ХХ ғасырдың алғашқы жартысы қазақ халқы үшін қасіретке толы кезең болды. Әсіресе, қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялыларының тағдыры, Алаш арыстары, ашаршылықтан қынадай қырылған халық, сталиндік репрессия құрбандары туралы мәліметтер – оқыған адамның төбе шашын тік тұрғызады.
2021 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» №456 Жарлығына қол қойған соң зұлматты жылдар қасіретін ғалымдардың жан-жақты зерттеуіне жол ашылды. Біз қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның мүшесі, «Жаңалық» саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің аға ғылыми қызметкері, профессор Ғарифолла Әнеспен әңгімелесіп, аталған мәселелерге қатысты кейінгі кездегі атқарылған істер жайында сұраған едік.
– Ғарифолла мырза, жыл сайын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде түрлі жиындар өтіп, сол кезде тарихымызда ұлтымызды қырғынға ұшыратқан кезеңдер жайында айтамыз… Халқымыздың басынан өткен тар заманның қасіреттері бізге нені үйретуі тиіс?
– Тарих – тек өткенің туралы жай мәлімет ұсынатын жылнама емес, адамзатқа әрқашан сабақ беріп тұратын ұстаз. Шын мәнінде, 1916 жылдан басталған ұлт-азаттық көтерілістері, 1918-1919 жылдары Түркістанда, 1922-1923 жылдарда батыста болған, ал 1932-1933 жылдары Ұлы даланы түгел қамтыған ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы сталиндік репрессия – ұлтымыздың үлкен трагедиясы. Қазірге дейін ашаршылық тақырыбы ғалымдар мен зиялы қауым тарапынан азды-көпті зерделенді. Дейтұрғанмен, жалпыұлттық сипатта аталған тақырыптың бүркемелі тұстары әлі де аз емес. Жоғарыда айтылып өткен мәселелер деректік-дәйектік, құжаттық негізде халықтың рухани әлеміне жол тартуы тиіс. Сол арқылы зұлматты жылдарды басынан кешкен халқымыз бүгінгідей дүбәрә кеңістіктің қалай қалыптасқанын сезініп, тарихи жадыны қалпына келтіруге тарының қауызындай болса да үлес қосу басты парыз. Өйткені санасы сау, ұлттық жады мығым қазақ халқының ізді-ізінен келген, қолдан ұйымдастырылған зұлматтардан соң өзінің көптеген ұлттық құндылығынан айрылып қалғаны шындық. Нәубетті жылдардың санаға салған сызаттары мен ауыр жарақаттарының кесірінен ұлттық рухымыз әлсіреді. Тіпті, өткенімізге күле қарайтын халге түстік. Тарихтың тар жол, тайғақ кешулі жолына көз сала отырып одан тағылым алу – сырқат санамызды емдеудің бір жолы.
– Ширек ғасырдан артық өзіңіз басқарып отырған қордың, қоғамның қуғын-сүргін құрбандарын анықтау, ақтау, тарихи бағасын беріп, мұраларын түгелдеу бағытында жүргізіп жатқан жұмыстарынан хабардармыз. Соңғы кезде қандай жаңалықтар бар?
– Әрине, сіз айтып отырған мәселеде біраз шаруалар атқарылды, әлі де істелуі тиіс іс ұшан-теңіз. Оның бәрін қопара індетіп, түбегейлі бітіріп тастау бірер топтың қолынан келе бермейді. Уақыт та қажет. Бұған жалпыхалықтық деңгейде мән беріп, бәріміз ауызбірлікпен атсалысуымыз тиіс. Сонда ғана үлкен нәтижелерге қол жеткізер едік. Десе де қол қусырып қарап отыру бізге жат, күшіміздің келгенінше ұмтылып жатырмыз. Бізді қолдап, түрлі істе көмек қолын созып жатқандар да бар.
