Бірқатар түрік және Ресей БАҚ-тарының хабарлауынша, белгілі дін маманы және қоғам қайраткері Фетхуллах Гүлен 17 қараша күні у беріп өлтірілген.
Мұндай ақпаратты алғашқылардың бірі болып Түркияның оппозициялық жаңалықтар порталы Oda TV жария етті.
Дегенмен, кейбір ақпарат көздері FETO түрік оппозициялық ұйымы жетекшісінің өлімін жоққа шығарды. Мысалы, журналист Эмре Услу Twitter-де жеке дерек көздеріне сілтеме жасап, Гүленнің өлгені туралы мәліметті фейк деп атады.
Қоғам қайраткерінің үзеңгілес достарының бірі Джевдет Түркиолу да видео жариялап, Гүленнің тірі екенін, оның өлгені туралы ақпарат ойдан шығарылғанын мәлімдеді.
Айта кетсек, 2016 жылы 15 шілдеде Түркияда белгілі бір күштер мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысқан болатын. Қақтығыстар салдарынан 248 адам қайтыс болып, 2,7 мыңы жарақат алды. Түрік билігі бұл жағдайды FETO оппозициялық ұйымы арқылы ұйымдастырды деп Фетхуллах Гүленді айыптады. Алайда, қоғам қайраткері бұған өзінің ешбір қатысы жоқ екенін айтқан еді.