Соңғы оқиғалар әлем назарын Швеция еліне бұрды. Әсіресе, ел аумағында екі мәрте қайталанған қасиетті Құранды өртеу әрекетінің орын алуы мұсылман қауымы арасында қызу талқыға түсті. Сәйкесінше, бұл құбылыс швед еліндегі мұсылмандар жайлы қалам тартуға себеп бола алады. Еуропа елдеріне шолу жасау барысында қоятын дәстүрлі сұрақтарымызды алға тарытып, швед еліндегі мұсылмандардың келу тарихы мен саны, қазіргі кездегі ислами ұйымдардың қызметіне тоқталамыз.
Швеция еліне мұсылмандардың қоныстану тарихы
Швед еліне мұсылмандардың қоныс тебу кезеңі ІІ дүниежүзілік соғыстың қарсаңынан басталады. Мұнда, көштің басым бөлігі татар ұлтының өкілдері құрады. Зерттеуші Саймон Соргенфрейдің «Швецияда исламның орнығуы: Алғашқы татар қауымы мен мұсылман бірлестіктері және олардың дереккөздері» атты мақаласына сай татар мұсылмандарының Швецияға қоныс аударуы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін басталғаны келтіріледі [1]. Балтық жағалауындағы көптеген татарлар соғыс кезінде Финляндия жеріне ауды. Алайда, соғыстан кейін олар Кеңес Одағына күштеп жіберілмес үшін, Швецияға қоныс аударды.
Татарлар Швецияға келгенде бірқатар қиындықтарға тап болды. Мысалы, шетелдіктер жөніндегі мемлекеттік комиссияның қатаң бақылауына алынуы соның айғағы. Комиссия мұсылмандардың орналасқан жері мен қызметін мұқият бақылап отырды. Кеңес Одағына депортацияланудың алдын алу үшін кейбір татарлар Ататүрік Республикасымен және пантюркистік идеялармен байланысын алға тартты.
Ибрагим Өмірқаев атты татар заиялысы татар мигранттарына көмек көрсетуде және оларды швед қоғамына бейімдеуде шешуші рөл атқарды. Ол ауып келген татарларға уақытша баспана мен жұмысқа орналасу шараларын ұйымдастырды. Алғашында, мұсылман-татарларды Виггбихольм аймағында қоныстануға кейінірек Стокгольмге келуге көмектесті.
Алайда, швед еліндегі мұсылмандардың құрамы тек татарлардан тұрмайтыны анық. 1960-жылдардың басында Швецияға мұсылман иммигранттарының тағы бір толқыны келді. Бұл көштің құрамында жас түріктер мен югославиялықтар, албандықтар және өнеркәсіп еңбек қолы ретінде келген пәкістандықтар болды [2]. 1990 жылдарға қарай Босния аумағынан және Таяу Шығыстан, Африка елдерінен босқындар көші үдеді [3, б. 103]. Аталмыш аумақтардағы қақтығыстар сондағы тұрғындардың Еуропа елдеріне көшуіне себеп болғаны белігі. Осы құбылыс швед еліне де тиесілігін көрсетті. 1950 мен 1980 жылдар аралығында мұсылмандардың саны 100 есе артты [3, б. 103].
2000-жылдары Швецияның «отбасыларды біріктіру» құқығын қолдана отырып, көптеген мұсылмандар елге кірді. Сондай-ақ, Ирак, Сирия және басқалар сияқты елдерде қақтығыстарға байланысты швед еліне көші-қон күшейе түсті. Швеция босқындарды елдегі жан басына шаққандағы ең үлкен көрсеткішке ие Еуропалық елге айналды. Көште, сириялықтар мигранттардың ең үлкен бөлігін құрады. Одан кейін финдер мен ирактықтар тұрды. Мұсылмандар елге келген жалпы иммигранттардың 80%-дан астамын құрады. Қазіргі уақытта Швецияның діндар тұрғындарының шамамен 14%-ы мұсылмандар [3].
