Польшадағы Адам Мицкевич атындағы Познань университетінің профессоры Гүлайхан Ақтай – Еуропа университеттерінде қазақ тілін оқыту үшін шақырту алған алғашқы лекторлардың бірі. Факультет ішінен қазақтану бөлімін ашып, қазақ-поляк сөздігін құрастырып шығарған білікті маман поляктардың қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы мол екенін айтады. Шетелде қазақ тілінің насихатталуы үшін қолымнан келгенше жұмыс істеймін деп, ауқымды жоспар құрып отырған Гүлайханға хабарласып, әңгімелескен едік.
– Халықаралық қазақ-түрік университетінде жұмыс істеп жүргеніңізде қазақ тілі сабақтарының оқытылу әдісін ұнатқан еуропалық ғалым сізді Польшаға шақырған деседі. Солай ма?
– Солай. Жалпы, өзім Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданының тумасымын. Ұстазым Бижан Оразымбетов сабақты қызықты өткізіп қана қоймай, сабақтан тыс уақытта да бағыт-бағдар беріп, тіл саласының маманы болуыма септігін тигізді.
Десек те, бірінші жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге оқуға түсе алмай қалдым, тіпті өз шығармамды тексеру үшін апелляцияға да бердім. Бірақ бұдан ештеңе өнбеген соң, бір жыл жұмыс істеп, келесі жылы қалай болғанда да филолог боламын деп Қыздар педагогикалық институтына оқуға түстім.
Біз топта бес-алты қыз күні-түні кітапханадан шықпай, сабақты үздік оқып, оқуды қызыл дипломға бітірдік. Диплом жұмысын қорғайтын кезде комиссия қатарында отырған академик Сейіт Қасқабасов бізді ауылға жібермей, қалада алып қалу керек екенін, жастарға осындай жалындап тұрған мамандар тіл үйрету қажеттігін айтып, ауылға барып, ата-анамызға дипломымызды көрсетіп, қалаға қайта келуімізді сұрады.
Бірақ әкем ата-анасыз өскендіктен балаларының қасында болғанын қалап, Алматыға жібергісі келмеді. Сөйтіп, үлкендердің сөзінен аттап кете алмаған мен ғылым жолын қуамын деп, құрылғанына аз ғана жыл болған Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің аспирантурасына оқуға түстім. Оны бітірген соң, тіл үйрету орталығында оқытушылық жұмысқа тұрдым.
Бір күні сабаққа келсем әріптестерім оқу орнымызға Еуропадан арнайы қонақ келгенін, оның қазақ тілінің қалай үйретілетінін, сабақтардың қалай жүретінін білу мақсатында келгенін айтып, улап-шулап жүр. Сөйтсек, шығыстанушы, түркітанушы Адам Мицкевич атындағы Познань университетінің профессоры Хенрик Янковски Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, әр өңірдегі қазақ тілін оқыту әдістемелерін зерттеп жүр екен.
Арада екі жыл өтер-өтпес уақытта Познань университетінің өкілдері біздегі оқу жүйесін ұнатып, қазақ тілінің маманы қажет екенін айтып, ресми хат жолдайды. Сөйтіп, орталық басшылығы мені таңдап, екі университет арасындағы келісімшарт негізінде 2002 жылдың қыркүйек айында Польшаның Познань қаласына қазақ тілі пәні бойынша оқытушы ретінде жұмысқа тұрдым.
– Познань университетінің оқу бағдарламасына қазақ тілі пәнін енгізу профессор Хенрик Янковскидің идеясы ғой сонда?
– Иә. Жалпы, бір мамандық ашу үшін кемінде бес-алты жыл дайындық жұмыстарын жүргізу керек. Профессор түркология бойынша бағдарлама жасақталып, оған қандай пән енгізілетінін жоспарлап жүрген кезде Қазақстанға келіп, арнайы зерттеу жүргізген. Университеттен түркология факультетін ашуды мақсат етіп жүрген профессор оғыз тілдеріне кіретін түрік тілімен қатар, қыпшақ тілдері арасынан да бір тілді таңдау керек деп, таңдауы қазақ тіліне түскен. Зерттеу жүргізу барысында қазақ тіліне деген құштарлығы оянып, ана тіліміздің соншалықты бай екеніне көз жеткізген ол түркологтар түрік тілінен басқа тағы бір тіл – қазақ тілін білуі керек деп, оқу бағдарламасына пән ретінде енгізуді көздеген.
