Дания патшалығы (Kongeriget Danmark) – Еуропаның солтүстігіндегі ел. Қазіргі кезде мұсылмандардың саны аса көп болмағанымен, өкінішке орай барша мұсылмандар үшін қасиетті Құранды өртеу акциясы әлемдегі баршы мұсылмандардың ашу ызасын тудырып ашық арандатушылық ретінде қабылданды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да Даниядағы қасиетті Құранды өртеу әрекеттерін қатаң айыптайды және қабылдамайды.
Осы орайда, аталмыш елдегі мұсылмандардың жағдайы мен діни ахуал жайлы қалам тарту орынды болар еді.
Мұсылмандардың қоныс тебу тарихы
Статистикалық деректерге сүйенсек ерте кезде, атап айтқанда 1880 жылы халық санағы бойынша мұсылмандардың саны сегіз адамнан тұрды. Алты әйел және екі ер адамды құраған. Алайда, мұсылмандардың Данияға негізгі көші 1960-жылдардан басталады. Сол кезде 2000-ға жуық мұсылман қоныс аударған. Себебі индустриялық өндірістің дамуы жаңа жұмыс күшін қажет етті. Осыған орай шет елдерден еңбек мигранттары келе бастады. Олардың қатарында Түркия, Марокко, Пәкістан сияқты елдердің азаматтары Даниядағы мұсылмандардың қатарын толықтырды [1].
Алайда, Данияда 1970-жылдары экономикалық дағдарыстың әсерінен Дания сыртқы миграцияны тоқтатуға тырысып, әртүрлі құқықтық құжаттар қабылдады. Дегенмен, 1974 жылы Данияда тұрақтап қалған мигранттарға өз отбасыларымен қауышуларына заңмен рұқсат етілді. Сәйкесінше, Данияда жұмыс істеп жүрген мұсылмандардың туыстары елге көшіп келуіне жол ашылды.
1980-жылдары Шығыс Еуропа мен кейбір мұсылман елдеріндегі қақтығыстар миграцияның жаңа толқынын қалыптастырды. Оның қатарында Югославие, Ауғаныстан және Ирак сияқты елдерден келушілер көбейді және Данияда шамамен мұсылмандардың саны 29400 адамға арта түсті. 2020 жылға қарай көрсеткіш жылдам артып, бұл сан 256000 мұсылманға дейін өсті және ел халқының 4,4% құрады [2]. Қазіргі кезде Даниядағы мұсылмандардың құрамы алуан түрлі алпыс ұлттан тұрады.
Мұсылмандық ұйымдар
Данияда әртүрлі мұсылмандық қауымдастықтар қызмет етеді. Дания үкіметі діни бірлестіктерді жыл сайын “Даниядағы танылған және рұқсат етілген діни бірлестіктер” атты тізіммен жариялайды (сілтемесі: https://www.andretrossamfund.dk/religionsfrihed-og-anerkendelse/trossamfundsregistret/liste-over-anerkendte-trossamfund-og-tilknyttede-menigheder). Мұнда келесі діни қауымдастықтар көрсетілген:
1) Дания Ислам діні қоғамы (Dansk Islamisk Trossamfund) – ресми сайты (http://ditsamfund.dk)
2) Дания мұсылмандар федерациясы (DMF) – ресми сайты (http://themwl.org/global/node/1186)
3) Дат Пәкістан мәдени қауымдастығы (Dansk Pakistansk Kulturforening)
4) Орталық Албан мешіті (Den Centrale Albanske Moske) және тағы басқа діни ұйымдар бар.
