1960 жылдары Дат индустриялық секторларында үлкен өзгерістер орын алды. Соның бірі Жерорта теңізі аумағындағы елдерден жұмыскерлерді жалдау жайлы бастама. Мұның салдарынан миграциялық толқын күшейіп, мұсылмандардың саны көбейді. Бұл үрдісті реттеу үшін Дат үкіметі жұмыс күші ағылып келіп жатқан бірнеше елдермен келісімге келді. Олардың қатарында 1964 жылы Түркиямен, 1969 жылы Мароккомен, 1971 жылы Туниспен және 1970 жылы Югославиямен жүргізілді. Алғашында келген жұмысшылар уақытша жұмыс істеп, өз елдеріне қайта оралады деген ой болды. Алайда, уақыт өте келе жұмысшылар Нидерландта тұрақтап қала бастады.
1970 жылдарға қарай Нидерланд елі шамамен 92 мыңға жуық мигрантты қабылдады. Келген адамдардың басым бөлігін түріктер құрады. 1969-1970 жылғы статистикалық көрсеткішке сәйкес елге кірген мигрантардың тек 15-16% ғана қайтадан еліне оралды, ал басым бөлігі Нидерландта қалып қойды. 1971 жылы Нидерландтағы мұсылмандардың саны ресми түрде 53 975 (жалпы халықтың 0,4%) адам деп жарияланды [1].
2010-2021 жылдар аралығындағы мұсылмандардың саны 914,000 адамға жетіп халықтың 5% үлесін құраған [2].
2010-2021 жылдар аралығындағы Нидерланд діни халқының үлесі
Дереккөз (statista.com сайты) [3]. Pewresearch зерттеуі бойынша 2030 жылға қарай 1,365,000 адамға жетіп 7.8% көрсеткішке жетеді деп болжануда [2].
Құлшылық орындардың құрылуы
Зерттеуші Ландман 1991 жылғы зерттеуіне сәйкес Нидерландтағы мешіттердің құрылуы тарихи мен дамуы Нидерланд азаматтары мен Түркия және Марокко мигранттарының өсімімен байланыстырады [4]. Еңбек көші-қонының алғашқы жылдарында құлшылық орындарымен қамтамасыз ету мәселесі ресми ғибадат орындарын құруды талап етті. Әсіресе, қасиетті рамазан айында мұсылман жамағаттар тарауық намаздарын өткізу үшін әртүрлі залдар мен орындарды жалға алуларына мәжбүр болды. Мұндай уақытша «Рамазан мешіттері» ғибадат ету орындары ретінде ғана емес, сонымен қатар мұсылмандардың тұрақты намаз оқитын орындарды ұйымдастыру үшін де бас қосатын орынға айналды. 1971-1975 жылдар аралығында 30-ға жуық қалада мешіт салу жобалары іске асты.
Ландман мешіттердің құрылуын үш түрлі іске асу жолын жіктейді. Бірінші жағдайда, бұл Нидерланд азаматтары, Марокко мен түрік жұмысшыларының діни ғимараттарға деген қажеттілігіне жауап беретін мешіттердің құрылысы. Әртүрлі секторларда жұмыс істеп жүрген мұсылман өкілдері ынтымақтаса отырып, еріктілер мешіт құрылыстарын жобалап, бірлестіктерді құрды.
Екінші модель 1970 жылдардан бастап көрініс берді. Белгілі бір этникалық қауымдастықтар шеңберінде бейресми көшбасшылар жетекшілігімен қызмет етті. Мұндай жағдайларда голландиялық еріктілердің рөлі төмендеп, қауымдастық көшбасшылары қаражат жинауға кірісіп, мешіт жобалары үшін жауапкершілікті өз мойнына алды. Қаржылық проблемалар, соның ішінде голландиядағы ішкі қаржылық жетіспеушіліктер кейбір топтарды исламдық, әсіресе арабтық әлемнен субсидия іздеуге итермеледі.
Үшінші модель бойынша ұлттық немесе халықаралық ислам ұйымдарымен байланыс орнату арқыды мешіттер тұрғызуды мақсат етіп қойды. Әр түрлі аудандарда немесе қалаларда орналасқан мұндай типтегі топтар мешіт салу үшін қолайлы учаскелерді таңдауда икемді жүйе ретінде бой көтерді. Мұндай топтар мұсылман аз тұрақтаған және мешіттері жоқ аймақтарда орнығуға тырысты.