– Факультетте қазақтану бөлімінің ашылуына мұрындық болыпсыз. Кейін түсінгенімдей, бұл бөлім жабылып қалған секілді…
– Иә, осында жұмысқа тұрғалы бері сол мақсатты көздеп, ақыры 2009 жылы Қазақтану бөлімі ашылды. Сол кезде «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» дегендей, асықпай, үнсіз жүріп те біраз жұмыстың бетін қайыруға болатынына көзім жетті. Қазақтану бөлімінде өте көп шаруалар атқарылды: қазақ тілі мен әдебиеті туралы ғылыми еңбектер жазылып, ғылыми конференциялар өткізілді, көптеген ғылыми еңбектер жарыққа шықты.
Ғылыми еңбек демекші, әр оқулық шыққан сайын ең алдымен Қазақстанға, соның ішінде ұлттық кітапхана мен А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтына жіберіп отырамын. Одан бөлек, қазақтілді оқулықтар әзірлеп, қазақ-поляк сөздігін құрастырып шығардық.
Әдепкіде оқулықтар мен сөздіктер жеткіліксіз болды. Студенттер алдымен поляк тілінен орысшаға, сосын орыс тілінен қазақшаға аударып жүрді. Ескіріп қалған қазақ-ағылшын сөздігі болды, бірақ оны пайдалану мүмкін емес еді. Сөйтіп, 2002-2011 жылдар аралығында сөздікті әзірлеп шығардық. Бұл тек сөздердің аудармасы ғана емес, ішінде түрлі мысалдар мен түсініктемелер берілген, сондай-ақ грамматика ережелері кіріктірілген.
Содан не керек, он жылдығымызды атап өтеміз деп жүрген кезде 2019 жылы Польшаның білім жүйесіне енгізілген құрылымдық өзгерістер себебінен қазақтану бөлімі жабылып қалды. Он жылдық мерейтойды атап өте алмасақ та, осындай бөлімнің болғаны ұмыт қалмасын деген мақсатпен 2020 жылы «Қазақтану бөлімінің он жылдығына арналған жинақты» жарыққа шығардық.
Десек те, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Біздің университетте жалпы саны қырық төрттен астам тіл оқытылады. Мен бакалавриат бөліміндегі студенттерге қазақ тілі, қазақ тілінің грамматикасы, Орта Азия қоғамы, кәсіби қазақ тілі секілді сабақтар жүргіземін. Ал магистранттарға биылдан бастап жаңадан ашылған қазақ тіл білімі мен Орта Азиядағы тілдік байланыстар курстарынан дәріс бермекпін.
Жоғарыда мен айтып өткен өзгерістерге байланысты көп тілдің оқытылу жүйесі қайта қарастырылды. Бір бөлім ашу үшін оқытушылық құрамда кемінде үш доктор болуы керек деген секілді университеттің ішкі нормативті қағидалары бар. Осы және өзге де шарттарға сай болып, болашақта Қазақтану бөлімін қайта жандандырсақ деген жоспарымыз бар.
– Бір сұхбатыңызда 2002 жылдары студенттердің қазақ тілін үйренуге деген құлшынысының жоғары болғанын, алайда Қазақстаннан келген түрлі деңгейдегі шенеуніктердің орыс тілінде сөйлеуі олардың қарқынын бәсеңдетіп тастағанын айтыпсыз. Қазір бұл жағдай өзгерді ме?
– Ал сіз қалай ойлайсыз, қазақ тілінің қолданылу аясы 2000 жылдармен салыстырғанда өзгерді ме? Мен сол сұхбатта қалай айтсам, қазір де сол ойдамын. Тіпті Қазақстанның өзінде қазақ тілінің қолданылу аясы тарылып барады.
Алысқа бармай-ақ, бүгін болған бір жайтты мысалға келтіре кетейінші. Жаңа ғана Қазақстан мен Польша өкілдерінің арасында онлайн форматта өткен форумға қатыстым. Оған бір ғана қазақ қатысты, қалғандары – өзге ұлт өкілдері болды. Форум кезінде пікір алмасып жатқанда Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің бірі «Егер Қазақстанға келемін дейтін болсаңыздар, орыс тілін біліп келіңіздер» дейді.