Діни қауымдастықтардың арасында ең үлкені (Dansk Tyrkisk Islamisk Stiftelse) – Дания Түрік Ислам Қоры. Ол коммерциялық емес азаматтық ұйым. Дания Түрік Ислам Қоры 1989 жылы 1 қаңтарда құрылған. Ұйым өзінің келесі мақсаттары мен қызметтерін ресми түрде атап көрсетеді: “Мұсылман түріктердің өздерінің діни міндеттерін лайықты түрде орындауы үшін қажетті нысандарды қорғау және дамыту. Данияда тұратын түрік-мұсылман халқының діни өмірін дамытуға мүмкіндіктер беру. Ислам туралы білгісі келетін адамдарға қажетті ақпарат пен бағыт-бағдар беру. Исламофобияға және кемсітушіліктің кез келген түріне қарсы тұру үшін дұрыс форматта жұмыс істеу. Даниядағы мұсылмандардың діни өміріне байланысты туындауы мүмкін сұрақтарға жауап табу. Даниядағы түрік мұсылмандарына мәдени және қоғамдық шараларда қолдау көрсету.” [3].
Сондай-ақ Данияда жекелеген орталықтар діни кеңес берумен айналысады. Соның бірі – Дания ислам кеңес беру орталығы (Center for Dansk Islamisk Rådgivning) 2021 жылдың қаңтарында құрылды. Орталық неке бойынша кеңес беру, отбасылық кеңес беру және психологиялық кеңес беру саласында қызмет көрсетеді. Дания исламдық кеңес беру орталығы өмірде қиын жағдайға тап болған жеке адамдарға, ерлі-зайыптыларға және отбасыларға көмек беруді мақсат етеді [4]. Данияда жалпы 100 ден астам мешіттер бар. Дания мешіттерінің ең соңғы және мұқият картографиясында шамамен 115 мешітті тізімделген. Олардың 105-сі сүнниттік, 10-ны шииттік мешіт.
Копенгаген үлкен мешіті ресми аты Хамад бен Халифа өркениетінің орталығы. Дереккөз: https://mosqpedia.org/en/mosque/1192
Мұсылмандардың интерграциясы
Даниядағы мұсылмандардың интерграциясы жайлы айтпас бұл елдегі мемлекеттің діндерге қатынасына тоқтала кеткен жөн. Өйткені, елдің діндерге қатынасы тұрғылықты діндар азаматтардың өміріне әсер ететін басты фактор. Данияда діни сенім бостандығы заңмен қорғалғанына қарамастан елде бір дінге басымдылық беріледі. Конституцияның 4-бабында “Евангелиялық лютеран шіркеуі-Данияның ресми шіркеуі, сондықтан оған мемлекет қолдау көрсетеді” делінсе, 6-бабында “Патша Евангелиялық лютеран шіркеуінің мүшесі болуы керек” деп көрсетілген [5]. Өз кезегінде бұл діни бірлестіктердің заң алдындағы теңдігі толық қамтамасыз етілмегенін байқатады. Сондай-ақ, шамамен халықтың 78%-на жуығы осы Евангел лютеран сенімін ұстанады. Ал, мұсылмандар елдегі азшылық бөлікті ғана қамтиды.
Мұсылмандардың интерграциясына тікелей әсері бар тағы бір назар аударарлық жайт 2014 жылы орын алды. 2014 жылдың 17 ақпанында Данияда жануарларды қорғаудың жаңа шаралары күшіне еніп, жануарларды халал жолмен союға тиым салынды. Өз кезегінде бұл мұсылмандар тарапынан қызу талқыға түсті. Сондай-ақ, “Данияда наразылық білдірушілер Ирактың Копенгагендегі елшілігінің алдында Құран кітабын өртеп жіберуі” діни мәселенің күрделі жағын күшейте түсті.
Аталмыш, факторлардың барлығы әлемдегі адам құқығын қорғайтын әртүрлі қауымдастықтардың назарын Данияға бұрылуына себеп болуда. Мысалы, 2022 жылдың 9 маусымындағы Еуропа Кеңесінің нәсілшілдік пен төзімсіздікке қарсы күрес жөніндегі комиссиясы (ECRN) “Дания билігін бірінші кезекте мұсылмандарға қарсы нәсілшілдік пен кемсітушіліктің алдын алуға баса назар аудара отырып, нәсілшілдікке қарсы ұлттық іс-қимыл жоспарын ұсынуға шақырады” [6].