Діни ұйымдар
20 ғасырдың 80 жылдары Нидерландтың мұсылмандық ұйымдары үлкен бетпұрыстар жасады. Өйткені, мұсылмандардың өсіміне орай неғұрлым белседі және өкілетті ұйымға қажеттілік арта түсті. Бұған жауап ретінде сол кездегі мұсылман ұйымдары тарапынан1980 жылы маусымда жалпыұлттық жиналыс шақыру туралы бастама көтерілді. Мақсат мұсылман қауымның әртүрлі қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын ықпалды ұйымын құру болды. Аталмыш бас қосудан соң келер жылы Нидерландтың мұсылман ұйымдары (MON) құрылды. Алғашқыда, MON Нидерландтағы әртүрлі мұсылман қауымдастықтарын біріктіретін платформа ретінде қарастырылғанымен, оның құзіреті шектеулі және қызметі көбіне қағаз жүзінде орын алды. Келесі бір ұйым, Гаага мұсылман ақпараттық орталығының (Muslim Information Centre in The Hague) құрылуы Нидерланд мұсылмандары үшін тағы бір маңызды оқиғаға айналды. Орталық Нидерланд қоғамына ислам туралы голланд тілінде ақпарат және кеңес берумен айналысты. Сондай-ақ орталық, христиан қоғамындағы діни және мәдени өзара түсіністікті қалыптастыруға үлес қосты [5].
Қазіргі кезде белсенді ұйымдардың бірі Рейнмонд ислам ұйымдарының біріктіруші платформасы «Stichting Platform Islamitische Organisaties Rijnmond» (SPIOR) Роттердам аумағындағы исламдық қауымдастықтардың біріккен ұйымы. SPIOR 66 мешіт пен өзге де мұсылмандық ұйымдармен тығыз жұмыс істейді. Ұйым жастарға арналған оқу бағдарламаларын жүргізеді және конфессияаралық түсіністік пен әлеуметтік әділеттілікке оң ықпал ететін әртүрлі іс-шараларға ұйытқы болуда. SPIOR құрамында түрік, Марокко, Пәкістан, Суринам, Индонезия және Сомали діни-ұлттық қауымдастықтар мен әртүрлі мәдени орталықтарға мүше мұсылмандар бар (ресми веб сайты https://www.spior.nl).
Тағы бір үлкен ұйым 1972 жылы құрылған Нидерланд Ислам орталығы қоры «The Foundation of Islamic Centre The Netherlands» (SICN) – 48-ге жуық жергілікті орталықтардың басын қосатын голландиялық исламдық ұйым. SICN-тің негізгі мақсаты – Ислам құндылықтары шеңберіндегі жеке тұлғалық және қоғамдық жауапкершілік арасындағы үйлесімділікті қалыптастыру (Ресми веб сайты: www.sicn.nl).
Нидерландтағы мұсылмандардың қабылдануы
Forum зерттеулеріне сүйенсек тұрғылықты голландтардың жартысына жуығы Нидерландта иммигранттардың саны өте көп деп санайтыны келтірілген. Сондай-ақ, Нидерландыдағы мұсылмандардың көпшілігі жергілікті халық исламды әлі күнге дейін оң қырынан қабылдауы төмен деп санайды. Жалпы Нидерландтың жергілікті халқы иммигранттар Голландия қоғамына жақсырақ енуі керек деп санайды. Көптеген Нидерландықтар (95%) шеттен келген иммигранттар голланд тілінде сөйлей және түсіне алу керек деген пікірде, ал 66% голландықтар иммигранттардың өздерінің әдет-ғұрыптары мен нанымдарын қатаң сақтамауы тиіс деген көзқараста. Иммигранттардың жартысынан көбі Нидерланд қоғамына толық интеграцияланбаған деген түсініктер де кездеседі. Мұндай көзқарас көбіне жоғарғы білім жоқ жергілікті голландиялықтар арасында жиі кездеседі [6]. Мұнымен қоса зерттеуде исламафобилық көзқарастардың да бар екенін айтып кетеді.