Мұсылмандық діни ұйымдар
Жоғарыда атап өткен зерттеуші Саймон Соргенфрей өз мақаласында Швециядағы Дін және мәдениет жөніндегі түркі-ислам қауымдастығының (Turk-Islam Föreningen i Sverige för Religion och Kultur) құрылуы мен тарихы туралы зерттеу жүргізеді. 1949 жылы құрылған қауымдастық татар және түрік мұсылмандарын біріктіріп, олардың мәдени және діни дәстүрлерін сақтау үшін қызмет жүргізді. Қауымдастықтың негізін қалаушы мүшелері Швециядағы түрік мұсылмандары арасында дін мен мәдениетті қолдау және насихаттауды өз алдарына мақсат етіп қойды. Бастапқыда Рифат Сара, содан кейін Али Аскеров басқарған қауымдастық әртүрлі іс-шараларды өткізді, соның ішінде Кьеллсонс кафесінде жұма намаздары және жалға алынған ғимараттар мен орындарда көлемді іс-шараларды ұйымдастырды. Мұндай бастама жаңа келген мұсылман мигранттарының арасында жамағаттық және діни бауырластықты нығайтуда шешуші рөл атқарды. Сонымен қатар, Саймон Соргенфрей зерттеуінше қауымдастық мүшелері бұқаралық ақпарат құралдарының мұсылман қауымына деген құрметіне баса назар аударып, Стокгольмдегі космополитизмнің қалыптасуына әсерін тигізді.
Келесі бір исламдық діни ұйым – Швед ислам бірлестігі (Sveriges Muslimska Förbund (SMF) 1970-жылдары құрыла бастады. Ұйым Стокгольмде алғашқы ислам қауымдастығы ретінде танылды. Қауымдастық Норвегия мен Финляндияда исламдық бірлестіктер құру туралы бастама көтеріп белсенді қызмет атқарды. Қауымдастық Швецияның Ислам Кеңесі, Швециядағы мұсылман бірлестіктерге арналған орталық ұйым ретінде қызметін жандандырды. Сонымен қатар, SMF Швецияда исламдық көмек, Швецияның жас мұсылмандары, әйелдер қауымдастығы, мұсылман скауттары, Ньюмун мәдени қауымдастығы, Стокгольм мен Гетеборгтағы ислам мектептері мен Құран оқу қауымдастығы, Ибн Рушд халыққа білім ордасын және Стокгольм мен Гетеборгдегі мешіттерді қамтыды.
Келесі бір ислами ұйым – Швециядағы Біріккен Ислам Ассоциациялары (FIFS) – 1974 жылы құрылған Швециядағы мұсылмандардың ұйымы. FIFS – 50-ге жуық бірлестіктен тұратын және 33 мыңнан астам тіркелген мүшелерге қызмет ететін коммерциялық емес ұйым. Өзінің мақсатын ұйым былайша көрсетеді: «Біз диалог, интеграция, сыйластық пен толеранттылық үшін белсенді жұмыс істейміз. Біздің көзқарасымыз – ислам қоғамда проблема емес, дін ретінде көрінуі үшін діни қызмет, оқыту және қамқорлық түріндегі белсенді және ұзақ мерзімді бағытталған ислам қызметін жүргізу. Осылайша біз өз өміршеңдігі бар тұрақты, сенімді қауымдастық болуға тырысамыз» [4].
Бұл ұйым Діни бірлестіктерді қолдау жөніндегі уәкілетті орган (Myndigheten för stöd till trossamfund) бөлетін мемлекеттік гранттарды иелену құқығы бар. Мемлекеттік грант ішінде діни мекемеге үй-жайды жалдауға, қызметкерлердің жалақысына, теологиялық білім алуға керекті қаржылар қамтылады.
Швед еліндегі тағы бір діни ұйым – Босния Ислам қоғамдастығы «Islamska Zajednica Bošnjaka u Švedskoj» (IZBuS) 1995 жылы құрылған. Бас имамы Идриз эф.Караман. Швециядағы босняктардың ислам қоғамдастығының 17 000 мүшесі мен 27 тіркелген бірлестігі бар. Қызмет ету қағидалары Швецияның қолданыстағы заңдарымен және Босния және Герцеговина Ислам қоғамдастығының құқықтық актілерімен үйлестірілген. Өз мақсатын былайша көрсетеді: «Швециядағы босняктардың исламдық қауымдастығы Швециядағы босняктардың діни өміріне қамқорлық жасайды, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады, есірткі және алкогольмен күрес шараларына қатысады, Босния және Герцеговинамен қарым-қатынас жасайды… Жергілікті қауымдастықтарға өз мүшелері үшін діни өмірді ұйымдастыруға көмектесу. Біз ымырагершілікке қол жеткізу үшін және алалаушылық пен кемсітушілікке қарсы тұру үшін Ислам мен мұсылмандар туралы дұрыс пікірді қалыптастырғымыз келеді. Жергілікті қауымдастықтармен бірге біз Босния мен Герцеговинаға және бүкіл әлемге мұқтаж адамдарға қаражат жинауды ұйымдастырамыз» [5].