Алматының іргесінде, қаладан 40 шақырым жерде Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналып осыдан 26 жыл бұрын ескеркіш бой көтеріп, 2018 жылы музей ашылды. Содан бері бұл музей өз жұмысын лайықты жүргізіп келеді. Тек 2020 жылы басталған жаһандық пандемиядан кейін аз-аздап саябырсып қалғаны рас. Дегенмен қуғын-сүргін құрбандарына қатысты жұмыстар тоқтаған жоқ. Музей жанынан мың адамға арналған мешіт бой көтерді. Оны Өзбекстан, Түрікменстан, Қарақалпақстаннан елге оралған, қазір сол маңда тұратын қандастарымыз қаржы жинап, өз күшімен салды. Ол істің басында Абай деген жігіт жүрді. Өз қалтасынан ақша шығарып, өзгелерді сол іске жұмылдырды. Ол мешітке музей тұратын аумақтағы бір гектар жер бердік. Сосын мешітке кімнің атын қоямыз деп кеңескенде мен «жігіттер, егер мешітке міндетті түрде бір тұлғаның атын беру керек болса, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының атын қоюға болар еді, бірақ бұл жерде 4100 адамның сүйегі жатыр, сондықтан мешітті «Алаш арыстары мешіті дейік» деп ұсыныс айтып едім, бәрі соған келісті. Мешіттің жанында үш жүз адамдық ас беретін жер бар. Мешіт ашылғалы әр жұма күні бір арысқа Құран-хатым түсіріп тұрамыз. Өйткені жазықсыз атылып, қалай болса солай көмілген, демек мұнда жатқандардың ешқайсының жаназасы шығарылған жоқ…
Әр жыл сайын Жаңалықтағы қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш жанында мамыр айының 30-31-і күндері халқы үшін жанын қиған арыстарымызды еске алу жиыны өтіп тұрады. Биыл да сондай жиын болады, оған Алматы облысының әкімі, зиялы қауым, Алматы қаласының тұрғындары қатыспақ.
Бүгінде Жаңалық ауылында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өйткені бұл ауыл аймағында адамдардың сүйегі жатқан он шақты жер бар. 2019 жылы Жаңалық ауылының Рахимов көшесінің №1 үйдің тұрғыны үйі мен моншасының арасын қазғанда ол жерден адамның сүйегі шыққан. Ал ол араны толық қазып қарағанда бар болғаны аумағы үш жаршы метр жерден бірінің үстіне бірі тасталған 163 адамның сүйегі табылған. Оның бәрі сараптамадан өткізілді. Табылған сүйектерді зерттеп қарағанда олардың жартысы қазақтар, жартысы славян тектестер болып шықты, арасында бес әйел бар. Міне, сол маңда әлі де адамдар көмілген оншақты жер бар, солардың бәріне қазба жұмыстары жүргізіледі. Қазір қазба жұмыстарына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетінің деканы Досбол Байгунаков басшылық жасауда.
Биылғы еске алу жиынында ArysMedia ғылыми-ақпараттық порталының ашылу рәсімін жасаймыз. Ол портал ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, халық көтерілістері, кәмпеске (тәркілеу), әскери тұтқындар, депортация, т.б. мазмұнды тақырыптарды қамтиды. Өйткені бұл бағытта мол дерек жинадық. Репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының 30 жылдан бері жинаған деректерін өзіміз игере алмадық. Аталған порталдың құрамында қуғын-сүргін, ашаршылық, репрессия мәселелеріне қатысты көптеген ғылыми сайттар болады. Мысалы, 1929-1932 жылдарда Кеңес өкіметіне қарсы болған Адай көтерілісі туралы қаншама библиография бар, ол туралы кім не жазды бәрі қамтылуы тиіс.