Қорытынды
1960 жылдары өнеркәсіптік сектордың Жерорта теңізі жұмыс күшіне деген сұранысы артты. Нидерландтағы мұсылман иммиграциясының тарихы бастауы да осы сұраныспен тығыз байланысты. Бастапқыда уақытша, келген мигранттар, тұрақты орналасуға тырысты. Бұл мұсылмандардың едәуір өсуіне әкелді. 1970 жылдарға қарай шамамен 92000 мигрант келсе, ал 2021 жылға қарай мұсылмандар саны 53975-тен 914000-ға дейін өсті. Болжам бойынша бұл тенденция жалғасады және 2030 жылға қарай 1 365 000 адамға жетуі мүмкін деп күтілуде. Яғни, Голландия қоғамында әлі де айтарлықтай демографиялық өзгерістер орын алады деген сөз.
1991 жылы жүргізген Ландманның зерттеуіне сәйкес Нидерландта мешіттердің құрылуы мұсылман халқының, әсіресе түрік және Марокко мигранттарының өсуімен байланысты. Бастапқыда мұсылмандар ғибадат ету және қоғамдық жиындар үшін уақытша «Рамазан мешіттерін» пайдаланды. 1971 жылдан 1975 жылға дейінгі аралықта 30-ға жуық қалада мешіт салу жобалары жүзеге асырылды. 1980 жылдары Нидерландтағы мұсылмандар санының өсуі Нидерланды мұсылман ұйымдары (MON) және Гаагадағы мұсылман ақпарат орталығы сияқты ықпалды ұйымдардың құрылуына жол ашты. Бұл ұйымдар қауымдастықтың мүдделерін білдіруге және оның қажеттіліктерін қанағаттандыруға тырысты. Сонымен бірге исламға қатысты ақпараттарды голланд тілінде жеткізуге де назар аударды. SPIOR және SICN бүгінде үлкен ұйымдардың қатарына кіреді. SPIOR Роттердамдағы Ислам қауымдастықтарын біріктіреді, ал SICN ислам құндылықтары шеңберінде жеке және қоғамдық жауапкершілікті үйлестіруге бағытталған 48-ге жуық жергілікті орталықтарды қамтиды. Осындай белсенділікке қарамастан, Голландия қоғамында исламды интеграциялау және қабылдау мәселелері әлі де өзекті мәселеге айналып отыр.
Ғылымбек МАЖИЕВ,
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің докторанты, дінтанушы
Пайдаланылған әдебиеттер
[1] J. Slomp, “Islam in the Netherlands,” Institute of Muslim Minority Affairs. Journal, vol. 7, no. 2, 1986, doi: 10.1080/13602008608716000.
[2] Pewresearch, “Muslim Population by Country.” Accessed: Dec. 12, 2023. [Online]. Available: https://www.pewresearch.org/religion/2011/01/27/table-muslim-population-by-country/
[3] statista.com, “Share of religious population of the Netherlands from 2010 to 2021.” Accessed: Dec. 12, 2023. [Online]. Available: https://www.statista.com/statistics/527782/population-of-the-netherlands-by-religion/
[4] N. Landman, “Muslims and Islamic Institutions in the Netherlands,” Institute of Muslim Minority Affairs. Journal, vol. 12, no. 2, 1991, doi: 10.1080/02666959108716215.
[5] L. P. van den Bosch, W. A. R. Shadid, and P. S. van Koningsveld, “Islam in Dutch Society: Current Developments and Future Prospects,” Numen, vol. 40, no. 2, 1993, doi: 10.2307/3270209.
[6] “THE POSITION OF MUSLIMS IN THE NETHERLANDS: FACTS… – Академия Google.” Accessed: Dec. 12, 2023. [Online]. Available: https://scholar.google.com/scholar?hl=ru&as_sdt=0%2C5&q=THE+POSITION+OF+MUSLIMS+IN+THE+NETHERLANDS%3A+FACTS+AND+FIGURES&btnG=#d=gs_cit&t=1702364406214&u=%2Fscholar%3Fq%3Dinfo%3ArRNZkxoYdjcJ%3Ascholar.google.com%2F%26output%3Dcite%26scirp%3D0%26hl%3Dru