Ресейде Ислам банктерінен кейін енді яхуди банктері пайда болды. Оның Ислам банктерінен қандай айырмашылықтары мен ұқсастықтары бар екенін Еврей қауымдастықтары федерациясының баспасөз қызметі түсіндірді.
Мәліметке сүйенсек, яхуди банктері де Ислам банктері секілді пайызды харам деп есептейді. «Бұл жерде банк адамның серіктесіне айналады, яғни инвестиция салады, пайызбен бермейді, содан кейін олар пайданы бірге бөліседі», – делінген хабарламада.
Бүкіл әлемдегі еврей қауымдастықтарында мұндай жүйе пайызсыз өзара көмек кассасы түрінде де қолданылады. Мұндай қаржылық қағидалар исламда да бар, ол өсімқорлыққа қатаң тыйым салады, оны әлеуметтік зұлымдық, адамдарды қорқытып алу мен қорлаудың жасырын түрі деп санайды.
Яхуди дінінде де өсімқорлық туралы айыпталғанымен, бұл мәселе бойынша Ислам ұстанымынан түбегейлі айырмашылығы бар. Егер Құранда тыйым барлық адамға қатысты болса («Бақара» сүресі, 275-аят), еврейдің қасиетті жазбаларында «жат тайпалықтарға» өсіммен беруге рұқсат етілген. Атап айтқанда, Тәураттың «Екінші заң» бөлімінің 20-тармағында «Жат тайпалыққа өсіммен бер, ал өз бауырыңа берме», – делінген.
Ресейлік еврей қауымдастығы бұл заңдар тек яхудилерге қолданылатындығымен түсіндірді. «Тәуратта айтылғандай, өз діндестеріңе пайызбен ақша беруге тыйым салынады. Бұл тыйым қай елде тұратынына қарамастан, барлық еврейлерге қатысты. Пайызсыз несие ережесі басқа діндердің өкілдеріне қатысы жоқ, өйткені олар еврей сотының құзырынан тыс. Діни соттар жүйесі Израильде және бүкіл әлемдегі еврей қауымдастықтарында жұмыс істейді», – делінген хабарламада.
Осы жерде айта кетейік, аты “банк” болғасын, мұндай мекеме өсімқорлықсыз жұмыс істеуі мүмкін емес. Бұған Ислам банктерінің қызметі дәлел. “Пайыз алмаймыз, пайданы бөлісеміз” деп жариялағанына қарамастан, олардың қызметінің басқа кәдімгі банктерден айырмашылығы шамалы екенін уақыт көрсетіп отыр.