Нұр-Сұлтан қаласындағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы Саят Серікұлы azattyq-ruhy.kz сайтына берген сұхбатында қайтқан адамға зияны болмаса, пайдасы жоқ қымбат зираттар мәселесі туралы айтты.
«Еуропада қабір басына тас қояды, газон төсейді, әр қабірдің өз белгіленген номері бар, теп-тегіс, жан-жағы тап-таза. Сырттай қарасаңыз, артық ешнәрсе жоқ. Ал бізде біреулер қабірді 4-5 метр көтерсе, енді бірі сыртын да қоршамайды.
Енді бірі ағаш егеді, енді бірі құрылыстан кейінгі қалдықтарын жан-жаққа лақтырып кетеді. Қабірлердің арасында жүретін жол жоқ. Осының бәрі жүйенің, белігілі бір тәртіптің жоқтығын көрсетеді.
Бағалы материалдардың қайтыс болған кісіге ешқандай пайдасы жоқ. Бізде зират салу бәсекеге, мақтанға айналып кетті. Тіпті бағасы 250-300 мың долларға дейін баратын зираттар бар. Астананың маңайында құны 40-50 млн теңге болатын зираттар көп.
Бұл бірінші кезекте үлкен ысырап. Одан да бұл қаражатқа кедейлердің баспана мәселесін шешуге болады. Осы жақсылықтың сауабы қайитқан адамға барады. Шариғатта марқұмның атынан жақсылық жасау құптарлық іс екенін айта кеткім келеді», – дейді ол.