақшаға аударумен айналысып келдім. Енді қазақ тіліндегі небір-небір керемет шығармаларды ағылшыншаға тәржімалауды мақсат тұтып отырмын. Оқығанда таң-тамаша қылатын әдеби туындыларды ағылшынша «сөй­лет­кім» келеді. Олар туралы зерттеу мақалалар жазып, шетелдік басылымдарға жариялау да жоспарда бар.

Ең алдымен, Алаш қозға­лысы кезіндегі әдеби туындыларды реттеп, антология құрастырып шығаруым керек. Жалпы, біздегі Алаш әдебиеті ағылшыншаға толығымен аударылмаған. Тиісінше толық картина жоқ. Өз-өзімізді таныту, бай әде­биетіміздің бар екенін көрсету үшін осын­дай еңбектерді жүйелі түрде тәржімалау қа­жет. Батыс елдеріндегі оқырманның қы­зы­ғатыны да осы, олар белгілі бір ұлттың тари­хында болған ұлттық бастамалар мен саяси мотивтер, сондай-ақ әдебиетіндегі ерекшеліктерді білгісі келеді. Сол себепті оқырманның талабына сәйкес осындай дүниелерді жасау ойымда жүр. Содан соң университетте арнайы зертхана ашып, студенттерден команда жасақтап, оларды ғылыми ізденіс пен аударма ісіне баулығым келеді.

Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Пікір жазу