Бастапқыда «Бұл – ақылға қонбайтын нәрсе ғой» деп ашуға булығасың. Бірақ кейіннен оның айтқаны рас екенін амалсыз мойындауға тура келеді. Өздері Қазақстанда өмір сүріп отырып, «орыс тілін біліп кел» деп тұрса, Қазақстанға барғанда орысша сөйлеп-ақ өздеріне керегін сұрай алатынын түсінген шетел азаматтары «Сонда қазақ тілінің не керегі бар?» деп ойлауы әбден мүмкін ғой. Осы жайт жаныма қатты батты.
Бірақ қанша ауыр болса да, бұл – шындық. Осындайда Ахмет Байтұрсынұлының көрегендігі таңғалдырады. Сонау жиырмасыншы ғасырдың басында Ахаң «Егерде біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай, тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек» деп айтып кеткен. Егер біз тек қарнымыздың ашпауын ғана ойласақ, біздің ұлт ретінде әлем сахнасынан лайық орнымызды алуымыз екіталай. Бұған жоғарыда мен мысал келтірген өзге ұлт өкілдерін кінәлаудың қажеті жоқ, барлығына өзіміз кінәліміз.
Көпке топырақ шашудан аулақпын, қазақ тілін насихаттау үшін мүлде жұмыс істеліп жатқан жоқ деп айта алмаймын, бірақ осылай баяу қарқынмен жұмыс істейтін болсақ, келесі отыз жылдан кейін де қазақ тіліне деген сұраныс осы күйінде қалады. Сұраныс пен ұсыныс – бір-бірімен тығыз байланысты ұғым. Тілге сұраныс болса, ұсыныс та болады. Ал сұраныс болмаса, ұсыныс күтпеңіз. Демек тілге сұранысты арттыруға күш салуымыз қажет.
Бекжан Тұрыстың «Ұлым саған айтамын» деген моноспектаклінде «Ертең елу жас келіп, есігімді қаққанда еліме не деп есеп беремін?» дейтін тұсы бар. Сол секілді әр қазақ «Ертең ұрпағыма мен не деп жауап беремін?» деп, орысша шүлдірлеп жүрген бала-шағасының қазақ тілінде сөйлеуіне мүмкіндік жасап, дастарқан басында ана тілімізде сөйлеуді әдетке айналдырып, өз тіліміздің қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосса екен.
– Шетелдегі лекторлар мажарлардың қазақтармен туыс халық екенi тарихтан белгiлi болғандықтан оларға қазақ тілін үйрену оңай дейді, ал қазақ тілі кәріс тілі секілді алтай тілдерінің тобына кіретіндіктен корейлерге қазақша сөйлеу қиындық тудырмайтынын айтады. Ал поляктар бұл жайында не дейді?
– Негізі, Еуропада тіл үйренуге деген көзқарас басқаша. Мысалы, поляктардың түсінігіне салсақ, сіз қанша тіл білсеңіз, мына әлем соншалық сізге жарқын көрінеді әрі жолыңыз ашық болады. Одан бөлек, олар әрбір тіл жаңа табыс көзі деп есептейді. Олар арамыздағы кейбір қазақтар секілді «басқа тілді үйрен де, өз тіліңді жайына қалдыр» деген «ұстанымды» ұстанбайды. Поляктардың өз тілі мен тарихына деген құрметі ерекше. Кейде «Әттең-ай, бізде де осындай құрмет болсайшы» деп армандаймын.
Бүгін өткен форумнан тағы бір мысал айтайын. Форум кезінде техникалық ақаулықтар себебінен поляктардың сөйлеген сөзі естілмей қалып, орыс тіліндегі синхронды аударма ғана естіліп тұрды. Сонда поляктар «біздікілердің сөйлегені естілмей жатыр» деп, барлығы реттелгенше тыным таппай кетті. Әйтпесе, олар орыс тілін білмейді емес, біледі. Тілге деген құрметін осыдан-ақ аңғара беріңіз.
Жоғарыда айтып өткенімдей, студенттер бастапқыда қазақ тілін үйренуді табыс көзі деп қарағандықтан ерекше қызығушылықпен үйренді. Бірақ технология дамыған заманда ешкімнен ештеңені жасыра алмайсың, олар қазақ тіліне деген сұраныс тіпті Қазақстанның өзінде төмен екенін, қазақ тілін меңгерген аудармашы маманның мардымды табыс таба алмайтынын естіп-білді. Қазір олар қазақ тілін табыс көзі ретінде емес, білікті түрколог маман болу үшін үйреніп жүр. Әсіресе, түркі тілдерінде жазылған қолжазбаларды түсіну үшін қазақ тілінің пайдасы зор екенін біледі.