BIS мүшелерінің көпшілігі Швецияға 1992-1995 жылдардағы Балқан соғысы кезінде, негізінен Босния мен Герцеговинадан және бұрынғы Югославияның басқа аймақтарынан келді. 1992 жылдың аяғында босниялықтар өзара бас қосып, діни ұйым ұйымдастыруға күш салды. Бұл Швецияда алғашқы қауымдардың құрылуына әкелді. 1995 жылға қарай осы қауымдастықтардың үшеуі Босния мен Герцеговинаның Ислам конфедерациясына бірігіп, кейінірек Босния ислам қауымдастығы атауын алды. 2010 жылдың ортасында BIS ресми діни қауымдастық ретінде сәтті тіркеліп, келесі жылы мемлекеттік көмек алды
Стокгольм мешіті (дереккөз /mosqpedia.org) [6]
Мұсылмандардың қабылдануы
Швецияда мұсылмандардың арасында халқы зайырлылық принциптерін қолдайтындары да, әртүрлі мәдени және діни бағытты ұстанатындары да бар. Көптеген мұсылмандар жеке діндарлық жолды таңдап, өздерін мұсылман деп санайды. Ислам діні мұсылмандарды біріктіретін рухани жүйе ретінде қызмет ете отырып, әртүрлі мұсылмандық қауымдастықтардың ішіндегі байланыстырушы факторға айналды.
Дегенмен, бүгінгі таңда Швециядағы исламның қабылдануы күрделі мәселеге айналып отыр. Бұл сөзімізге негіздемені соңғы оқиғалар мен Швециядағы зерттеулердің нәтижесі тұздық болуда. Мысалы, зерттеуші С. Кахал өз зерттеуінде ақпарат құралдарының исламға қатысты жарияланымдар әлеуметтік келісімге кері әсер етіп, төзімсіздік пен сенімсіздікке ықпал етуде деп бағалайды. Швеция мұсылмандарына және олардың психологиялық күйіне исламофобияның әсерін қарастыратын зерттеуінде автор сегіз қатысушымен жартылай құрылымды сұхбат жүргізген. Нәтижеде қатысушылардың арасында оқшаулану, мазасыздық, ашулану және өзін-өзі бағалаудың төмендеуімен бірге психологиялық жағдайдың күрделі спектрі анықталған. Өз кезегінде сұхбатқа қатысушылардың қоғамның мүшесі ретінде сезінуін жоғалтуы мен мұсылмандардың психологиялық күйіне де айтарлықтай әсері болғанын көрсетті [7].
Тағы бір дәйектемені Швециядағы Қылмыстың алдын алу жөніндегі кеңесі (Brottsförebyggande rådet) береді [8]. Ол бойынша жек көрушілік қылмыстың ішінде мұсылмандарға қарсы қылмыстар 9% көрсеткішке жеткенін келтіреді. Сондай-ақ, 2022 және 2023 жылы Швецияда екі рет Құранды өртеу акциясы өткізілді [9]. Жалпы, аталмыш жағдайлардың барлығы Швецияны мұсылмандардың интерграциялық мәселесі мен олардың осы елдің қоғамындағы қабылдануы өте өткір мәселе екенін аңғартады.
Қорытынды
Қорытындылай келе, Швециядағы мұсылмандардың қоныстану тарихы екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында татар мұсылмандарынан бастап, Балқан, Таяу Шығыс және Африка сияқты әртүрлі аймақтардан келген мигранттардан иммиграция толқындарымен орын алды. Осы жылдар ішінде Швеция мұсылман иммигранттары үшін маңызды орынға айналды және бүгінде мұсылмандар елдегі діндар халықтың шамамен 14% құрайды.
