Технология саласындағы үлкен бір серпіліс сандық ортаға көшуге алып келіп жатыр. Бұл бүкіл қолжетімсіз дүниелерді бір ғана ғаламтордың арқасында санаулы секундттардың ішінде көз алдыңызға алып келуге жол ашты.
Бір қарағанда қолжетімділіктің артуы жақсы нәтижелерге алып келсе де, екінші бір таяқтың ұшы адамдардың адасушылығына да итермелеуде. Өйткені, ғаламтордағы діни уағыздар, діни кітаптар мен мағлұматтар арнайы сараптамадан өтпей жатып жарияланады. Ол мақаланы немесе кітапты оқыған, сондай-ақ уағыз тыңдап, видеоларды көрген діннен бейхабар, діни сауаты төмен адам олардың қармағына түсіп, қалай алданғанын білмей, солардың жетегінде кетіп қалып жатады. Бұл теріс жағдаяттарға өзімізде куә болып жүргеніміз жасырын емес. Мамандықтары теолог немесе исламтанушы болмаса да ғаламтордағы діни уағыздарды бойына сіңіріп алған жастар құдды бір Мысыр еліндегі әл-Азхар оқу орнын бітірген ғалым-ғұламалар секілді оңды-солды пәтуа беруге құмарланған.
Ғаламтордағы заңсыз миссионерлік қалай дамыған болса, оларды бақылауда ұстайтын, олардың жұмыстарын бақылайтын мониторинг жүйесі де солай дамып жатыр. Бұл мониторингтік жұмыстар барысында еліміздегі таралып жатқан бірқатар деструктивті діни контенттер бұғатталуда. Алайда, діни сұрақ туындаса бірден ғаламтордағы күмәнді ақпарат көздеріне жүгінетін жастардың да қатары көбейіп келе жатқаны ақиқат. Дінді мойындап, құлшылыққа берілген әрбір жастың бойында шабыт болады. Бұл дінді тезірек, тереңірек үйренуге, зерттеуге алып келеді. Имам уағыздарындағы толеранттылық, төзімділік секілді дүниелерді жоққа шығарып, мұсылмандардың үстемдігі, мұсылмандардың ғана дұрыс жолда жүргендері туралы көпіріп тұрып айтқан уағыздарды ғаламтор беттерінен тауып, таратудың нәтижесінде қылмыстық жауапкершілікке тартылған ел азаматтарымыз көбеюде.
Ғаламтордың дамуымен қатар, виртуалды әлемде адамдардың танысып-білісіп, араласуына, тіпті отау құруға септігін тигізген әлеуметтік желілер де көбеюде. Алғашында тек «Мой Мир», одан кейін «ВКонтакте», тағы да уақыт өте келе «Фейсбук», «Инстаграм», соңғысы «Телеграм» мен «Тик-Ток» секілді әлеуметтік желілердің түрлері заңсыз миссионерліктің күшеюіне де алып келуде. Бір ғана «Инстаграм» әлеуметтік желісінде «Сунна» хештегімен 2 миллионнан астам пост жарияланған. Бұл посттар жазба, сурет немесе видео форматында болса таң қалмаймыз. Мұны көрген, дін ізденген әрбір адам оның жетегінде кетпейді дегенге кепілдік бере алмаймыз. Өйткені мұндай посттарды жариялап жатқан миссионерлер адамның психологиясын зерттеп, жанды жерлерін тапқан. Осылайша көп адамдардың ішіндегі жан дүниесінің әлсіз тұстарын тауып, видеоларына қосып, харизмасы бар адамдардың уағыздарының негізгі тақырыптарына айналдырады. Десек те, соттың шешімімен 2022 жылы 24 экстремистік ағымға, уағызшыларға тыйым салынды.
Біздің жоғарыдағы дүниелерді қысқаша түйін сөздермен тәмамдасақ болады. Қазіргі таңда әрбір телефон сатып алушы адам әлемдік жаңалықтар мен трендтерден қалыс қалмау мақсатында міндетті түрде әлеуметтік желілердің біреуін болса да телефонына жүктеп пайдаланады. Ал енді ғаламтордағы жат ағым уағызшыларынан, заңсыз болып саналған миссионерлерден қалай сақтануға болады? Ең алдымен ғаламтордағы қауымдастықтардың беріп жатқан діни ақпараттары шынайы болмауы мүмкін деген сыни көзқарас даму қажет. Жарияланып жатқан әрбір дүниеге «Бұл қаншалықты ақиқат?» деген сұрақты адам өз-өзіне қоюы керек. Таныс емес, бөтен адамдардан келген хаттарды оқымаған және таратпаған абзал. Көп адамдар заңсыз миссионерліктің таратушысы екендігінен бейхабар. Заңмен тыйым салынғанын да білмейді. Ал заңды білмеу бізді жауапкершіліктен құтқара алмайтынын ұмытпағанымыз жөн болар.
«Нұрлы» мешітінің бас имамы
Қасым Ашимов