Жалпы, поляк халқы – қазақтар секілді өте қабілетті халық. Жұмыста бірнеше ұлт өкілдерімен жұмыс істедім, салыстыра келе, олардың ішінде поляктардың кез келген тілді тез меңгеріп, аз уақыттың ішінде емін-еркін сөйлей алатын қабілетіне тәнті болдым.
Айта кетерлігі, олар қазақ тілін түрік тілімен салыстырып отырып оқиды. Жалпы, түркі тілдерін енді үйреніп жүрген студенттерге түрік тілінде сөйлеу әлдеқайда оңай. Қазақ тілінде дыбыс үндестігіне қарай көптік жалғаудың лар, лер, дар, дер, тар, тер секілді алты нұсқасы болса, түрік тілінде лар, лер жалғаулары ғана қолданылады. Сосын түріктерге «Meraba, nasılsın?» десеңіз, олар «Ой, жаным, күнім, қандай керемет жансың, саған қандай көмек керек?» деп жаныңа жылу беретін сөздер айтып, өзіне баурап алады.
Ал бізге сұрақ қойса, «Жақсы, сен қазақ тілін не үшін оқып жүрсің?» деп, тіке айта саламыз ғой (күліп). Сол себепті алдымен түрік тілін меңгерген оларға қазақ тілін үйрену оңайға соғады.
Сосын сабақтардың көпшілігі салт-дәстүрімізбен сабақтастырылып оқытылатындықтан, біздің мәдениетке, салт-дәстүрімізге қызығушылық танытып жатады. Әсіресе, шілдехана, бесікке салу секілді дүниелерді оқу кезінде олардың көздері оттай жанып, ерекше ықыласпен тыңдап отырғанын байқап, іштей қуанасың, жаның жадырап, көңіл күйің көтеріліп сала береді. Арагідік студенттердің қоятын сұрақтарын естіп, кейде өзің де ойға шомып кетесің.
Танысу барысында ең алдымен руын сұраймыз, руымыз бір болып шықса, туысқандай көріп, бауыр тартып, араласатынымызды айтып жатсаң, «Қалай сонда? Қыз бен жігіт руын сұрамай тұрып, бір-біріне бір көргеннен ғашық болып қалса ше?» деп сұрайды. Жеті атаға дейін қыз алыспайтын салтымыз жайлы әңгімелеп жатқанда олардың таң-тамаша қалғанын байқайсың.
– Факультетте сізден басқа қазақ тілінен сабақ беретін поляк маманы бар екен. Жоғарыда қазақтану бөлімін ашу үшін кемі үш доктор болу керек екенін айтып қалдыңыз. Үшінші маманды Қазақстаннан шақырасыздар ма, әлде?
– Қуантарлығы сол, университетте қазақ тілінің мамандары көбейіп, аямыз кеңейіп жатыр. Бастапқыда менен басқа қазақшаға судай Король Войчехович есімді азамат сабақ берген. Қазір оның орнына келген түркология бөлімінің түлегі, менің шәкіртім, Қазақстанның Ата Заңы туралы магистрлік жұмыс жазған Якуб Якусик деген оқытушы біраз уақыттан бері бірінші курс студенттеріне қазақ тілінің грамматикасы, практикалық қазақ тілі, сондай-ақ Орта Азия мәдениеті секілді сабақтарды жүргізіп жүр.
Сосын жуырда тағы бір тіл маманы қатарымызға қосылуы әбден ықтимал. Осылайша, қазақтану бөлімін қайта ашу үшін қазақ тілін насихаттау мақсатында қолымыздан келгенше жұмыс істеп жүрміз.
Осы ретте бір ұсыныс айтқым келеді, бізге түріктердің Yunus Emre атындағы орталығы, поляктардың Мицкевич орталығы секілді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы институт ашу керек. Негізгі кеңсесі Қазақстанда ашылып, сосын шетелдерде филиалдары жұмыс істесе, қолдан келген көмегімізді аянып қалмай, тынбай жұмыс істеуге әзірміз. Осындай бір орталық немесе институт ашылып, шетелде қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен әдебиетін оқытып жүрген азаматтардың басы бірігіп, ортақ іс-шаралар атқарылса ғана еңбегіміз жемісті болмақ.
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