Қорытынды
Қорытындылай келе, мұсылмандардың Данияға қоныс аудару тарихы экономикалық, саяси және әлеуметтік факторлардың әсерінен орын алғанын көрсетеді. Елдегі мұсылмандардың алғашқы саны 19 ғасырдың аяғындағы деректерде кездескеніне қарамастан, 1960 жылдары дамып келе жатқан өнеркәсіптік сектордағы жұмыс күшіне деген қажеттілікке байланысты көші-қон айтарлықтай артты. Шығыс Еуропадағы және халқының көпшілігі мұсылман кейбір елдердегі қақтығыстардың салдарынан туындаған көштің кейінгі толқындары мұсылмандардың біртіндеп өсуіне әкелді. 2020 жылғы көрсеткіш бойынша мұсылмандар Данияның жалпы халқының шамамен 4,4% құрады.
Әр түрлі мұсылман ұйымдарының құрылуы Даниядағы мұсылман қауымының алуан түрлі сипатын көрсетеді. Дания исламдық діни қоғамы және Дания мұсылман Федерациясы сияқты ұйымдар діни тәжірибені қолдауға, кеңес беруге және мұсылмандардың алдында тұрған діни және қоғамдық мәселелерді шешуге тырысады. Елде 100-ден астам мешіттің болуы мұсылмандардың өз сенімін қорғауға және рухани құндылықтарын сақтауға деген белсенділігі мен табандылығын дәйектейді.
Даниядағы мұсылмандардың интеграциясына елдің Ұлттық шіркеуге артықшылық пен ерекше мәртебе беруі мен азшылық діндерге ешқандай жеңілдіктің болмауы әсер етті. Сонымен қатар, 2014 жылы орын алған халал мал союға тыйым салу және 2023 жылы Қасиетті Құранды өртеу сияқты нақты оқиғалар Дания қоғамында діни бостандықтар мен мәдени төзімділік туралы дау тудырды. Бұл факторлар халықаралық қоғамдастықтың назарын аударды және Дания үкіметінің алдына нәсілшілдік пен кемсітушілік мәселелерімен, әсіресе мұсылмандарға қатысты мәселелермен айналысудың қажеттілігін нақтылай түсті.
Ғылымбек МАЖИЕВ,
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің докторанты
Әдебиеттер
- Jensen T. Islam and Muslims in Denmark. An introduction // ILU Rev. Cienc. Las Relig. Anejos Anejo XXI. 2007. P. 107–138.
- Petersen J. Muslims in Denmark // The Making of a Mosque with Female Imams. Brill, 2022. P. 30–37.
- Dansk Tyrkisk Islamisk Stiftelse [Electronic resource]. URL: https://cenaze.diyanet.dk/da/interessenter/danimarka-turk-diyanet-vakfi (accessed: 31.08.2023).
- Center for Dansk Islamisk Rådgivning [Electronic resource]. URL: (accessed: 31.08.2023).
- Constitution of the Kingdom of Denmark (No. 16 of 1953). | FAOLEX [Electronic resource]. URL: https://www.fao.org/faolex/results/details/en/c/LEX-FAOC127862/ (accessed: 31.08.2023).
- Denmark should address discrimination of Muslims and avoid evictions of families with a migration background in the neighbourhoods referred to as “parallel society” – European Commission against Racism and Intolerance (ECRI) – www.coe.int [Electronic resource] // European Commission against Racism and Intolerance (ECRI). URL: https://www.coe.int/en/web/european-commission-against-racism-and-intolerance/-/denmark-should-address-discrimination-of-muslims-and-avoid-evictions-of-families-with-a-migration-background-in-the-neighbourhoods-referred-to-as-para (accessed: 30.08.2023).