2021 жылы ел тәуелсіздігіне 30 жыл толған кезде біз Қазақстан үкіметіне Ұлт-азаттық көтерілісін басқарған тарихи тұлғалар үшін «Халық батыры» деген мәртебелі атақ белгілеп, сол 30 адамға берілсе деген ұсыныс жасап едік. Жалпы, қазақ даласында кеңес өкіметіне қарсы төрт жүзден аса көтеріліс болған ғой, соның ең ірілерін есепке алсақ та болар еді. Мәселен, 1916 жылғы күллі қазақ даласын шарпыған көтерілістер, одан кейінгі дәуірдегі Тақтакөпір көтерілісі, Адай көтерілісі, Созақ көтерілісі, Албан көтерілісі, Шұбартау көтерілісі, т.б. ауқымды отыз көтерілісті басқарғандарды, сондай-ақ елдің аузында аңыз болып жүрген банды Аманғали, Құныскерей секілді тұлғаларға «Халық батыры» деген атақ берсек қандай керемет. Бұлардың бәрі ел есінде қалған адамдар ғой, оларды лайықты дәрежеде ұлықтай білсек, тарихи жадымыз қалпына келіп, жастарымыз өздерінің қандай тұлғалардың ұрпақтары екенін сезініп қазақ рухы аспандар еді.
– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы Мемлекет басшысының Жарлығында неге «толық ақтау» деген сөзге акцент берілген? «Ақтау» мен «толық ақтаудың» арасында саяси тұрғыдан нендей ерекшелік бар?
– Оның мәнісі мынау: елімізде репрессияға ұшырағандарды, қуғын-сүргін құрбандарын бұрын да ақтау болды. Ол әйгілі «58-баппен» айыпталғандарға қатысты еді. Кезінде бүкіл КСРО халқының үрейін ұшырған РСФСР қылмыстық кодексінің 58-бабы «Отанға опасыздық» жасаған деп саналатын адамдарға қолданылатын. Ол бойынша сотталғандар «халық жауы» аталатын. 1926 жылдың қарашасында жарияланып, 1927 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген бұл қаһарлы бап 1961 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшін жойды. (Оның бөлімдерінің мәні мынадай: 1 – Отанға опасыздық, 2 – қарулы көтеріліс, 3 – революцияға қарсы мақсатта шет мемлекетпен қарым-қатынас, 4 – халықаралық буржуазияға көмек көрсету, 5 – шет мемлекеттің соғысқа бейімделуі, 6 –тыңшылық, 7 – зиянкестік, 8 – терроризм, 9 – диверсиялар, 10 – Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат, 11– ұйымдастырушылық революцияға қарсы қызмет). Ал 59-бап деген бар, ол бандиттік әрекеті үшін айыптауға арналған. Ал баппен айыпталғандар «Кеңес өкіметіне қарсы шыққан», «қару көтерген» болып саналып, әлі күнге ақталмай тұр. Мәселен, басқаны былай қойғанда, осы баппен айыпталған Шәкәрім Құдайбердіұлы әлі күнге саяси тұрғыда ақталмаған. Яғни, ол бандиттік әрекеті үшін сотталған адам саналады. Мысалы, банды Аманғали, бандит Ерғали, банды Құныскерей деген сияқты. Неге? Себебі, бізде 1993 жылы қабылданған заң бар, сонда «Кеңес өкіметіне қарсы қолына қару алғандарды ақтамау керек» деп жазылған. Қазір Кеңес өкіметі жоқ, коммунистік партия жоқ, бірақ оның алдында «кінәлі болғандар» ақталмайды. Сондықтан біз осы нонсенсті жою үшін бұл жайлы сөзімізді айтып, тиісті орындардың алдында мәселе көтере береміз. Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау дегендегі «толық ақтау» мәселесі де осыны реттеуге арналған. Ендеше, Халық батыры атағын белгілеп, оны 59-баппен сотталып, ақталмаған, есімі ел аузында жүрген тұлғаларға берсе әділеттілік орнап, жазықсыз жазаланғандардың рухы тыншыр еді әрі осыны саналы түрде сезінетін бүгінгі ұрпақтың ел үшін жанын қиған батыр бабалар алдындағы парызы өтелер еді.
– Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы айтқанда Алаш қайраткерлеріне соқпай өте алмаймыз ғой, Алаш Орда партиясына қатысты әлі де біз біле бермейтін қандай деректер бар?
