Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек Испан елінде мұсылмандардың саны отыз жыл ішінде он есеге артқан. Қазіргі көрсеткіш бойынша 2,3 млн-ға жуықтап отыр. Мұндай үлкен көрсеткіш Испан еліне шолу жүргізіп, қалам тартуға жеткілікті түрде себеп бола алады.
Сонымен қатар, Испан еліндегі ислам дінінің мәдени мұрасы бай және тарихы терең. Бір қызығы, мұндай тарихи жәдігерлер осы күнге дейін сақталып испандық мәдениеттің бір бөлігіне айналған. Сондықтан испан еліндегі мұсылмандардың тыныс тіршілігіне, діни бірлестіктеріне және тарихи тамырына шолу жасау еуропадағы исламдық құндылықтарды жаңа қырынан көруге мүмкіндік береді.
Кордова ұлы мешіті (дереккөз traveltriangle.com) [1]
Кордова Ұлы мешіт (The great mosque of Cordoba) 785 жылы Кордова әмірлігінің және кейін Кордова халифатының негізін қалаушы Абд ар-Рахманның бұйрығымен салынған)
Мұсылмандардың Испанияға келу тарихы
Испания аумағына алғашқы мұсылмандардың қоныс тебуі VIII ғасырдан бастау алады. Деректерде Тариқ ибн Зиад 711 жылы қазіргі Ипанияның оңтүстік бөлігіне жеткені айтылады [2]. Тариқ бастаған қол Гвадалетте вестготтормен шайқасып жеңіске жетеді. Мұсылмандардың келуі вестготтардың бұл аумақтағы ықпалы әлсіреген кезімен тұспа-тұс келеді. Мұсылмандардың Пиреней түбегіне орналасуы мен жорықтардағы сәттілігіне жергілікті федолдар мен қарапайым бұқараның әсері бар. Мұсылмандар келгенге дейін шаруалар мен құлдарға дейін вестготтардың езгісінен шаршап, саяси және әлеуметтік шиеленіс күшейіп тұрды. Сол себепті, вестгот билеушісі Родерихқа қарсы шығып, мұсылмандар жағына өтушілер мұсылмандарлы одан әрі ықпалын арттырды. Кейінірек Умәйя әулетінің өкілі ’Абд ар-Рахман I (756-788) Андалус әмірлігін негізін қалады. 929 жылдан бастап Анжалус әмірлік емес халифат деген статусты иеленді. Халифалық билік 1031 жылға дейін созылды, ал, ХІ ғасырдан бастап қала-мемлекет типіндегі «мулук ат-тауа’иф» ретінде өмірін жалғастырды. ХV ғасырдың соңына қарай мұсылмандардың ықпалы әлсіреп, бұл аумақтағы билігін жоғалтты [3].
Қазіргі кездегі Испаниядағы мұсылмандардың басым бөлігі мароккалықтардан құралады. Испанияның бір бөлігі Африка құрлығымен шектеседі, оның ішінде мұсылман елі Мароккомен шекаралас орналасқан. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, отарлық саясат әлсіреген тұста марокколықтар негізінен Франция, Нидерланды, Бельгия және Германия сияқты елдерге қоныс аударған еді. Алайда, 1975 жылы Франко режимі құлатылғаннан кейін Испаниядағы мароккалықтардың саны арта түсті. Бұл өзгерісті Испания мен басқа оңтүстік еуропа елдерінің эмиграциядан иммиграциялық бағыттарға ауысуымен түсіндіруге болады. Әсіресе, басқа елдердің шекаралық бақылауды күшейтуі мен отбасыларды біріктіру процедураларын қиындатуы осыған айғақ болады. Испаниядағы Марокко мигранттарының саны 1968 жылы мен (1 мың) 1975 жылдың аралығында 8 мыңға (9 мың) дейін өсті. Ал, 1982 жылға қарай 26000-ға дейін артты. 1990 жылдары марокколықтардың саны 1990 жылы 59 000-нан 1998 жылы 200 000-ға дейін көтеріліп, 2005 жылға қарай 397 000-ға жетті. Осылайша, 1990 жылдан 1998 жылға дейін Марокко халқы 3,4 есе өсті, ал 1998 жылдан 2005 жылға дейін екі есе өсті [4].