Осы кезеңде мұсылмандардың мәдени және діни дәстүрлерін сақтауды мақсат ететін әртүрлі исламдық ұйымдар пайда болды. Түркі-ислам діні мен мәдениеті қауымдастығы, Швеция ислам қауымдастығы, Швецияның Біріккен Ислам бірлестіктері және Босния ислам қауымдастығы сияқты ұйымдар діни қызметті қамтамасыз етуде. Соның ішінде диалог құруда және швед қоғамына интеграциялануға ықпал етуде маңызды рөл атқаруда.
Алайда, осы ұйымдардың белсенді қызметіне қарамастан, соңғы оқиғалар мен зерттеулер Швециядағы мұсылмандардың интеграциясы бірқатар қиындықтарға тап болғанын көрсетеді. Исламофобия және бұқаралық ақпарат құралдарындағы жағымсыз ақпараттар жалпы мұсылмандардың қоғамға толық сіңісуіне кері ықпал етуде. Сонымен қатар, мұсылмандарға қарсы бағытталған жеккөрушілік қылмыстардың саны артып келеді. Ең өрескелі – қасиетті Құранды өртеу оқиғасы шиеленісті одан әрі күшейте түсті. Соңғы іс әрекет әлемдегі барша мұсылмандардың ашу ызасын тудырып ашық арандатушылық ретінде қабылданды. Қазақстан Республикасы мұсылмандары да Швециядағы қасиетті Құранды өртеу әрекеттерін қатаң айыптайды және қабылдамайды.
Швецияда исламның қабылдануы күрделі мәселеге айналуда. Өйткені, әртүрлі тектегі мұсылмандар елде өз орнын табуға тырысқанымен оның тез орындалуы оңай болмай тұр. Зерттеулер қорытындаларына сәйкес Швед мұсылмандарының психологиялық күйі қоғамдағы әлеуметтік келісім және қабылдау мәселелерін шешудің өзектілігін көрсетеді.
Швеция әртүрлі және көп мәдениетті ел болғандықтан, діни немесе мәдени шығу тегіне қарамастан, барлық тұрғындарға ортақ инклюзивті және төзімді орта құру үшін іргелі жұмыстар жүргізуі керек. Исламофобиямен күресу, мәдениетаралық диалогты ынталандыру және ислам құндылықтары мен мұсылмандар бастамаларды жандандыру және қолдау өте маңызды іс-шаралар болмақ.
Ғылымбек МАЖИЕВ
“Нұр-Мүбарак” Египет ислам мәдениеті университетінің докторанты,
Пайдаланылған әдебиеттер
- Sorgenfrei S. Establishing Islam in Sweden: The first Tatar community and Muslim congregation and their sources // Stud. Orient. Electron. Finnish Oriental Society, 2020. Vol. 8, № 2. P. 82–95.
- Roald A.S. From “People’s Home” to “Multiculturalism”: Muslims in Sweden // Muslims in the West: From Sojourners to Citizens / ed. Haddad Y.Y. Oxford University Press, 2002. P. 0.
- Дмитриева Е.Л. ИСЛАМ В КОНФЕССИОНАЛЬНОЙ СТРУКТУРЕ НАСЕЛЕНИЯ ШВЕЦИИ (СВОДНЫЙ РЕФЕРАТ) // Россия И Мусульманский Мир. Федеральное государственное бюджетное учреждение науки «Институт научной …, 2021. № 1 (319). P. 97–107.
- admin. Om FIFS [Electronic resource] // FiFS – Förenade Islamiska Föreningar i Sverige. URL: https://fifs.se/om-fifs/ (accessed: 24.07.2023).
- O nama | Islamska zajednica Bošnjaka u Švedskoj [Electronic resource]. URL: https://izb.se/o-nama/ (accessed: 24.07.2023).
- Stockholm Mosque [Electronic resource]. URL: https://mosqpedia.org/ar/mosque/1243 (accessed: 24.07.2023).
- Kahal S. Islamophobia in Sweden: The impact of islamophobia on Muslims’ psychological well being. 2021.
- Hate crime [Electronic resource]: text // Brottsförebyggande rådet. Brottsförebyggande rådet. URL: https://bra.se/bra-in-english/home/crime-and-statistics/hate-crime.html (accessed: 24.07.2023).
- Sweden Quran burning: Protesters storm embassy in Baghdad // BBC News. 2023.