– Иә, жалпы Алашордаға қатысты мәселелер әлі толық зерттеліп біте қойған жоқ, жұрт оның Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлы басқарған тобы мен Оралда құрылған Батыс Алашорданы ғана біледі. Ал Алаш қозғалысы осы екі жерде ғана болып, басқа жақта қанат жаймады ма? Шындығында олай емес.
Қуғын-сүргін құрбандарының музейі Алматы облысында тұр ғой, сондықтан осыдан екі-үш жыл бұрын «Жетісудың шерлі тарихы» деген жоба бастағанбыз. Бұрын өзім «Жетісу» энциклопедиясын шығарғам, оған кеңестік кезеңдегі тұлғалар кіргенімен тәркілеу, репрессия, т.б. мәселелер айтылмады. Қазір екі облысқа бөлініп кеткен бұрынғы Алматы облысының 17 ауданы, үш қаласы болды. Осылардың бәрін зерттей келе біз үлкен жаңалыққа тап болдық: бұрын Торғай Алашордасы, Семей Алашордасы, Батыс Алашордасы айтылып келді ғой, ал осы Алаш қозғалысы да Жетісуда қанат жайғанымен, айтылмай келген екен. Қарап отырсақ көтерілістің, босқыншылықтың көп болған жері, алаш әскерінің барлық әскери қимылдары болған жер осы Жетісу екен! Сол тұстағы Алматы округі деген әкімшілік аймағына анау Семей жақтағы Аягөзден Қырғызстанның Бішкек, Қаракөл облыстарына дейін кірген екен.
Біз үш рет қырғыз ағайындарды шақырып конференция өткізгенбіз, сонда Алашорда қозғалысына қатысты тағы бір жаңалықты білдік. Қырғызда Құрманов Зайнидин деген жігіт бар, 2009-2010 жылдары Қырғыз Республикасының Жокоргу Кенешінің төрағасы болған, заң ғылымының докторы. Соның «Киргизский филиал партий алаш» («Алаш партиясының қырғыз қанаты») деген кітабы шығыпты. Олардың көптеген алғашқы оқымыстылары Ахмет Байтұрсынұлының, Алаш қайраткерлерінің шәкірттері болған екен. Алдымызда болатын конференцияға да олар «Қырғыз алашордасы» деген кітап шығарып әкеле жатыр. Оның ішінде жүздеген адамның аты-жөндері бар. Олардың бәрі де Алаш Орда партиясының мүшесі болғаны үшін сотталған, репрессияға ұшыраған. Мұның бәрі Алаш Орда партиясының кезінде құлашын кең жайып, көп аймақты қамтығанын танытса керек.
– Кей деректерде репрессияға Қазақстаннан сырттағы қазақтар да ұшыраған дейді ғой, сол жайлы не айтасыз?
– Моңғолияда дүниеге келген, өткен жылы ғана елге оралған Сұраған Рахметұлы деген белгілі қазақ қаламгері бар ғой, соның қолында да көп материал бар екен. Ол елге моңғол елінің Баян-Өлгий аймағындағы сталиндік репрессияға ұшыраған қазақтар жайында «Баян Өлгий қырғыны» деген кітап жазып келіпті (бұйырса, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде өтетін конференцияда ол кітаптың тұсаукесерін өткізетін боламыз). Онда сол елде сталиндік репрессияға ұшыраған қазақтар туралы айтылады. Бақсақ, моңғол еліндегі қазақ оқығандарының да түгін қоймай қырған екен ғой. Қытайда да солай болған…
– Большевиктердің қырағы көзінен қазақ оқығандарының ұстанған бағыты да (жәдит, қадим) таса қалмаған ғой, олардың тағдыры туралы қандай зерттеулер бар?