2007 жылғы наурыздағы жағдай бойынша Испанияның иммиграция және эмиграция министрлігі 575 460 мароккалықты тұруға рұқсат мәртебесімен тіркеді. Хасан II Қорының (2003) есебінде 1980-2000 жылдар аралығында 25 533-ке жуық марокколықтар испан азаматтығын алғаны көрсетілген. Дегенмен, мигранттар тобының балаларын анықтауда бірқатар қиыншылықтар бар. Өйткені, Испания азаматтарына үйленген немесе тұрмысқа шыққандардың балалары Испанияның ресми статистикасында шетелдік азаматтар ретінде көрсетілмеген. 2007 жылдың наурыз айының соңына қарай Испанияның иммиграция және эмиграция министрлігі Әйелдердің Испаниядағы Марокко иммигранттар қауымдастығының 36,05% құрайтынын хабарлады. Яғни, көштің басымбөлігін ер адамдар құрайды. 2011 жылдарғы статистика бойынша 794 мың мароккалық санаққа ілініп, румындардан кейінгі екінші орындағы азшылық халықты құраған. 2022 жылғы көрсеткіш бойынша мароккалықтар 880 мыңға жуықтауда.
2022 жылғы статистика бойынша мұсылмандардың ұлттық құрамы бойынша көрсеткіші (Дереккөз statista.com) [5].
Мұсылмандық діни ұйымдар
20 ғасырдың аяғына арай Испанияда жегілікті халықтан және мигранттардан тұратын екі негізгі бағыттағы мұсылман ұйымдары құрылып, жұмыстарын бастады. Алғашқы бағыт бойынша 1967 жылы Испания мұсылмандар қауымдастығы» «Asociación Musulmana de España», 1989 жылы жергілікті ипандардықтардың өзі мұсылмандықты қабылдаған соң Испанияның исламдық діни қоғамдар федерациясын құрды. Екінші бағыт бойынша 1991 жылы 1960-1970 жылдары Таяу Шығыстан келген және Испания азаматы болған мамандар мен студенттер Ислам қоғамдарының одағын құрды. Кейінірек Испанияның исламдық діни қоғамдар федерациясы мен Ислам қоғамдарының одағы бірігіп, Испанияның Ислам комиссиясын құрды.
1989 жылы Испания исламды ресми түрде «елде тамыры терең дін» деп таныды. Бұл маңызды сәт болды, өйткені бұған дейін ислам негізінен жағымсыз жағынан қабылданған еді. 1992 жылы Испания билігі мен Ислам комиссиясы арасында Исламның Испанияның мәдени бірегейлігіндегі маңыздылығын мойындайтын келісімге қол қойылды. Осы Келісімге сәйкес мұсылман мешіттері мен ғибадат мекемелері салық жеңілдіктеріне ие болып, имамдарға әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысуға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар исламдық білім беру орталықтарын құруға да жол ашылды. Бұл келісім азшылық діни топтарға көрсетілген Еуропадағы ең жақсы келісімдердің бірі болып саналғанымен, оны жүзеге асыру негізінен жергілікті биліктің ұстанымына байланысты қағаз жүзінде ғана қалып қоятын сәттер де кездеседі [6]. Көптеген иммигрант мұсылман ұйымдары 1992 жылғы келісімнен тыс жұмыс істейді. Испанияның Ислам комиссиясы 150-ге жуық ресми тіркелген ұйымдарды ұсынғанымен, бейресми үрде 100-ге жуық бірлестіктер қызмет істейтінін айта кеткен жөн [6].
Испаниядағы мұсылмандардың қабылдануы
Испаниядағы иммигрант мұсылмандар мәдени және діни ерекшеліктеріне байланысты интеграцияда айтарлықтай қиындықтарына тап болды. Оның басты себебі ислам дәстүрін ұстанған ортадан дін әркімнің жеке ісі саналатын қоғам арасындағы айырмашылық. Алайда, көптеген мұсылмандар уақыт өте келе испандық қоғам мен әдеттерге бейімделе алды. 2008 жылғы зерттеуге сәйкес иммигрант мұсылмандардың 76%-ы Испаниядағы өмірді ұнататынын жеткізген. Олардың көпшілігі ел туралы жоғары пікірде: 87% Испанияда еркіндік бар деп санайды, 70% жоғары өмір сүру деңгейін атап өтті (2007 жылы бұл көрсеткіш 83% құрады), 75% испандықтарды тәртіпті деп және 68% мұнда иммигранттарға жақсы қарайды деп санайды [6].
Испанияның Еуроодақтың құрамына кіруі оның демократия мен толеранттылық дәстүрлерін нығайтты. Мысалы, испан заңдары мұсылмандарға кейбір ұлттық мерекелерді діни мерекелеріне ауыстыруға мүмкіндік береді. Испанияда қабылданған Көші-қон туралы заң елде бір жылдан астам уақыт тұратындар үшін отбасыларын біріктіруге құқық береді. Осы және басқа шаралар мигранттардың сәтті бейімделуіне ықпал етуде шешуші рөл атқаруда. Дегенмен, иммигранттарға деген жақсы қарым-қатынасқа қарамастан, мұсылмандар көбінесе жергілікті тұрғындар үшін қолайсыз немесе жалақысы төмен және уақытша жұмыстарға орналасуы жиі кездеседі. Бұл діни немесе этникалық тегіне қарамастан барлық азаматтар үшін мүмкіндіктердің теңдігін қамтамасыз ету үшін қосымша әлеуметтік мәселелердің шешімін қайта қарауды талап етеді.