– Біз қазақ оқығандарының тарихын, Алаш Орданың тарихын жазып жатқанда бұлардың бәрін «жәдит» дейміз. Яғни, жаңашылдар. Ал бұлармен бір қатарда «қадим» бағытын қолдайтындар да болған. Ол кездегі оқығандардың бір тобы батысқа – Еуропаға көз салса, бір тобы шығыспен – мұсылман елдерімен ынтымақты қалаған, мұсылманшылықта қалайық дегендер болған. Мысалы, өзбек елінде өткен ғасырдың отызыншы жылдарының ортасына дейін болған «басмашылар» қозғалысы қадимді қолдаған. Олардың басында Әнуар паша деген түрік генералы жүрген. Оның орынбасары Зәки Валиди Тоған болған. Қазақтар «басмашылар» қозғалысына да қатысқан. Қазір өзбек ағайындар қурбашиларының (басмашыларға басшылық жасап, Кеңес өкіметіне «кінәлі» болғандар) бәрін ақтап жатыр. Міне, сондай қадимшілер бізде де көп болған, олардың мұраларын халықпен қауыштыру керек.
Мәселен, қазір біз екі кітапты шығарып жатырмыз, біреуі – Қоңырқожа Қожықовтың кітабы, екіншісі сол кісі туралы кітап. Қоңырқожа Қожықов ең алғаш әліппе бастырған адам, Байтұрсыновтан да бұрын шығарған. Қазақстанда кітапхана ісінің, этнография саласының басында тұрған адам. 1938 жылы Алматыда атылған. Оның төрт баласы болған, Қожахмет – қазақтың алғашқы кескіндемеші, карикатурашы, суретші-графигі, Құлахмет – тұңғыш театр және кино суретшісі, график, Нұрахмет – мүсінші-монументалист, Сұлтанахмет – «Қыз Жібек» фильмін түсірген атақты кинорежиссер ретінде мәлім. Үлкен ұлы репрессияға ұшырап, лагерьде ауыр науқасқа шалдыққан соң босатылған. Қалған үшеуі Екінші дүниежүзілік соғысқа барған. Сосын Серәлі Лапин деген тұлғалы азамат болған, Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген Лапин араб, парсы т.б. шығыс тілдерін жетік білген. Шығыстанушы ғалым қазіргі өзбек жеріндегі Самарқанд облысында қызмет жасаған кезінде Самарқанд қаласындағы Гүр-Әмір, Регистан, Шаһи-Зинда кешендеріндегі, Көкілташ медресесі және т.б. көне архитектуралық ескерткіштердегі арабтың көне емлелерімен өрнектелген жазуларды оқыды, оларды орысшаға аударып, ғылыми айналымға косқан. Жәдігерлердің тұрғызылған уақытын, оларды салдырған адамдардың, сәулетшілердің есімдерін (мыс., Регистан ансамбліндегі Ширдор, Тіллә-Қари медреселерін Жалаңтөс баһадүрдің салдырғанын) анықтаған. 1917 жылы Ақмешіттегі «Шуро-и-Улема» («Ғұлама қоғамы» дін иелерінің кеңесі) ұйымына жетекшілік еткен. Қадимшілдер туралы көп зерттеу жасау керек, шынында олар да қазақ ұлтының жоғын жоқтап, мұңын мұңдады. Олардың арасынан да мықты тұлғалар, діни ғұламалар көп шыққан. Бұл мәселедегі бір жаңалық – өткен жылдың соңында филология ғылымдарының докторы, профессор Шамшәдин Керімнің «Тараз тарланы» деген кітабы шықты. Онда 1896 жылы Таразда дүниеге келіп, 1977 жылы Египетте қайтыс болған Әбу Наср Мүбәшшир хан ат-Тарази туралы айтылады. Аталары діни ғұламалар болған. Ол Мұстафа Шоқайға намаз оқы деген, Шоқай оны істемеген соң жолдары екіге айырылған. Көзқарасы жағынан қадимшілдерге жататын Әбу Наср Мүбәшшир Кеңес өкіметінің саясатына қарсы болып, Ауғанстанға өтіп кеткен, сол жақта әскер жинап, Орталық Азияны большевиктердің тырнағынан азат еткісі келеді. Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқанда немістермен келіссөз жүргізген. Олардан қару да алған. Ауған үкіметі бұларға тілекші болған, бірақ олар Кеңес өкіметінен бата алмай ыңғайлы сәтті күтеді. Әбу Наср Мүбәшширге «қазір Сталинград үшін қырғын шайқас жүріп жатыр, егер сол соғыста орыстар жеңіліс тапса, Орта Азиядағы большевиктерге соғыс ашуға болады» дейді. Алайда ол соғыста немістер жеңілген соң бұлардың не істеп жүргенінен хабары бар Кеңес өкіметі Ауған билігіне Мүбәшширді түрмеге отырғыз деген талап қояды. Сөйтіп, ол баласы екеуі жеті жыл абақтыда отырған. Түрмеде отырып кітап жазады, шыққан соң Египетке кетеді. Ол жерде 47 жыл ғұмыр кешеді. Оның ұлы да, немересі де теолог ғалым болып шыққан, бәрі де кітап жазған.Жалпы, біз жиырмасыншы ғасырдың басында елдің руханиятына еңбек сіңіргендер туралы жазғанда жәдитшілерді айтамыз да, қадимшілер туралы айтпай кетеміз. Олар діннен ажырамайық, мұсылмандығымызды жоғалтпайық деген тұлғалар ғой. Олардың арманы Орталық Азияны большевиктердің езгісінен құтқару болды. Сол үшін тіпті халықаралық үлкен ұйымдардың назарын ортаазиялық түркілерге бұруға тырысты. Мәселен, Әбу Наср Мүбәшшир хан ат-Тарази бірнеше бөлімнен тұратын хат дайындап, оған Мысыр, Судан, Сирия, Ливан, Палестина, Иран, Индонезия, Қытай, Малайзия, Трансиордания, Югославия, Қырым, Польша елдерінің өкілдеріне (танымал діни ұйымдар басшылары, әскери адамдар, оқытушылар мен журналистер) қол қойғызып және Түркістан үшін өзі қол қойып Біріккен Ұлттар Ұйымына жіберген. Хатта өздерінің БҰҰ жарғысына сүйене отырып, әлемде мұсылмандардың кемсіту мен қырғынға ұшырату жағдайының көп екені туралы айтып, нақты фактілер келтірген. Әсіресе, Кеңестер Одағы құрамындағы Түркістанда (Бұл жерде қазіргі Орталық Азия мемлекеттерін айтқан), Қырымда, Кавказда мұсылмандардың коммунистер тарапынан қырғынға ұшырағанын, қамалғанын, жер аударылғанын айтып, олардың әр жылдардағы нақты санын көрсетеді. Кеңес одағының Түркістанды алты республикаға бөліп тастап, діни үгіт-насихатқа жол бермей, оған атеистерді қарсы қойып кемсітушілік жасайтынын кең түрде баяндаған. Міне, елі бастан кешкен қиындықтар туралы халықаралық ұйымдарды хабар етіп, халқын озбыр саясаттың шеңгелінен ажыратып алу жолында үлкен қадамдарға барған Әбу Наср Мүбәшшир хан ат-Тарази секілді азаматты қалай қадірлемейсің? Ол біз үшін ұлттық мақтаныш деуге тұрарлық тұлға емес пе? Сондықтан осындай тұлғалардың бәрін саяси тұрғыдан толық ақтап, ұлт тарихындағы орнын, лайықты бағасын беруіміз қажет.
Ұлтын сүйгені үшін, халқының дамуы үшін тер төккені үшін қызыл империя түбіне жеткен азаматтарымыздың рухы алдында парызымызды адал атқарсақ, ол ұлт мерейін көтеретін, Қазақстанды өз ұстанымы бар мемлекет ретінде танытатын іс болары анық. Әлем елдерінің бәрімен терезесі тең, тәуелсіз елде ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандары болмауы керек!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Ахмет ӨМІРЗАҚ