Сондай-ақ, соңғы жылдары Испанияда исламофобиялық көңіл-күйдің өсуі байқалуда, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам белсенділері мұсылмандарға жағымсыз сипат беретін материалдарды таратуда орталық рөл атқарды. Зерттеуші Грация С. «Испаниядағы исламофобия» атты 2022 жылғы баяндамасында Испандық бұқаралық ақпарат құралдарында және басылымдарында исламофобиялық репортаждар санының өсімін атап өтеді. Мұндай арналар Испанияның Ортағасырлық тарихы мен араб шапқыншылығы басталуымен байланыстыруға тырысады. Олар қазіргі заманғы реконкиста «исламданудың» алдын алу үшін қажет болуы мүмкін деп болжап, испандық құндылықтарға төнетін қауіп туралы сенсация жасайды. Мұндай мәтіндер мен материалдар көбінесе жалған ақпаратпен қамтамасыз етіледі және кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Испаниядағы оқиғаларды бұрмалайды немесе асыра көрсетеді [7]. Өз кезегінде мұндай идеялар испан қоғамындағы толеранттылық құндылықтарға кері әсер етуі мүмкін. Сол себепті, жалған ақпараттарға негізделген исламофобиялық бағыттағы ақпараттармен жұмыс жүргізу басты мәселеге айналып отыр.
Қорытынды
Испания тарихының күрделі де ерекше кезеңі исламдық дәстүрмен тығыз байланысты. Кордоба Ұлы мешіті сияқты архитектуралық ғажайыптардан бастап Тариқ ибн Зияд пен Абд ар-Рахман I сияқты негізгі тарихи тұлғаларға дейін Испания мұсылмандарының терең тамыры мен мұрасын көрсетеді. Ал, бүгінгі таңдағы мұсылман халқының қайта көбеюі-Испанияның жаңа мәдени және әлеуметтік-саяси және діни ландшафтын қалыптастыруда.
Испаниядағы мұсылман діни ұйымдарының даму траекториясы елдің исламмен күрделі қатынасын сипаттайды. Бұл ұйымдар діни тәжірибені насихаттаумен қатар, Испанияда тарихи тамыры мен өзінің көпмәдениетті келбетін қалыптастыруға оң ықпал етуде. Алайда, жоғарыда айтап өткен мәселелер интеграция жолын таңдауда диалогтың, түсінудің және өзара сыйластықтың маңыздылығын көрсетеді.
Мұсылман иммигранттарының Испанияға көші мен бейімделуі көп қырлы құбылыс. Бір жағынан, мұсылмандар үшін испандық құндылықтарды, бостандық пен мүмкіндіктерді мойындау болса, ал екінші жағынан әлеуметтік – экономикалық және мәдени мәселелер. Исламофобиялық көңіл-күйдің өсуі және бұқаралық ақпарат құралдарының оларды жарияға жар салуы Испания үшін ғана емес, бүкіл әлемдегі либералды ұстаным мен демократия үшін проблемаға айналып отыр. Сондай-ақ, иммигранттардың құқықтары мен бүгінгі қажеттіліктері ретінде өзара келісімді қамтамасыз ету, ашық диалогты және толеранттылық пен ымырагершілік құндылықтарды дамытуды айта аламыз.
Мажиев Ғылымбек
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің докторанты, дінтанушы.
Пайдаланған әдебиеттер
- 10 Spanish Mosques: Impressive Historic Muslim Architectures [Electronic resource]. URL: https://traveltriangle.com/blog/spanish-mosques/ (accessed: 01.11.2023).
- Halverson J.R. The Tariq ibn Ziyad Master Narrative // Consort. Strateg. Commun. 2011.
- 2. Мусульманская Испания (VIII – XV вв) [Electronic resource]. URL: https://runivers.ru/doc/isl/index.php?SECTION_ID=270&IBLOCK_ID=43 (accessed: 01.11.2023).
- UN-INSTRAW. Moroccan Migration to Spain. 2007.
- Muslims in Spain by nationality 2022 | Statista [Electronic resource]. URL: https://www.statista.com/statistics/989902/muslims-in-spain-by-nationality/ (accessed: 01.11.2023).
- Мусульманская община в Испании: умеренные и радикалы – тема научной статьи по философии, этике, религиоведению читайте бесплатно текст научно-исследовательской работы в электронной библиотеке КиберЛенинка [Electronic resource]. URL: https://cyberleninka.ru/article/n/musulmanskaya-obschina-v-ispanii-umerennye-i-radikaly (accessed: 01.11.2023).
- GRACIA S., BOLAÑOS SOMOANO I. Islamophobia in Spain: national report 2022. Leopold Weiss Institute, 2023.